Кенді қаланың кемеңгері

Кентау қаласының қалыптасуына өзіндік үлес қосқан құрметті кеншінің бірі әрі бірегейі – Сақ Мәуленқұлов. Ол КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КОКП-ның ХХIV, ХХVI съездерінің делегаты, Еңбек Қызыл Ту және Октябрь Революциясы ордендерінің, егемен елдің «Отан» орденінің иегері, Кентау қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы ретінде ел құрметіне бөленген тұлға.
Сақ Мәуленқұлов 1926 жылы Түркістан өңіріндегі Хантағы елді мекенінде дүниеге келген. Ол еңбек жолын небәрі 16 жасында Хантағы кен фабрикасында электр монтері ретінде бастапты. Бұл – Ұлы Отан соғысының отты жылдары еді. Жас Сақ сол бір ауыр кезеңде тылда жүріп тынымсыз еңбек етті. Кен фабрикасында жауға қарсы атылатын оқ-дәрілерге қажетті шикізат өндіруге атсалысып, елге қызмет етті.
Ол кезде фабрикада жұмыс істейтін қазақ балаларының саны аз болатын, ал басшылық құрамда мүлде жоқ деуге болатын. Сақ Мәуленқұлов осы олқылықтың орнын толтырып, қазақ жастарының да техникалық салада бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеуді мақсат етті. Осы арманмен 1944 жылы Шымкенттегі тау-кен техникумына оқуға түсіп, төрт жыл білім алып, оны аяқтаған соң Мырғалымсай кенішіне ауысым шебері болып жұмысқа орналасады.
Кейіннен Алматыдағы тау-кен металлургия институтында жоғары білім алып, инженер мамандығын иеленеді. Елге оралып, өндірістік қызметін маркшейдер, учаске бастығы секілді жауапты лауазымдарда жалғастырады. 1970 жылы Ащысай руднигіне бас инженер болып тағайындалады. Сол тұста комбинатты Логинов есімді азамат басқарған екен. Алайда көп ұзамай ол кісі дүниеден озғаннан кейін, басшылық Сақ Мәуленқұловты комбинат директоры қызметіне лайық деп танып, бұл жауапты міндетті сеніп тапсырады.
Осылайша, бұған дейін жеті түрлі ұлт өкілі басқарған кен комбинатын алғаш рет қазақ азаматы басқарады. Бұл – тек кадрлық саясатта ғана емес, ұлттық рухтың жаңғыруында да маңызды бетбұрыс болды. Сақ Мәуленқұлов өз қызметінде қазақ жастарының білім алып, ірі өндірістік салаларға келуіне барынша жол ашты. Комбинаттың өндірістік жоспары үнемі мерзімінен бұрын орындалып отырды. Кәсіпорын одақтық маңызы бар нысанға айналып, орталық басшылық тарапынан жиі мақтау мен марапатқа ие болған.
Оның басшылығымен Кентау қаласында көптеген әлеуметтік жобалар жүзеге асты. Комбинат есебінен жаңа тұрғын үйлер, балабақшалар, мәдениет үйлері мен шипажайлар бой көтерді. Қала тек өндірістік орталық емес, әлеуметтік жағынан да көркейген шаһарға айналды. Бұл игіліктердің басында Сақ Мәуленқұлұлының іскерлігі мен адами парасаты тұр.
Сақ Мәуленқұловтың ел алдындағы еңбегі Кентаумен шектелмейді. Қызылорда облысындағы Шалқия кенішінде де оның қолтаңбасы қалған. Бұл туралы кен саласының ардагері Сабырқан Тоқымов сол кезеңді еске ала отырып былай дейді:
«Ол кезде Шалқия кен басқармасын Сақ Мәуленқұлов мырза басқаратын. Біздің кәсіпорын тікелей КСРО Металлургия министрлігіне бағынатын. Жоспар бойынша Шалқия кенішінің құрылысы 1991 жылдың аяғында аяқталып, қуаты жылына 3 млн тонна кен өндіретін алып кешен болуға тиіс еді. Алайда түрлі себептермен жоба тоқтап, кеніш болашағы жоқ кәсіпорындардың тізіміне еніп кеткен. Бұл жайсыз хабарды ести сала Сақ аға Шымкенттен Мәскеуге жол тартып, небәрі 24 сағаттың ішінде барлық күш-жігерін салып, кенішті қайтадан болашағы бар өндірістер тізіміне енгізіп жіберді».
Зейнеткерлікке шыққан соң да Сақ Мәуленқұлов қоғамдық істерден қол үзбей, жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі істермен айналысты. Ол «Көп жас» атты еңбек жазып, оқырман қауымға денсаулық, еңбек және өмір сүру мәдениеті туралы құнды кеңестер ұсынды. Сонымен қатар үш бірдей кітаптың авторы атанып, өзінің еңбек жолы мен шығармашылық мұрасын жазбаша түрде қалдырды.
Кентаулықтар осындай ерен еңбегімен туған жерін түлеткен тау тұлғаны әрдайым мақтанышпен еске алады. Сақ Мәуленқұлұлының өнегелі өмірі – болашақ ұрпаққа ұлағат, елге қалдырған мұрасы – өшпес із.













