Саялы саябақтар Түркістанның бренді

0
94

Түркістанның басты мақтаныштарын тізбектегенде ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, одан соң, «Керуен сарай» кешені, үшінші кезекте «Жаңа қала» мөлтек ауданы ойға келеді. Бірақ, тұрғындардың пікірінше, шаһардың басты жетістігі көгалдандыру жұмыстарының қарқыны күшейіп, саялы саябақтар санының артуы. Иә, күллі түркінің түп қазығына баланған біздің қалада саябақтар мен скверлер саны ай санап артуда. Бұл келген қонақтардың ғана емес, жалпы тұрғындардың көз қуанышы, ауыз толтырып айтар мақтанышы. Бүгінгі таңда, түрленген Түркістанда 45 саябақ бар. Бұл жалпы аумағы 318 гектар жерді алып жатыр. Оларды күтіп ұстау үшін 2500 жұмысшы мен 450 техника жұмылдырылған. Жаңарған қаланың саялы саябақтарын саралай кетейік.

ӨТКЕН МЕН БҮГІННІҢ КӨПІРІ

Шаһар тарихында ойып тұрып орын алатын демалыс орындарының көшін «Жеңіс» саябағы бастайды. Қарт қаланың кешегісі мен бүгінгісіне куә бұл саябақ 2019 жылы күрделі жөндеуден өтті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне аталған саялы орынның қазіргі келбеті көз қызықтырарлықтай. «Жеңіс» саябағындағы балаларға арналған ойын алаңшалары, аттракциондар, заманауи скейт-парк пен футбол алаңы демалыс үшін таптырмас орын етіп тұр. Қаланың қақ ортасында орын тепкен демалыс орынында 3000 шаршы метрге гранит төсегіш төселіп, 2500 ағаш отырғызылған болатын. Саябақ аумағы толықтай түрлі-түсті жарықшамдармен жарақтандырылған. Сонымен қатар, шахматтық дизайнда құрғақ фонтан бой көтеріп, тас жолдар төселген.

Қ.К.ТОҚАЕВ:

«ЖІБЕК ЖОЛЫ САЯБАҒЫ ДА КӨПШІЛІКТІҢ КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛАДЫ ДЕП СЕНЕМІН»

Шығыс пен батыстың сәулеттік үлгісі үндескен Түркістан қаласындағы өзіндік ерекшелігімен есте қалатын тағы бір демалыс орны «Жібек жолы» саябағы. 2020 жылдың тамызында жаңарған Түркістанның жаңа саябағы жайлы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз қылған. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:

«Жақында ғана облыс орталығына айналған Түркістанда жаңа инфрақұрылымдық нысандардың ашылып жатқаны қуантады. Қала тұрғындары мен туристерге арналған сапар орталығы мен «Жібек жолы» саябағы да көпшіліктің көзайымына айналатынына сенімдімін»- деп жазған еді.

2019 жылы құрылысы басталып, іргетасы қалана бастаған нысанды Мемлекет басшысына сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өзі таныстырған. 2021 жылы пайдалануға берілген саябақ шынында да келушілердің көзайымына айналды. Киелі қаланың көркіне көрік қосып, ажарын аша түскен демалыс орнын Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстары жаңарған Түркістанға тарту еткен. Мердігер компания «Bazis Construction» ЖШС жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайтын демалыс орнына өзіндік ерекше стиль қалыптастыра білген. Мәселен, «Түйелер керуені» композициясы бұл жерге ерекше шығыстық рең береді. Шөлді сүйетін жануар қала тарихында ерекше орын алады, сондықтан түйе бейнесі бар мүсіндер көшелерде жиі кездеседі. Үлкен аумақты алып жатқан бұл жерде 2 301 дана ағаш отырғызылып, 5 363 дана бұталар, 3,36 гектар жерге гүлдер отырғызылған. Түркістанды жасыл желекке айналдырып, қаланың табиғатына, климатына әсер етуді көздеген әкімдік «Жібек жолы» саябағындағы ағаштар санын әлі де арттыруға ниетті.

Саябақтың саясына тынығуға келген кез келген азамат үшін бұл жерден жанына тыныштық, бойына қуат алуға мүмкіндік бар. Сан түрлі сауық орындары атын атап, түсін түстеп өтуге әбден лайық. Олардың көшін қырдағы байқау алаңы бастап тұр. Сәулеттік шешімі бабаларымыз мекен еткен киіз үй мен шаңырақты еске түсіріп, іргелес жатқан аумаққа жоғарыдан көз салуға мүмкіндік сыйлаған. Балаларға арналған аттракциондар, алып көру шеңбері, шулы субұрқақтар мен жасанды көлдер көптің көңілінде ұзаққа сақталады.

Ауасы таза, аумағы жасыл желекпен көмкерілген саябақта барлық жағдай қарастырылған. 1071 дана жарықшамдары демалыс орнын кешкі уақытта да жанға жайлы демалыс үшін таптырмас орын етіп тұр. Сондай-ақ, саябақта 177 орындықпен 4,58 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқысы келетіндер үшін де бұл жер таптырмас демалыс орны. Сөзіміздің дәлелі ретінде, жүгіру және велосипед жолақтарын айта кетсек болады. Еуропалық стандарттарға сай салынған жолақтар өз велосипеді барлар үшін ғана пайдалы емес. Бұлай деуіміздің себебі, «Turkistanbike» жалға беру пунктінде демалушыларға қос дөңгелекті көлікті жалға алуға мүмкіндік бар. Ал, командалық спортпен айналысқанды жаны сүйетіндер үшін салынған футбол, баскетбол алаңдары мен теннис үстелі келушілер арасында үлкен сұранысқа ие екенін аңғару қиын емес.

Түркістан қаласы – еліміз үшін ғана емес, күллі түркі жұртшылығы үшін маңызы жоғары мекен. Құт қонған киелі шаһардың өркендеп-өсуі үшін жасалып жатқан жұмыстар талайды таңдай қақтырып, көз жауын алардай әсер беретінін жоққа шығара алмаймыз. «Ұлы Жібек жолы» деген атпен әлем тарихында алтын әріппен жазылған керуен жолының орын теуіп, Еуропа мен Азияның арасында алтын көпір болған көне Түркістанның бүгінгі бет-бейнесіне, келбетіне көрік қосқан «Жібек жолы» саябағы да уақыт өте өзіне тиесілі бағасын аларына күмән жоқ. Сөзіміздің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін ұсынған едік. Шынында да, ел Президенті өз пікірінен жаңылмағанына уақыт куә. Саялы саябақ қазіргі таңда қаланың мақтанышына, туристердің көзайымына, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ СҮЙІКТІ ДЕМАЛЫС ОРЫНЫ

Демалысыңызды пайдалы және ләззатпен өткізумен қатар, көптеген биік-биік ағаштар арасымен серуендеуді қаласаңыз «дендросаябаққа» бет алыңыз. Қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынған бұл нысанның басты мақсаты – шаһарды абаттандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, Түркістан қаласында жасыл желектердің санын көбейту.

Саялы саябақ 2022 жылы тұрғындарға пайдалануға берілген. Құрылысына 717,7 миллион теңге жұмсалған. Жалпы ауданы 28 мың шаршы метрді алып жатқан демалыс орнында жаз айларында түркістандықтар мен қала қонақтарына жаяу жүріп, таза ауада тыныстап, велосипед теуіп, көңіл көтеріп қайтуға мол мүмкіндіктер қарастырылған.

Саялы орын жыл сайын түрленіп, гүлденіп келеді. Биыл да жаңарту жұмыстары қарқынды жүрді. Бір жыл бұрын ашылған бұл жасыл желекті аймақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда гүл мен ағаштардың көптеген түрі өседі. Ал, әсем орынды жарықтандыру мақсатында 1026 жарықшам орнатылған. Сонымен бірге, мұнда 480 дана арнайы орындық халықтың қолданысына берілген. Мұндағы көз тартар әдемі көріністер көздің жауын алып, тартымдылығымен өзіне баурай түседі. Сол үшін де демалыс бағын аралап, серуен құрған тұрғындар көп.

Саябақтың тазалығы мен қауіпсіздігін қадағалап отыратын арнайы жауапты өкілдер жұмыс жасайды. Соған орай, қонақтарға қоқыс тастауларына ыңғайлы етіп 400-ге жуық қоқыс жәшігі қойылған. Ауасын жұтып, суын ішіп жатқан қоршаған ортамыздың тазалығы үшін бәріміз жауаптымыз.

Қоғамдық кеңістіктің аумағында 13 218 ағаш, 5552-ге тарта бұталар егілген. Саябақ аумағы әлі де жетілдіріліп, толықтырылатынынан да хабардар болдық. Себебі, қала тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын денсаулықтарына пайдалы етіп өткізетін орындардың санын көбейту аса маңызды.

ҚАЗАҚТЫҢ ҚОС БИІНІҢ АТЫН АЛҒАН САЯБАҚТАР

Түркістанның түрленуіне өзіндік үлес қосқан демалыс орындарының ішінде қазақ ұлтының қос алыбына арналған қос аллеяның ойып тұрып алар орны бары сөзсіз. Төрелігі түркі жұртының темірқазығына айналған Төле би, қазылығы қазақ елінің қазынасына баланған Қазыбек биге киелі мекеннен саябақ ашылмауы әбестік болар еді. Жалпы аумағы 7 гектарды алып жатқан Төле би саябағы қарт қаланың ең маңызды территорияларының бірінде орын тепкен. 5 гектар жері көгалдандырылған жасыл желекті аймақта 2000 түп тал егілген. Дәлірек айтар болсақ, 1 260 дана терек талы, 200 дана айлант, 340 дана қарағаш, 100 дана шынар мен 100 дана үйеңкі ағашы аталған демалыс орнының ажарын ашып қана қоймай, ауасының тазара түсуіне әсер етіп тұр. Ұңғыма арқылы суарылу жүйесі жасалған бұл маңда 1000 дана гүл шоқтары егілген. Сарқырап аққан салқын фонтандары жаздың аптап ыстығында таптырмас сая. Сонымен қатар, балалар үшін ойын алаңшалары да орын тауып, жанға жайлы демалыс үшін бар жағдай жасалған деуге толықтай негіз бар. «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мердігерлік еткен саябаққа Төле би бабамыздың есімі берілгені орынды. Себебі, бұл тынығу орнының өзі де Төле би көшесінде орналасқан.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында киелі шаһардың қақ төрінде қаз дауысты Қазыбек биге ескерткіш ашылған еді. Монументтің ашылуына ұлтымыздың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров арнайы ат басын бұрып, түркі жұртының рухани астанасында дәл осындай ескерткіштің болуы заңдылық екеніне тоқталған еді. Ол өз сөзінде: «Ұлы бабамыз, бүкіл қазақтың басын қосып, бар қазақ бір қазақ болсын деп армандап еді. Ұлы бидің жатқан жерінде ескерткіштің ашылуы сол арманның орындалғаны деп санайық»-деп ағынан жарылған болатын Халық қаһарманы. Иа, Тоқтар ағамыздың сөзінің жаны бар. Ұлтымыздың ұлылығының үлгісіне айналған Қазыбек бидің сан тарихтың сақталған сырлы сандығындай киелі Түркістанда ұлықталуы дау тудырмас мәселе. Ендігі кезекте осы ескерткіш орын тепкен аллея жайында айта кетейік.

Аллея 2020 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің тапсырысына сәйкес, «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-нің мердігерлігімен құрылысы жүрген. Жалпы аумағы 0,20 гектарды құрайды. Бұл жерде 200 м2 аяқжол, 20 дана жарықшам, 20 дана орындық және 20 дана қоқыс жәшігі орналастырылған. 600 м2 жер көгалдандырылып, сонымен қатар, балалар ойын алаңшасы, футбол алаңшасы және street workout-пен жабдықталған. Аллеяға кіреберісте орналасқан әсем аркалары да аталған тынығу орнының ажарын аша түскен. Қазіргі таңда «Жасыл Түркістан» КММ тарапынан күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.

ЕСКІРГЕН САЯБАҚТЫ ЖАҢАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шаһар көркін ашқан саялы саябақтардың бірі – қаланың Кентау бағытынан кіре берісінен 14 гектар жерге орналасқан, құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға берілген «Парасат» саябағы. Демалыс орнының құрылыс жұмыстары о баста «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мекемесі тарапынан жүргізілген. Демалыс аймағының құрылыс монтаж жұмыстарына 260 млн. 742,92 мың.теңге қаржы бөлінген.

Айта кетейік, Парасат саябағы Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін құрылысы салынған. Негізгі мақсаты қала тұрғындары серуендеуге, демалуға арналған. Саябақ алғаш пайдалануға берілгенде абаттандырылып, архитектуралық құрылысы жағынан соңғы үлгіде жасақталған болатын. Онда жарық бағаналары мен аркалар, смарт орындықтар, субұрқақтар мен тренажерлік аспаптар, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары мен веложолдар және концерт алаңы орнатылған. Саябақты сумен қамтамасыз ету жүйесі толығымен автоматтандырылған болатын. Аумағы 14,0 га құрайтын саябақта кіреберіс арка, аяқжолдар, балалардың емін-еркін спортпен шұғылдануы үшін ойын алаңшалары, сахна, орындықтар, түнгі жарықтар қаралған, түрлі жеміс ағаштары, шыршалар отырғызылған.

Саялы демалыс орнында жасанды көл салынып, көпір орнатылған. Тұрғындарға жайлы, қолайлы жағдай жасау мақсатында жаздың ыстық күндерінде салқын ауа сыйлауға сеп болатын арықшалар қоқыстардан тазартылып, көміліп қалған, сондай-ақ топырақ басқан арықтардың көзі ашылған болатын.

Дегенмен, одан бері қалада көптеген құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, бұл саябақтың күтімі қалған нысандардан қалыс қалғаны жасырын емес. Ел ішінде бір тентектің болатыны белгілі. Бұзақы балалардың саябақ мүлкіне зақым келтіргені, орындықтарды, шам жарықтарын сындырғаны байқалады. Бірақ көңіл көншітетіні, аталмыш саябақтың көгалдандыру жұмыстарына жауапты жұмысшы Сейітбек Дүйсенбаев өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, 14,0 га құрайтын саябаққа егілген шырша, терек, т.б. жеміс ағаштарының қурап қалмауына жол бермей, уақытылы суарып жүр екен. Барлық ағаштардың көгеріп, жайқалып тұрғаны көңілге медеу сыйлады. Демек, жылдар бойы көктің көгеруін күттіретін жұмыстардың негізі сақталған. Ал саябаққа көп уақыттан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты тозып кеткен және саябаққа келушілер саны азайған.

Осы ретте, қуана жеткізетін жаңалықтардың бірі – саябақты қайта ретке келтіру мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесімен реконструкция жұмыстарына жоба-сметалы құжаттама әзірленді. Жобалаушы болып «МПК-Проект» ЖШС анықталды. Жоба сараптаманың оң қорытындысын алып, құрылысын салуға 2023 жылға қаржы бөлінді. Саябаққа мердігер мекеме ретінде «Компания Өнім» ЖШС анықталды.

Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Байжанов Алмас мырзаның мәліметіне сәйкес, жаңа жоба бойынша саябақтың бас жоспары өзгертіліп, барлық инженерлік жүйелер (су, кәріз, суару жүйесу, электр жүйелері, жарықтандыру, бейнебақылау) қайта жүргізіледі. Оған қоса Амфитеатр, арка, көлеңкелейтін шатырлар, пергола, кіші-архитектуралық формалар, балалар ойын алаңшалары, спорт алаңшалары, аяқжолдар, веложолдар, баскетбол, теннис алаңдарын салу, автокөлік тұрақтары салынады деп күтілуде. Жалпы жобаға сәйкес құрылыс алаңы: 4498,7 м2, жабындылар алаңы: 41 514,0 м2, көгалдандыру алаңы: 87 024,3 м2 құрайды.

Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүргізіліп, жер тегістеу, аяқжолдар төсеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың аяқталуы 2024 жылдың көктем мезгілінде аяқтау жоспарлануда.

 

РУХАНИ АСТАНАДАҒЫ «РУХАНИЯТ» САЯБАҒЫ

Осыдан бірнеше ай бұрын Түркістан төрінде «Руханият» саябағы ашылған болатын. Саябақ Яссы мөлтек ауданы тұрғындарының ұсынысымен бой көтерді. Алғашқыда тұрғындар бос орынға мектеп салынса деген тілектерін білдірген-ді. Себебі, аталмыш аумаққа жақын білім ордасы жоқ. Оның үстіне бос жатқан жер қоқыстан көз ашпай қараусыз қалған еді. Бүгінде бұл орын шаһарымызға көрік берер саялы саябақтың біріне айналады.

Жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын саябақтың ішінде 200 дана жарықшам орнатылса, демалушылар үшін жалпы саны 120 орындық қойылған. Өз кезегінде саялы бақтың ішін жасыл желектендіру жұмыстары да қолға алынған. Яғни мұнда 8000 түп ағаш егіліп, балалардың ойнауына ыңғайлы ойын алаңшалары да салынған. Сонымен бірге жаяу жүргіншілердің серуендеуіне арналған арнайы аяқжолдармен қатар үш автотұрақ аумағы мен веложол да қарастырылған. Аталмыш қоғамдық орын демалуға таптырмас мекен.

Өткенге көз жүгіртсек. Саябақ қасиетті Рамазан айында толықтай аяқталып, қолданысқа берілген болатын. Мұндай игі істердің барлығы дерлік тұрғындарға мейілінше қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынады. Сондай-ақ, саябақтың ашылу салтанатына қатысқан зиялы қауым өкілдерінің қатарында облыстық ардагерлер алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қаланың зиялы қауым өкілі Әскер Әбдікәрімов, облыстың бас имамы Ержан Төлепов, қаланың бас имамы Мұхаммеджан Жұмадуллаев ізгі лебіздерін жеткізіп ашылу салтанатына арнайы қатысқан еді.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САЯБАҒЫ – АҚ ХАЛАТТЫЛАРҒА КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ

Қаланың ең көрікті саябақтарын айтқан кезде 2022 жылы пайдалануға берілген «Денсаулық» саябағы жайында сөз қозғамай кетуге болмайды. «Қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің» тапсырысымен құрылыс жұмыстары жүргізілген нысанға «Мрамор Гранит Тас» ЖШС мердігерлік еткен. Қазіргі таңда күтіп ұстау жұмыстарын «Жасыл Түркістан» КММ атқарып келеді. Жоба құны 3,0 миллион теңгеге бағаланған баққа 531 түп ағаш егілген. Жалпы аумағы 1,01 гектарды алып жатқан жасыл желек «Түркістан қалалық модульді аурухана» маңында орын тебуінде үлкен мән бар. Себебі, дәл осы денсаулық сақтау мекемесінде дертіне шипа іздеген жандардың бір сәт бой жазып, саялы мекенде демалуына таптырмас орын. Бұл ретте «Денсаулық» саябағы – осындай күрделі міндетті, жауапкершілікті абыроймен арқалап келе жатқан ақ халаттыларға көрсетілген құрмет және қолдау деп санауға болады.

Жалпы аталған саябақта 19 542,5 шаршы метр аумаққа газон төселген. 10 субұрқақ жаздың аптап ыстығында көлеңке іздеп теңселген әрбір жан үшін таптырмас олжа. 2 үлкен жарық шамдары саябақтың кешкі көрінісін де әрлей түскен. Демалыс орнында балаларға арналған ойын алаңы да бар. 101 орындық пен 101 қоқыс жәшігі келушілер үшін қолайлы. «Денсаулық» саябағы қала үшін аса маңызды аумақта орын тепкен. Ол «Ортақ» мөлтекауданы мен Жаңа қала аудандарын тікелей жалғап тұрған аралық. Сондықтан, бұл маңдарда жаңа нысандардың бой көтеруі орынды.

 

ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Қарт қаланың тұрғындары мақтаныш тұтатын тағы бір демалыс орны – Президент саябағы. Естеріңізде болса, шаһардың ауа райын жақсартып, көгалдандыруға оң серпін беретін саябақтың ашылу салтанатына ел ағалары, ақсақалдар, әкімдік өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысқан еді.

Жалпы, аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан Президент саябағында тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Бұрын бұл жер бос алқап болатын. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі – 4 метр. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Биыл көктемде осы су айдынында триатлоннан Қазақстан кубогы жолындағы жарыс өткізілді. Мамандар мен спортшылар Түркістандағы жасанды көлге оң пікірлерін білдірген болатын.

Аталмыш саябақтың көгалдандырылған аумағының көлемі – 25 гектарға жуық, 3500 шаршы метрі гүлмен көмкерілген екен. Аллея, субұрқақтары мен балалар ойын алаңшалары, орындықтары мен жүгіру және веложолы бар. Сонымен бірге, жаңа саябақта 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Әлемнің бірнеше мемлекетінен елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері отырғызылып, жарықшамдар орнатылған.

Бұл қаламыздағы саялы саябақтардың бір тізбегі ғана. Көркіне көз тоймайтын демалыс орындары әлі де жеткілікті. Саннан сапаға көшуді талап еткен бүгінгі уақытта 45 саябақтың барлығына емес, олардың жылдар өтсе де өзіндік тартымдылығын жоғалтпағанына мақтануымыз қажет. Осы орайда, жауаптыларға артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ауқымы ай санап артқан қасиетті қалада әлі талай жасыл желекпен көмкерілген саялы саябақ бой көтереріне күмән жоқ.

Досхан ТӨЛЕГЕНОВ.

Leave a reply