Қазақстан Республикасындағы сайлау органдарының құрылымы және олардың қалыптастыру қағидаттары

0
130

Сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасында сайлауды дайындау мен өткізуді ұйымдастыратын мемлекеттік сайлау органдары болып табылады. Сайлау комиссияларының өкілеттіктерінің мерзімі 5 жылды құрайды.

Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесін:

– Республиканың Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі – Ортсайлауком);

– aумақтық сайлау комиссиялары;

– округтік сайлау комиссиялары;

– учаскелік сайлау комиссиялары құрайды.

 

Ортсайлауком Республиканың сайлау комиссияларының біртұтас жүйесін басқарады және тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Оған депутаттарға жазалау шараларын, депутаттық әдеп ережелерін қолдануға, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға және оларды өкілеттігінен және депутаттың дербес құқығынан айыруға байланысты мәселелерді дайындау жүктелген.

Қазақстан Республикасының Президенті Ортсайлаукомның Төрағасы мен екі мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды, Парламент палаталарының әрқайсысы, басқа палатаның қатысуынсыз, Ортсайлаукомның екі мүшесін бес жыл мерзіміне тағайындайды. Ортсайлауком Төрағасының орынбасары мен хатшысы комиссияның отырысында сайланады.

Орталық сайлау комиссиясының өз аппараты бар. Ортсайлаукомның қарамағында функцияларына аумақтық сайлау комиссияларының ұйымдастырушылық қызметіне жәрдемдесу және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін, интернет-ресурсты жасау, дамыту, енгізу, сүйемелдеу, әкімшілендіру, пайдалану және жүйелік-техникалық қызмет көрсету, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлігіндегі оның сайлау қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру, үйлестіру және қамтамасыз ету, сайлауды ұйымдастырушылар мен сайлау процесіне басқа да қатысушыларды оқуты кіретін ведомстволық ұйымдар бар.

Орталық сайлау комиссиясын және оның аппаратын ұстауға шығыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

 

Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттармен сайланады.

Әрбір саяси партия тиісті сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатты ғана ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына аталған саяси партияныі мүшесі болып табылмайтын кандидатураны ұсынуға құқылы.

Мәслихат белгілеген мерзімде саяси партиялардың ұсыныстары түспеген жағдайда, мәслихаттар сайлау комиссиясын басқа қоғамдық бірлестіктердің және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайды.

Жоғары тұрған сайлау комиссиясы қажет болған жағдайда сайлау туралы заңда белгіленген тәртіппен сайлау комиссиясының құрамын қалыптастыратын орган сайлау комиссиясының мүшесін сайлағанға дейін бос орынға сайлау комиссиясының мүшесін тағайындайды.

Сайлау комиссияларының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлау науқанын даярлау және өткізу кезеңіне тиісті сайлау комиссиясына сайлау тағайындалған немесе жарияланған күннен бастап он күннен кешіктірмей өз өкілін кеңесші дауыс құқығымен жіберуге құқылы.

 

Қазақстан Республикасының сайлау органдарының

 

негізгі өкілеттіктері

 

Орталық сайлау комиссиясы:

· Республиканың аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады; олардың бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етедi; өзiнiң құзыретi шегiнде бүкiл Республика аумағында мiндеттi шешiмдер қабылдайды;

· Президент пен Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауын әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастырады; Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткiзуге басшылық етедi;

· мәслихаттар, әкімдер мен өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткiзу кезiнде аумақтық сайлау комиссияларына әдiстемелiк басшылықты және олардың қызметiнің сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады;

Аумақтық сайлау комиссиясы:

· әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады;

· Президенттi, Парламенттiң және мәслихаттардың депутаттарын, әкімдерді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi қамтамасыз етедi;

· төменгi тұрған аумақтық, округтік және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне басшылық етедi;

· сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтердің өзектілігі мен анықтығын, дауыс беруге арналған сайлаушылар тізімдерінің уақтылы әрі дұрыс жасалуын және олардың барша жұрттың танысуы үшін ұсынылуын бақылайды;

· Сенат депутаттары сайлауын өткiзудi қамтамасыз етедi:

· әкімдерді сайлауды, шығып қалғандардың орнына әкімдерді сайлауды тағайындайды және өткізуді ұйымдастырады;

· шығып қалғандардың орнына сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауды тағайындайды;

· мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды, қайта сайлауды және шығып қалған мүшелерiнiң орнына сайлауды тағайындайды және ұйымдастырады;

· сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады; сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастырады және өткізеді; саяси партиялардың өкiлдерiмен және сайлау процесіне басқа да қатысушылармен сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөнiнде семинарлар өткiзедi.

Округтік сайлау комиссиясы:

· тиісті сайлау округінің аумағында сайлау туралы заңнаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

· бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауды өткізуді ұйымдастырады;

· бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын қайта сайлауды және шығып қалғандардың орнына сайлауды өткізеді;

· учаскелік сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастырады және үйлестіреді;

· жоғары тұрған сайлау комиссиясына сайлау округі бойынша дауыс беру нәтижелерін беруді қамтамасыз етеді.

Учаскелiк сайлау комиссиясы:

· сайлау учаскесiнде Президенттi, Парламент Мәжiлiсiнiң, мәслихаттардың депутаттарын, әкімді және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiндегi сайлау шараларын жүргiзедi;

· учаскелiк комиссияның орналасқан жерi туралы сайлаушыларды хабарландырады;

· тиiстi сайлау учаскесiнде сайлаушылардың тiзiмiн нақтылайды;

· азаматтарды сайлаушылардың тiзiмiмен таныстырады, тiзiмдердегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;

· мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдайды;

· сайлаушыларды дауыс беру күнi, уақыты және орны туралы хабарландырады;

· дауыс беруге арналған үй-жай дайындайды, кабиналар мен жәшiктердiң болуын қамтамасыз етедi;

· сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырады;

· дауыс санауды жүргiзедi және учаскедегi дауыс беру нәтижелерiн анықтайды;

· дауыс берудi әзiрлеу мен ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешiмдер қабылдайды;

 

· сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады; сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастырады және өткізеді; саяси партиялардың өкiлдерiмен және сайлау процесіне басқа да қатысушылармен сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөнiнде семинарлар өткiзедi.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы

Leave a reply