Халықтың мәселесін тыңдау – жауапты биліктің басты ұстанымы

Қазіргі қоғамда билік пен азамат арасындағы байланыс тек ресми шешімдермен емес, нақты кері байланыспен нығаяды. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып келеді. Осындай ашық диалог алаңының бірі – партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткен қабылдау. Кездесуді Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Нұрсұлтан Балабиев жүргізіп, тұрғындардың жеке өтініштерін тыңдады.
Қабылдауға келген азаматтар түрлі әлеуметтік, тұрғын үй және құқықтық мәселелерді көтерді. Әсіресе әлеуметтік қолдау мен табыс деңгейі төмен зейнеткерлердің өтініштері басым болды. Солардың бірі – Кулайша Налибаева ай сайынғы табысының аздығына байланысты көмек сұрады. Әрбір өтініс жеке қаралып, тиісті мекемелерге жолданды, ал депутат өз тарапынан құқықтық түсіндірме мен бағыт-бағдар берді.
Бұл сияқты тікелей диалог алаңдары мемлекет пен халық арасындағы өзара сенім мәдениетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да дәл осындай форматтағы ашық қатынасты дамытуды көздейді. Мемлекеттік органдардың міндеті – тек өтініш қабылдау емес, азаматтың мәселесін нақты шешуге ұмтылу.
Қоғамдық қабылдау кезінде тұрғындар партияның жүйелі жұмысына ризашылықтарын білдіріп, осындай ашық кездесулердің тиімділігін атап өтті. Барлық өтініштер депутаттың жеке бақылауында қалды. Нұрсұлтан Балабиев өз құзыреті шегінде уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар жолдап, кейбір азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету бастамасын қолға алды.
«AMANAT» партиясы үшін басты мақсат – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, олардың үні мен мүддесін билікке жеткізу. Халықтың сенімін іс жүзінде ақтау ғана шынайы демократиялық қоғамның берік іргесін қалайды.












