33 жылдық адал еңбек жолы

Шымкент қаласы білім беру жүйесінде адал еңбегімен абыройға ие болып келе жатқан ұстаздардың бірі – Гильд Виолетта Анатольевна. Ол 1970 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ұлты – неміс. Өмірін педагогикаға арнап, білім беру саласында табаны күректей 33 жыл еңбек етіп келеді. Осы уақыттың барлығын Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінде физика пәнінің мұғалімі ретінде өткізгені – оның мамандығына деген адалдығы мен тұрақтылығының айқын дәлелі.
Жоғары білімді, педагог-зерттеуші санатына ие ұстаздың өмірлік ұстанымы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасына сай келеді. Виолетта Анатольевна үшін адалдық – тек моральдық қағида ғана емес, кәсібіне деген берік жауапкершіліктің өлшемі. Ол әр сабағында оқушыға әділ баға беріп, білім алуға деген құштарлықты оятады.
Ұстаздың еңбегі түрлі марапаттар мен жетістіктермен бағаланған. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына (2018), «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісіне (2019) ие болып, қалалық және республикалық деңгейде алғыс хаттармен марапатталды. Оның шығармашылық әлеуеті халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда мойындалып, кәсіби біліктілігі педагогикалық басылымдарда жарияланған мақалалар арқылы кеңінен таралды.
Шәкірт жетістігі – ұстаздың еңбегінің айнасы. Виолетта Анатольевнаның тәрбиесін көрген оқушылар қалалық, республикалық, тіпті халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Олардың ішінде физикадан «Дарын» орталығы ұйымдастырған байқауларда, интернет-олимпиадаларда, Президенттік олимпиадада топ жарған жасөспірімдер бар. Мәселен, 2020 жылы шәкірттері «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында жаппай жүлделі орындарға қол жеткізіп, ұстаздың еңбегін айқын көрсетті. 2021 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің интернет-олимпиадасында жүлде алған шәкірті оның кәсіби білімі шекарадан тыс танылып отырғанын дәлелдеді.
Виолетта Анатольевна тек шәкірт тәрбиелеумен шектелмей, өзінің педагогикалық тәжірибесін ғылыми деңгейде жүйелеп, республика мен халықаралық ауқымда таратып келеді. Оның «Экспериментальная физика» атты авторлық бағдарламасы жарияланып, білім беру саласына қосылған құнды еңбектердің бірі болды. Бұл бастама жас мұғалімдер үшін әдістемелік құрал, оқушылар үшін жаңа мүмкіндік болып отыр.
Ұстаз еңбегінің басты ерекшелігі – кәсібіне деген шынайы берілу мен адалдық. Ол әр шәкіртін тек біліммен қаруландырып қана қоймай, өмірде әділ болуға, еңбекті қадірлеуге үйретеді. Бұл тұрғыда ол Тоқаев атап көрсеткен «Адал азамат» болудың нағыз үлгісін көрсетіп отыр. Өйткені адал ұстаздың еңбегі елдің ертеңін қалыптастыратын адал шәкірттердің бойынан көрініс табады.
33 жыл бойы бір мектепте тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Виолетта Анатольевнаның жолы – табандылық пен адалдықтың айқын айғағы. Оның өмірлік ұстанымы мен педагогикалық тәжірибесі – жас мамандарға үлгі, шәкірттеріне бағыт, қоғам үшін баға жетпес құндылық.












