ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕП КЕЛЕДІ

0
200

Сенбек Дүйсекбай 1952 жылдың наурыз айының 14 жұлдызында Түркістан қаласында туған. 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданына қарасты Көлтоған ауылындағы орта мектепті бітірген.

1970 жылы Шымкент қаласындағы қазақ-химия технологиялық институтының инженер-құрылыс факультетіне оқуға түсіп, оны 1975 жылы бітірген соң инженер-құрылысшы мамандығын алған. 1975-1993 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы асбест-цемент комбинатында құрылыс жұмысын өндіруші (прораб), сонан соң Түркістан қаласындағы №3, №6, №8 жылжымалы-механикаландырылған құрылыс мекемелерінде, құрылыс конструкциялары мен бұйымдары комбинатында (КСиДК), №93 кәсіптік-техникалық училищесінде құрылысшы-шебер, Түркістан қаласындағы ауданаралық сауда базасында құрылыс жұмысын өндіруші қызметтерін атқарған.

1993 жылдың қараша айынан бастап жеке кәсіпкерлік қызметімен айналысып, 2015 жылдың сәуір айында зейнеткерлікке шыққан. С.Дүйсекбай бос уақытында ұлттық өнерімізді насихаттау жұмыстарымен де айналысып келеді. Ол Түркістан қаласындағы «Яссы» халық-фольклорлық аспаптар ансамблінде, №93 кәсіптік техникалық училищесінің көркемөнерпаздар үйірмесінің оркестрінде өз өнерін көрсеткен. Қазіргі таңда С.Дүйсекбай халық арасында қазақтың күйшісі Сүгір Әлиұлының және қобызшы Ықылас Дүкенұлының күйлерін кеңінен насихаттап, дәріптеп келеді.

Сенбек Дүйсекбай өзі қызығушылық танытатын спорттың дойбы және шахмат түрлерінен республика мен облыс көлемінде өткізілген бірқатар жарыстардың жүлдегері. Түркістан облыстық шахмат федерациясының мүшесі. Бүгінде Сенбек Дүйсекбай Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Отбасылы, жұбайы екеуі екі ұл мен екі қызды өсірген, олардан бүгінгі таңға он жеті немере мен бір шөбере сүйіп отыр.

Осынау мерейлі күнде Сенбек Дүйсекбайды 70 жасқа толған туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық, отбасына амандық пен береке тілейміз.

Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы.

Leave a reply