ТҮРКІСТАН ТҮЛЕП КЕЛЕДІ
Түркістан – күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен. Осыдан бес жыл бұрын, тәуелсіз еліміздің рухани астанаға бет бұруын көпшілік жақсылыққа жорыған болатын. 2018 жылдың 19 маусымында жаңадан Түркістан облысы құрылып, қалаға облыс орталығы статусы берілді. Бұл тарихи шешім өңірге жаңа серпін беріп, жан-жақты даму мүмкіндіктеріне жол ашты. Аз ғана уақыт ішінде рухани орда келбеті өзгеріп, облыс орталығы түлеп, жаңаша кейіпке еніп үлгерді. Тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жүздеген нысан бой көтерді. Әрине бұл жаңалық бірлігін тірлігімен бекемдеп, ынтымағын ырысымен арттырған, табысын маңдай терімен молайтқан түркістандықтардың қуанышын еселендірді. Жалпы, қазақ үшін Түркістан – қаладан да, облыс орталығынан да биік, асқақ әрі кең ұғым. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол – бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. «Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы».
Бүгінгі Түркістан мен тарихи Түркістанды салыстыру танымдық тұрғыдан маңызды. Дей тұрғанмен жаңа ұрпақтың міндеті – рухани шаһар болмысын сақтай отырып, жаңа заман алғышартына лайықты жарнамалай алу. Сонымен бірге тарихи шаһарларды жаңғыртудың өзіндік өркениетті концепциясы болды. Бүгінде сол жүйелі қозғалыстың арқасында идея жемісті болғанына шүбә келтірмеуге болады. Мұны көріп-білу үшін, әрине, бүгінгі облыс орталығын – тарихи қаланы тамашалаған дұрыс. Өзгерген, түрленген сыртқы келбеті бір бөлек, экономикалық, әлеуметтік, мәдени әлеуеті, халықаралық туризмнің болашағы үшін көп мүмкіндік туғызылып, батыл жобалар қолға алынған.
Шындығында, Түркістан бес жыл бұрын қандай еді, қазір қалай?
5 ЖЫЛДАҒЫ
ШАҺАР ҚҰРЫЛЫСЫ
Мәселен, Түркістан қаласы облыс орталығы болған кезеңнен бері халық саны 50 мың адамға өсіп, қазір 220 мыңнан асты. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жұмыстарының көлемі 5 жылдың ішінде 3 есе артып, 350,9 млрд. теңге құрады. Негізгі көп пәтерлі үйлердің құрылысы Түркістан қаласында жүргізіліп жатыр. 2019 жылдан бастап 340 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Талай жалынды жас осында баспаналы болып, армандарына қол жеткізді. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жыл өткен сайын көптеген нысан бой көтеріп жатыр.
Соңғы 5 жылда Түркістан қаласында жаңа әуежай салынды. Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы жаңа әуежай өңірдегі туризмнің дамуына қуатты серпін берді. Сондай-ақ шаһарда мәдени және рухани орталықтар, спорт нысандары, теннис орталығы, әкімшілік-іскерлік орталығы жаңа ғимараттармен толықты. Мұз сарайының да ашылатын күні алыс емес. Жалпы 5 жылда 250-ден астам жаңа нысан ел игілігіне берілген.
Шаһардағы құрылыстар әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық деп аталатын екі аймаққа бөлінді. Атаулы жоба бойынша аймақтарда 15 мәдени-әлеуметтік нысан салынды. Солардың ішінде «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысан бар. Оларды атасақ: жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар саябағы. Келесі «Рухани-мәдени орталықта» 7 нысан бар. Бұл қатарда Ясауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат болып саналады. Бұлардың барлығы өз уақытында пайдалануға берілді, қазіргі таңда халық игілігінде. Одан бөлек, әрқайсысы 120 бөлмеден тұратын жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері қала келешегінің көрінісі секілді. Оны көрген адам таңдай қақпай тұра алмасы тағы бар. Тағы бір ерекше құрылыс ретінде «Рухани-мәдени орталық» бағытына жататын «Керуен Сарайының» құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Бұдан өзге, Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағында абаттандыру жұмыстары соңына да шықты. Сондай-ақ, аумағы 20 гектарды құрайтын Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтың құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, қаладан 16 шақырым қашықтықтағы Шаға елді мекенінен бой көтерген Халықаралық әуежай. Бұл құрылысты түркиялық «YDA Group» компаниясы салған. Жер көлемі жалпы 900 гектар аумақты алып жатыр. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар бар. Аталмыш әуежай халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынған. Терминал жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Жолаушылар үшін қаладан әуежайға дейін жаңа автомобиль жолының құрылысы да аяқталды. Қазіргі таңда, Түркістанның әлем елдерімен болатын байланысының арта түскендігін байқауға болады. Қарқынды құрылыс жүріп жатқан шаһарда 2022 жылдың екінші жарты жылдығында 70 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 6 300 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3 604 жеке жер учаскелеріне инфрақ-ұрылым жүйелері жүргізілді. Осы жы-лы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 40 арендалық тұрғын үй құрылысы, 30 инженерлік инфрақұры-лым нысаны, 88 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Осы мүмкін-діктердің айтып тұрғаны талай отбасы баспанаға ие болады дегенге саяды.
5 ЖЫЛДАҒЫ
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ
Түркістан қаласының 2019 жылғы жергілікті бюджеті 100 млн, 325 мың теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2020 жылы 138 млн, 541 мыңға өскен. Ал 2021 жылы 128 млн, 626 мыңды құраса, 2022 жылы 131 млн 929 мың теңгеге қайта өскен. Ал биылғы жергілікті бюджет жоспары 106 млн 672 мың 571 теңге. (Кестеге назар аударыңыз).
2021 жылы өнеркәсіп саласы бойынша өнім көлемі 14,8 млрд.теңге көрсеткішке ие болса, қазір 15,4 млрд.теңгеге жетті, яғни өткен жылғы көрсеткіштен 3,8% артқан. Сонымен қатар, «TURKESTAN» индустриалды аймағында 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 млрд теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылып, 857 жаңа жұмыс орны ашылды. Инфрақұрым бойынша да шаһарда оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда қала аумағында 37 655 абонент таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін таза ауызсумен қамту деңгейі 98,5%-ға жетпек. Ал сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші биыл 84,9%-дан 94,7%-ға артқан. Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, 39 937 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылған. Бүгінгі күні көгілдір отынды 38 060 абонент дербес шот ашып пайдалануда. Бос жер телімдерін қоса алғанда толық табиғи газды пайдаланушылар саны биыл 95%-ға жеткен. Жол саласында былтырғы жылдың қорытындысымен қалада жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 37,4%-дан 40,3%-ға артпақ. Қала ішінде жалпы 21 бағытта 220 қоғамдық көлік қатынайды. Аталған көліктердің 78-і сыйымдылығы жоғары болса, қалған 142-сі – шағын автобустар. 2021 жылдан бастап қала ішінде экологиялық стандарттарға сәйкес 78 жаңа автобус алынды, нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктердің 34% жаңарды.
Шынында Түркістан қаласы соңғы бес жылда көркі көз сүріндіретіндей бо-лып құлпырып сала берді. Апта сайын жаңарып, ай сайын танымайтындай дамып жатыр. Қарап отырсақ, тарихи шешім жасалғалы Түркістан тек алға басып келеді. Айтарға аз уақыттай сезілгенімен атқарылған жұмыстар легі жетіп артылады. Небір таңғаларлық бағыттарда нақты әрі нәтижелі жұмыстар жасалынып жатыр. Тіпті Түркістан облыс болған жылдарда екі президент, екі облыс әкімі, екі қала әкімі қызмет атқарыпты. Алдағы уақытта, тарихи шаһар келбеті гүлденіп, мәртебесі арта түсетіні анық. Себебі, Түркістан еліміздің тарихи келбеті, бабалар аманаты.
Ғалия БИСЕЙІТ.