САЙРАМ: АТА-АНАЛАРМЕН СЕРІКТЕСТІК НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

0
54

Технология үнемі жаңарып, ақпараттың жедел таралуы, экономиканың қарыштап дамып, ғылымның жаңалығы көбейген сайын ұмытылып бара жатқан құндылықтар бар. Соның ең үлкені отбасы құндылығы. Отбасы деген не? Оны шағын мемлекет деп не үшін айтамыз? Өйткені, жекелеген бір-бір отбасынан мемлекет құралады. Осы және өзге де сұрақтар жайында №93 Абылай хан атындағы жалпы білім беретін мектепте ауданның білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеттерімен жиналыс өтті.

Аудандық білім бөлімінің әдіскерлері С.Амангелдиев, У.Курбантаева, Г.Алтееваның ұйымдастыруымен өткен жиналысқа мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, білім бөлімінің әдіскерлері мен ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.

Жиналыстың мақсаты — жаңа оқу жылындағы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – әділетті, жауапкершілікті, еңбекқор және отаншыл ұрпақ тәрбиелеудің негізі; мектептерде өткен ата-аналар жиналыстарының нәтижелерін талдау;  балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ата-аналар мен мектептің өзара іс-қимылын жетілдіру;  тәрбиенің заманауи әдістерін ата-аналар арасында насихаттау.

Жиында отбасындағы үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастыру, бала тәрбиесінде ата-ананың белсенді рөлін арттыру мәселелері қамтылды. Кездесу барысында аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Амангелдиев
«Адал азамат» бағдарламасының негізгі құндылықтарына тоқталып, бағдарламаны пән сабақтарымен ұштастыра жүзеге асыру жолдарын ұсынды.

№97 Сұраншы батыр атындағы мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары А.Қайназаров ата-аналар комитеттерінің жұмыс форматын жаңғырту, ата-ананың бала тәрбиесіндегі негізгі тұлға екенін түсіндіру, отбасы мен мектептің бірлігі – бала болашағының кепілі екенін атап өтті. №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Н.Тунгушбаева «Атадан өсиет, анадан қасиет» ата-аналарды қолдау орталығының жұмыстары мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиелік іс-шаралармен бөлісті.

№52 М.Өзтүрік атындағы мектептің педагог-психологы Ж.Хыдырова
отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті, баламен тіл табысу, қолдау мен махаббаттың бала тұлғасына әсері туралы мазмұнды баяндама жасады.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері
У.Курбантаев «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар мен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

Бағдарламаға енгізілген баяндамалар тыңдалып болғаннан кейін, аудандық ата-аналар комитетінің жаңа төрағасын сайлау рәсімі өткізілді. Комитет төрағалығына ұсынылған кандидаттар дауыс беру арқылы анықталып, бірауыздан №30 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің ардагер ұстазы Тұрлыбеков Анарбек Шардарбекұлы төрағалыққа сайланды.

Жарыссөзге шыққан ата-аналар бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың бірлесіп, ортақ мақсатта жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ата-аналар комитеттері бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты кездесулердің тұрақты өткізіліп тұруын ұсынды.

Жиын соңында маңызды шешімдер мен ұсыныс-пікірлер назарға алынды.

Leave a reply