ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА

0
106

Жол жөндеу мамандары бүгінде Түркістан қаласындағы жалпы ұзындығы 3,8 шақырым Ә.Жангелдин көшесін жөндеуге кірісіп кетті. Яғни, «КХ-84 Түркістан-Балтакөл трассасы мен Б.Майлин көшесінің аралығындағы Жангелдин көшесінің бойындағы автожолды реконструкциялау» нысанында қазіргі таңда қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан қаласы Ә.Жангелдин көшесі Отырар ауданынан кіре беріс бағытта орналасқан, Қызылорда бағытына тікелей шығуға болатын жол болып табылады. Қызылорда бағытын Отырар ауданына тікелей қосатын автокөлік жолы болып саналады. Ә.Жангелдин көшесімен көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз жүруін қамтамасыз ететін жағдайда күтіп ұсталуы үшін және жол жағдайларына байланысты жол көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында, реконструкциялау жұмыстарын жүргізу облыстық бюджеттен трансферт арқылы қаржыландырылуда.

Түркістан қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сәйкес, автокөліктер легінің көп жүретін қаланың ішкі негізгі көшелерінің бірі болып саналатын Түркістан қаласы Ә.Жангелдин көшесіне қайта құру жұмыстары жүргізілсе көлік қозғалысы реттеледі және жол көлік оқиғасы азаяды деп күтілуде.

Ұзындығы 3,8 шақырым көшенің қазіргі таңда, 2,7 шақырымына жобаға сәйкес жол негізі әзірленіп, 2 қабат асфальт жабындысы төселді. Қалған аумағына мердігер тарапынан толығымен суағар науалар орнату, аяқ жол мен вело жолдар жиектастарын орнату, жол негізін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Амандық болса, құрылыс 2023 жылдың соңына дейін іске асырылады деп болжануда.

Айта кетейік, автожолды реконструкциялау жұмыстарына тапсырыс беруші Түркістан қаласы әкімдігінің «ЖК және АЖ бөлімі» мемлекеттік мекемесі; мердігер «Отау-Строй» ЖШС; авторлық қадағалаушы «СК РАОЛ» ЖШС; техникалық қадағалаушы «КазСтройИнжиниринг» ЖШС.

Жолдың ұзындығы – 3,8 шақырым. Санаты – жалпықалалық магистралды 4 жолақты жол. Жоба құны – 3 064,2 млн.тг. Игерілгені – 1 161,5 млн.тг. Қажетті қаржы – 1 902,6 млн.тг.

Қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің жауапты мамандары аталған нысандардың құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын, сапасын қадағалау мақсатында мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы мекемелердің басшылары мен жауапты мамандардың қатысуымен аталған жұмыстарды жиі аралап, тиісінше және уақытылы орындалуын жіті қадағалауда.

Атқарылып жатқан жұмыстармен танысу барысында тұрғындардың пікірін білудің де сәті түсті.

Әділхан Баймаханов, Ә.Жангелдин көшесінің тұрғыны: «Шыны керек, қалада жаппай құрылыс жұмыстары басталғанда, «Жаңа қала» деп аталып кеткен аймаққа көбірек көңіл бөліп, біздің мынау ескілеу саналатын көшелеріміз ұмыт болып немесе жөндеу жұмыстары кейінге шегеріле бере ме екен деген үрей болғаны рас. Сөйтсек, олай емес, біздің ескі көшелерімізге де жөндеу жүргізіліп, жарық қосылып, тұрғындардың қуанып жатқан жайы бар. Соның бірі өзіміз тұратын Ә.Жангелдин көшесіндегі өзгерістер. Негізі көшеміз Балтакөл трассасымен жалғасқаннан кейін бұл жолдан жүк көліктері де зулап өтетіні белгілі. Тіпті жолдың арғы бетіндегі дүкенге кейде балаларды жұмсауға қорқамыз. Енді, міне, автожолды реконструкциялау басталып, аяқ жол мен вело жол жиектастарының орнатылғанын көріп жүргеннен кейін күпті көңіліміз де орнына түскендей болды. Бұл дегеніміз жүргіншілердің қауіпсіз жүруі қамтамасыз етілуде. Ал енді 4 жолақты кең автожолдар салынса бұл ең қажетті жұмыстардың бірінің бітіп жатқаны дер едім».

 

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

 

 

Leave a reply