ТҮРКІСТАНДА ДЕПУТАТТАР АРАСЫНДАҒЫ КІШІ ФУТБОЛДАН ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

0
48
Түркістан қаласында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары арасында кіші футболдан облыстық чемпионат өтті. Доп додасына өңірдің аудан, қала мәслихаттарынан құралған 18 команда қатысып, тартысты бәсеке өрбіді.
Жарыстың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов қатысып, спортқа бейім, белсенді депутаттарды құттықтады. Өңір басшысы салауатты өмір салтын насихаттап, бірлікті арттыруда мұндай іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұл чемпионат – тек спорттық жарыс емес, депутаттар арасындағы ынтымақ пен достықты нығайтатын маңызды алаң. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағытта облысымызда спорт инфрақұрылымы жаңарып, жаңа нысандар ашылуда. Түркістан спортының дамуы – ел дамуының айғағы, – деді Нұралхан Көшеров.
Жарыс нәтижесінде:
🥇 1-орынды – Түркістан облысы командасы,
🥈 2-орынды – Төлеби ауданы командасы,
🥉 3-орынды – Түркістан қаласы командасы,
ал 4-орынды – Арыс қаласы командасы иеленді.
Жеңімпаз командаға 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Сондай-ақ жүлдегерлер мен үздік ойыншылар арнайы марапаттармен және алғыс хаттармен ынталандырылды.
Тартысты өткен дода Түркістан облысы депутаттарының спорттағы ұйымшылдығы мен достығын айқын көрсетті.

Leave a reply