Сырлыкүл САТТАРХАНОВА: «АДАМ БІРІНШІ ЖАҚСЫ АТА-АНА БОЛА БІЛУ КЕРЕК»

0
117

«Алып анадан туады» дейді дана халқымыз. Дәрігерлер рұқсат бермесе де, Бекзаттай батыр ұлды дүниеге әкелген алтын құрсақты ана Сырлыкүл Саттарханованы ел-жұрт жақсы біледі. Олимп шыңын бағындырып, Қазақстан қоржынына бокс тарихындағы тұңғыш алтынды салған біртуар азамат тірі болғанда сәуірдің 4-і күні 42 жасқа толар еді. Отыз жылын елге қызметке арнаған аяулы жар, асыл ана, ардақты әженің өмір жолы мен Бекзат Саттархановтың жарқын бейнесі жайлы Сырлыкүл апайымыздың әсерлі әңгіме, өнегелі өсиетін өз аузынан тыңдап, сұхбат жасаған едік.

– Сырлыкүл апай, алдымен өзіңіздің өмір жолыңызға сапар шегіп қайтсақ. Жастық шағыңыз, Сейілхан ағамызбен қалай шаңырақ құрғаныңыз жайлы айтып берсеңіз…

– Мен 1950 жылы 3 шілдеде қазіргі Жалаңтөс ауылында дүниеге келдім. 8 жылдық мектепті бітіріп, 1965 жылы медучилищеге оқуға түсіп, тәмамдап, он сегіз жасымнан бастап еңбекке араласып, медпункт меңгерушісі болдым. Он сегіз жасымнан талай сәбидің кіндік шешесі болдым. 1970 жылы жолдасым Сейілхан Саттархановпен отау құрдық. Отыз жыл елге қызмет істеп, 1996 жылы зейнеткерлікке шықтым.

Құдайға шүкір, төрт ұлым болды, төртіншісі – олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов. Негізі менің өмір жолым қызу еңбекпен өтті. Алдыңа жылаған сәбилер, ауру адам келгенде жүрегің езіледі, көмегім тисе екен деп құрақ ұшасың. «Ауруына шипа іздеген жанға қайтсем көмектесемін» деген ниетпен халыққа қызмет еттік.

Біз Сейілхан ағаң екеуміз берекелі шаңырағымызда елу жыл бірге өмір сүрдік. Үш баламыз, шүкір, елге еңбек етіп жүр. Ал кенже ұлымыз қазақ еліне де, әлемге де белгілі Бекзаттың атын әкесі қойған. Менің өмір тарихымдағы жүрегімді қуанышқа кенелтетін керемет уақыттар осы ұлдармен байланысты деп ойлаймын. Өйткені бала – отбасының берекесі, қуанышы, мақтанышы ғой. Әттең-ай дейміз, негізі екі ұлдан соң маған дәрігерлер бала босануға рұқсат бермеді. Бірақ кейінгі екі ұлым Мақсат пен Бекзатты «ұрланып» жүріп дүниеге әкеліп, өз өмірімді балаларға айырбастаған анамын. «Баламды алдыруға, тағы басқасына рұқсат бермеймін, осы баланы босанамын және соған ризамын» деп жазған қағазым бар болатын үлкен карточкада. Міне, солай төрт ұл тәрбиелеген ата-анамыз. Бала тәрбиесінде көбінде ананың ролі зор. Өйткені ұл-қызымен көп уақыт өткізіп, қасында болатын, олардың арман-мақсатын танитын аналар. Ер кісі түздің адамы ғой.

 

– Сіздердің шаңырақ құрған уақыттарыңыз алмағайып заманға тап келді ғой. Сол кездің қиындығына қалай қарсы тұрдыңыздар? Жетіспеушілік, дағдарыс дегендерден батыр ұлдарды жетілдіріп шығару оңайға түспеген шығар.

– Біздің уақытта қиындық көп еді. Қазір айтсаң, ертегі секілді естілуі мүмкін. Сейілхан ағаң екеуміз қосылғанда табатын айлығымыз азғантай-ақ теңге болатын. Қатты жоқшылық қысқан уақыттар да кездесті, рас. Өмір болған соң бәрі болады емес пе? Егер ерлі-зайыпты тіл табысатын болса, қиындықтың өзі жеңіледі. Біз жолдасым екеуміз кішкентайымыздан бірге өстік. Бір сыныпта оқып, медколледжге бірге оқуға түстік, жұмысымыз да бірге болды. Бір-бірімізді түсіндік. Қанағат болды. Тәрбиенің орны да ерекше. Бала кезден отбасымыздан берекелі өмір көріп өстік, мұның да әсері болды ғой деймін. Әйтеуір ауыр кезеңдердің бәрін екеулеп жүріп бірге көтердік. Балаларымыз да біреуден кем болып өсті деп айта алмаймын. Бекзаттың бапкерлердің көзіне түсіп, талантты спортшы болғаны отбасындағы түсіністік, бірліктің арқасында шығар деп ойлаймын.

 

– Бесікте жатқан Бекзатқа қарап оны Олимпиада чемпионы болса деп армандапсыз. Бұл арманның тууына не себеп болды? Бекзат ағамыздың аталары балуан болғанын, өзіңіздің де жеңіл атлетикаға бейім болғаныңызды естідік. Осының бәрі талантты боксшының спортқа деген талабын шыңдаған болар?

– Біздің кезіміздегі мектеп керемет еді ғой. Интернет, телефон жоқ болатын. Қай нәрсеге икеміңіз бар болса, мұғалімдер алып кетіп үйірмеге қатыстыратын. Иә, Сейілхан да, мен де спорт үйірмелеріне қатыстық. Мен жеңіл атлетикаға жақын болдым, мектепте бәрі мені желаяқ деп атап жүрді. Әкем қыз баланың спортпен айналысқанын жақтырмайтын, бірақ мұғалімдер мені сұрап алып, жарыстарға қатыстыратын. Сөйтіп, 8-сыныпты бітірер жылы облыстық жарыста бірінші орын алдым. Қыз балада спортты алып жүретін мақсат болмайды ғой көп жағдайда, сөйтіп, медучилищеге келдік. Волейболға да қатыстым сол кездері, сосын бойжетіп кеттік те, бәрін тастап оқу мен жұмысқа кірістік. Сейілхан ағаң да спортты өте қатты жақсы көрді. Боксқа, жеңіл атлетикаға қатысты. Кеңес заманында үйімізде қорап-қорап спорттық газет-журналдар тұратын. Бізді көріп, сол газет тігінділерін оқып өскен балаларымыз да спортқа бейім болды. Аталарымыз да балуан болған адамдар.

 

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген керемет сөз бар. Бекзат ағамызға дейін өмірге келген перзенттеріңіз де елге белгілі тұлғалар ғой. Балаларыңыздың бір-біріне жанашыр, қамқор боп өсуіне не ықпал етті деп ойлайсыз? Әр отбасының өзіндік сыры, дәстүрі бар. Отбасылық ұстанымдарыңыз туралы айтып берсеңіз, ұрпаққа үлгі болсын.

– Иә, отбасымызда өз ұстанымдарымыз болды. Қазір қарап отырсам, көп нәрсеге қарным ашады. Балалар қараусыз қалып жатыр. Ата-аналар таңертең жұмысқа кетеді, кешке келеді. Сол аралықта балалар уақытылы тамақ ішті ме, бос уақытын қалай өткізіп жатыр деген есеп жоқ қой. Ал біздің уақытымызда сондай есеп болды. Өз басым азанда тұрғаннан ұлдарымның күнделікті тамағын беріп, түсте өзім тамақтанбасам да солардың түстенгенін көзіммен көріп, соған риза болатын едім. Үлкен екі баламыз күреске қатысып, жаттығуларына барып жүретін. Ағайынды Саттархановтар боп танылды халыққа. Сол уақытта газеттерге шығып, біраз биіктерді бағындырып еді. Одан кейінгі ұлымыз Мақсат бокспен айналысып, үлкен турнирлерде жеңімпаз боп жүрді. Осының бәріне жету үшін бірінші жақсы тәрбие керек. Сосын біздің үйде қыз бала болмағандықтан, өзім азанда жұмысқа кеткенде ыдыс жуу керек болады немесе кір жуу керек болады. Осыны ұлдар өздері істеп өсті. Балаларымды еңбекке, тазалыққа дағдыландырып өсірдім. Тіпті күн сайын кезекшілік қойып, үй тазалау, сырттың жұмыстарын реттеу дегендей шаруаларды бөліп беретін едім. Қыз бала болмаса да, осылай әрқайсы бір-біріне қолғабыс етіп ер жетті.

 

– «Баласы атқа қонса, анасы үйде тақымын қысады» ғой. Бекзат ағамызды сын сағаттарда қалай жігерлендіргеніңізді айтып беріңізші.

– Жарыс болған соң бірде жеңіс, бірде жеңіліс болады ғой. Кейде бұрмалаушылық та кездесіп жатады. Қазақстан біріншіліктерінде өзінен жасы да, атағы да үлкен ағаларын алдына шығарып, Бекзатты бір саты төменге ысырып қояды екен. Соған Бекзатым қатты ренжіп келетін, бірақ қай жарыстан болсын жүлдесіз оралған емес. Ол уақытта телефон деген жоқ. Баламыздың кеткенін білеміз, қашан келетінін білмейміз. Бекзат келсе үйде кішігірім той болады. Жарыстан жеңіліп келгенде көңілі түсіңкі болса, есіктен кіре «ой, балам, мазаң жоқ қой?» деп әдейі сұраймын, сол кезде өкпе-ренішін айтып тастайды. Жанында отырып біраз қайрайтын сөздер айтатын ем. Сондағы қолдап, жұбататын сөздерім ұлыма жігер береді екен. Кейін есейгенде өз-өзіне қолдау білдіріп отыратын болды. Жеңіліп қалса да жасымай, менің бұрын айтқан ақылдарымды қайталап, рухты, намысшыл боп өсті. Өкінішке орай, Бекзатымызға небәрі жиырма ғана жыл ғұмыр беріпті. Бес жылдың ішінде ол бокстың барлық қыр-сырын меңгеріп, алдағы мақсатына ғана өмірін арнады. Осындай жетістіктерге жету үшін әуелі жақындардың жәрдемі керек деп ойлаймын. Біздің, ата-ананың бір ауыз жақсы әңгімесі, қолдауы балалардың жанына ем ғой.

 

– Бекзат ағамызды қандай қиындықпен дүниеге әкелгеніңізді айтып өттіңіз. Сол кезден-ақ батыр ағамыздың айрықша адам екенін ішіңіз сезген болар?

– Ерекшелігі сол кезде-ақ байқалатын. Бірақ мінезі жібектей жұмсақ еді. Рингтегі оның реңі мен күнделікті өмірдегі сәттерін қарасаңыз, ол баланы боксшы деп айта алмайсыз. Ашулануды, біреуге дөрекі сөйлеуді білмейтін, жымиып қана жүретін иманды, ақылды, алғыр бала болды. Қанша шаршаса да қабағын шытып қарамайтын адам баласына. Бекзаттан басқа мамандық иесі шығатын шығар деп ойлайтынмын. Бір қызығы, 2-3 жасар шағында балабақшаға жетектеп бара жатсам, орыс ағайындардың ауласында өсіп тұрған гүлдерді көріп, соны үзіп алып бермейінше жүрмей тұрып алатын. Гүлге қатты құмар еді. Сол мінезінен, сол тәрбиесінен айнымады еш уақытта. Мектебінде ағайынды екі бала болды, бірі Бекзатпен сыныптас, екіншісі бірі жас үлкен. Әке-шешесі жоқ балалар екен, дене тәрбиесі сабағында спорттық киімдері болмағасын мүғалімдері ұрысатын көрінеді. Ұлым үйге келіп, «мама, ағаларымның сыймай қалған киімдері болса соларға берейікші. Киім әперетін әке-шешесі жоқ қой. Ал апай-ағайлар оларға ұрыса береді» деп жүрегі езіліп тұр. Сол кезде 4-сыныпта оқитын. Ол уақытта спорт дүкендері жоқ, жалпы дүкендер ғана бар. Содан мен келісіп, екі баланы ертіп кел деп тапсырдым. Дүкенге апарып әлгі балаларға киім алып беріп, Бекзатқа «саған не әперейін?» десем, бұрыштағы допқа қызығып, алғысы кеп тұр екен. Қызыққан добына қолы жетіп, ана жетім балаларға киім алып бергенімдегі баламның қуанышы әлі көз алдымнан кетпейді. Өзі киінгендей бақытты боп тұрды. Осындай сәттерден оның өзгеше бала екенін бірден байқайтынмын. Мектепте де жаман аты шықпады. Жақсы балаларды, әсіресе, мінезі өзіне ұқсас, тәрбиесі де жақсы жігіттерді жанына жақын тұтатын. Бүгінде сол достарының бәрі халықтың қалаулы азаматтарына айналды.

 

– Бекзат ағамызға талай қыздар ғашық болғанын білеміз. Осы орайда, келіндеріңізді өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде ұлдарыңыздың таңдауы болды ма деген сұрақ туып тұр.

– Жоқ. Біз Сейілхан ағаң екеуіміз өзіміз таңдап, өзіміз шешім қабылдап шаңырақ құрдық қой. Сол секілді біз де ұлдарымыздың ешқайсына үстемдік жасамадық. Мен отау құру жағын жастардың өз таңдауына берсек бір-біріне жауапкершілікпен қарап, бір-бірін түсіне, кешіре, сезіне алады деген пікірдемін. Сондықтан да мен ол жағына араласпадым. Өздері тәуір көрген қыздарын алып келді, ешқайсысы жаман болмады. Құдайға шүкір, бүгінде он немерем, алты шөберем бар. Немерелерім де мектепті озат оқып, жақсы жұмыс істеп жүр.

 

– Өзіңіздің келіндік өміріңіз бен қазіргі келіндеріңіздің өмірінен қандай айырмашылықтарды байқайсыз?

– Өте көп айырмашылық бар. Қазір біздің уақыттағы келіндік өмірді айтсам, ертегі айтып отырғандай боламыз ғой(күлді). Қазір бәрі дайын. Бір түймесін бассаң болды, кір жуылып, тамақ жасалып, жылу қосылып тұрады. Барлығы оңай дейміз біз, бірақ сонда да қазіргі келіндерге оңай емес, өз қиындығы бар, уақыт жетпейді. Ал енді біздің уақытты айтып берейін. Біздің уақытта азанда тұрғаннан бастап шаруамыз шаш етектен болатын. Ерте тұрып бау-бақшаға барлық жеміс, көкөністерді егетінмін. Базардан ештеңе сатып алмай, қол өнімдерін пайдаланып, бәріне үлгеріп жүретін едім. Ол жылдарда қазіргідей бәрі қолжетімді емес еді. Одан қала берді жұмыс пен балаларға қараймын. Сөйтіп, кіріміз де жуылып, бақшамыз да көктеп, жұмысқа да, балалардың сабағына да қарайлап үлгеріп жататынбыз. Қарап отырсаңыз ауыр қол еңбегі ғой бәрі. Бірақ сол ауырлықты тіпті сезінбейтін де едік. Ал қазір жаңағы айтқандай, бәрі дайын. Бірақ уақыт жетпейді. Заманына қарай қазіргі келіндердің майда-шүйдесі көп. Келіндер тойға баратын болса уақыттарының бәрін шашын жөндеуге, бетін бояуға жібереді. Қол еңбегін көп істемесе де, шаршаңқы. «Неге?» деген сұрақ туады осы жерде. Оған себеп – заман мен уақыт. Экология да, ауа райы да өзгеріп кетті. Небір сұмдықтарды да көріп жатырмыз. Мысалы, бұрын СПИД деген ауруды оқығанымыз болмаса, білмейтін едік. Қазір соның бәрі келіп жатыр, тіпті мынау КОВИД деген ауруды да көрдік, балам. Келіндердің, жалпы адамдардың шаршап жүретіні содан шығар деп ойлаймын. Тіпті «неге артықтау жұмыс жасамайсың?» деп келіндеріме айтуға да ұяламын. Керісінше, келіндеріме шайын қойып, тамағын дайындап қолғабыс боп жүремін. Қазіргі енелер «келін бәрін білу керек» дейді де, оларға көп жүк артып, сынап жатады. Меніңше, аналар келіннің кем-кетік тұстарын өздері үйретіп, баулып отыруы керек.

 

– Құдайға шүкір, немере, шөбере сүйіп отырған сүйікті әжесіз. Бала тәрбиесіне қатысты қандай ақыл-кеңестермен бөлісер едіңіз?

– Қазақта үлкен кісілерге «ардақты қария боп қартай» деген тілек айтылады. Жақсы ұрпақ тәрбиелеп, асыл ана, ардақты әже болу үшін мен де жастарға өсиет, тағылым айтып жүремін. Теледидардан небір жаман хабарларды көріп, қорқып отырамын. Қыздарымыз, ұлдарымыз шет жақта оқып жүргеннен соң, ақыл қосып, жақсы мен жаманды, арам мен адалды айыра алсын деп, келіндеріме де кеңес беремін. Жастарға айтарым, адам бірінші жақсы ата-ана бола білу керек. Құдай перзент сүйдіргеннен соң олардың болашағына, жағдайына қарау керек әрі соған міндеттіміз. Бала шаңырақта нені көріп өссе, өміріне соны азық етіп, солай тәрбиеленеді. Бастысы, аналар ақылды болса, перзенттерін жылатпаса екен.

 

– «Адамға адам, сөзге сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады» деген қанатты сөз бар. Тағылымды, парасатты әңгімелеріңіз талай адамның санасына жарық түсіретініне сенімдімін. Сұхбатымыздың соңын елге айтар ізгі тілегіңізбен аяқтасақ…

– Заман өзгеріп жатыр. Дәл қазірдің өзінде Кеңес Одағы кезінде бауырлас болған, бір құшақта өскен Украина арандатудың кесірінен қаншама зардап шегіп жатыр. Сондайдан сақтасын, бетін аулақ қылсын деп тілеймін. Ең бірінші амандықта, шаңырақтарыңыз шайқалмай өмір сүруді бұйыртсын дегім келеді. Күні кеше ғана Президентіміздің қандай керемет жолдауы болды. Жақсы әңгімелер айтылды. Қас қақпай тыңдадық. Халық болмаса, біз болмасақ, президенттің де қолынан ештеңе келмейді ғой. Сондықтан көңіліне қонып жатса, сол кісінің айтқанына сеніп, тіршілік жасап, халық та тыныш, бейбіт өмірді сақтаса деп армандаймын. Еліміз аман болсын, өсіп-өне берейік!

– Сұхбатыңызға көп рақмет, Сырлыкүл апай!

Әңгімелескен:

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Leave a reply