ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН
Ясауидің сопылық ілімі исламды мойындаған түркі тектес халықтарға сандаған ғасырлар бойы өмір философиясына, рухани бірлік бастауына айналып келеді. Ясауи болмысы ислам әлемінде ізгіліктің мәңгілік символы іспеттес.Түркістан мен Ясауи егіз ұғым. Еліміз тәуелсіздік жолына түскен отыз жылдан астам уақытта Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген идеясы киелі Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне, бүгінгідей тамаша істердің белең алуына басты негіз болғанын ризалықпен айтамыз. Қасиетті қаланың жасарып, жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде кезінде Елбасының өзі үкілі үмітпен ашқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті айрықша орын алады. Өз дәуіріндегі білім мен адамгершіліктің жарық жұлдызы, байсалдылық пен салауаттылықтың, адамдардың ар-ұятының символы болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атындағы Халықаралық университеттің рухани астанамыз – қасиетті Түркістанда шаңырақ көтеруі жастар жүрегіне әрдайым қасиет нұрын құяды. Бүгінгі күндері жүректі шаттық кернейді. Қасиетті қалада киелі рухтың оянып келіп жатқанына мың қайтара шүкіршілік етесің. Жалынды жастарымыздың ұлы бабамыз Ясауидің жолымен өрге басып, нұр шарпыған қасиетті қаланы ізгіліктің ыстық ұясына айналдыратынына берік сенесің.
Киелі Түркістанды өзінің тарихи орнына сәйкес биікке көтеру басты міндет болып келеді. Соның бірі – Түркістан қаласына айрықша мәртебе беру мәселесі еді. Осы жағдайды есепке ала отырып, Елбасының Жарлығымен Түркістан облысы дүниеге келді, ежелгі Түркістан облыс орталығына айналды. Қасиетті шаһарда кең ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде: «Түркі әлемнің бесігі – Түркістан қаласы қазір қайта өркендеуді бастан кешіп жатқанын» атап өтті. «Өз кезегінде қала баршамыздың ортақ мақтанышымызға айналатын керемет мегаполиске айналмақ. Осыған орай, Орталық Азияның бауырлас мемлекеттерінің басшыларын келесі күзде осы көне қалаға шақырамын», – деген еді.
Осы орайда Түркістан бұрынғы облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің үлкен бір жиында сөйлеген сөзінде тебіреніспен былай деген болатын:
– Біз Түркістанды Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының жобасы деп білуіміз керек. Сондықтан әрбіріміз үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеуге тиіспіз. Тіпті жауапкершілікпен өмір сүруіміз керек. Мен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа әр барғанымда ол кісі маған «Біз сені Түркістан облысына әдейі жіберіп отырмыз. Онда мен барғанда да Елбасының жобасы деп жүремін. Бұл жерге сенім артып отырмыз. Сен осыны біліп жүр», дейді. Сол себепті, Түркістанның түлеуін Елбасының есімімен тікелей байланыстырғанымыз жөн.
Түркістанды дамыту үшін бүкіл мемлекеттің ресурсын осы жерге шоғырландырып жатыр. Өздеріңіз көріп жүрсіздер. Былтырдан бері қаншама инвестиция құйылды. Еліміздегі барлық облыстар ауыртпалыққа қарамай Түркістанға қол ұшын созып, өз өңірлерінің қазынасынан қаржы бөліп, оны тұрғындарының алдында Түркістанға бағытталатынын түсіндіріп, халық қалаулылары халықтың келісімін алу үшін тер төгіп еңбек етіп жатыр. Немесе өздеріне бекітілген жобаларға демеушілер тартып, қаржы бөлуде. Бұл оңай шаруа емес. Осының барлығы Елбасының арқасы. Соны терең түсінуіміз керек.
Журналист-жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт ағамызбен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Ол кісінің толғанысына құлақ түріп көрелік:
– Қазіргі уақыт ел тізгінін ұстаған азаматтар үшін шешенсініп, көсемсініп көп сөйлейтін кезең емес. Шешенсінбей-ақ шешімдер қабылдап, көсемсінбей-ақ кесімді, келісімді бағдарлар белгілеп, нақты істер тындыратын уақыт.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев көп сөйлеп, сөзбұйдалыққа салынбайды. Ең қуанарлығы, жұмысты көп істейді. Елбасының, Президенттің, Үкіметтің тапсырмаларын орындауда, елдің қамын ойлауда, халыққа жақындауда құлшынысы ерек, ұмтылысы бөлек.
Енді Түркістан өңірінің абыройлы азаматы, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлының жүрекжарды лебізіне зер салайық:
– Біз үлкен тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Қазір көне шаһар жаңа бағытта дамып келеді. Күн санап түрлене түсуде. Бұл игі істердің барлығының басында Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұр. Мың жылдан кейін де Қ.А.Ясауи кесенесін Әмір Темір тұрғызған десек, Түркістанды тұңғыш облыс етіп, оның орталығын Түркістан жасаған Нұрсұлтан деп айтылады. Түркістан мен Нұрсұлтан қазақ тарихында ажырамайтын егіз ұғым. Ал, сол ұлы бастамалар мен үлкен құрылыстың басында Өмірзақ Шөкеевтің тұрғаны бізді қатты қуантады.
Бүгінгі күні Түркістанда ірі құрылыстар салынып, көшелер жөнделіп, тал-дарақ егіліп жатыр. Табиғи газ тартылып, су жүйелері реттеліп, құдықтар қазылуда. Шағын және орта бизнес өркендеуде. Осының барлығының бір мезгілде жоғары деңгейде атқарылуы облыс әкімінің іскерлігінің нәтижесі.
Түркістан – түркі жұртының бас иіп, тәу ететін қаласы. Келешекте туристер миллиондап келетін үлкен шаһар болады деген сенімдеміз.
2021 жылғы 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (бұдан әрі–Түркі кеңесі) бейресми саммиті бейнеконференция арқылы өтті.
Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары күллі Түркі әлемі халықтарының бірігуіндегі Түркістан қаласының рухани маңыздылығын мойындап, Қожа Ахмет Яссауидің ислам құндылықтарын насихаттайтын түркі мектебінің негізін қалаған және бүкіл түркі әлемінде философияның дамуына зор ықпал еткен көрнекті және рухтандырушы тұлға ретінде қалдырған мұрасын жоғары бағалады.
Сондай-ақ түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Болашақта ротациялық негізде Түркі әлемінің өзге де әйгілі көне шаһарларына осы іспеттес мәртебе беруге мүмкін болатыны туралы келісті.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастықтық кеңесінің бейресми Саммитінің «Түркістан-түркі әлемінің рухани астанасы» деген тақырыппен өтуінің өзі түркі әлемінің қастерлі қара шаңыраққа деген айрықша құрметі мен тағзымын айқын танытты. Қазір Қазақ елінде түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудың барлық алғышарттары жасалып жатқанын мақтаныш сезіммен айта аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды. Бұл жөнінде Саммитте Президент Қасым Жомарт Тоқаев мақтанышпен айтты.
Киелі мекендегі ұлы өзгерістер көз алдымызда жүзеге асуда. Түркістанда ғажайып мәдени-көпшілік орындар, алып ғимараттар, тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, қала сән-салтанатқа бөленуде.
Ынтымақтастық кеңесі бейресми Саммитінде Түркістан Декларациясы қабылданып, Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды! Бұдан асқан қуаныш бар ма! Түркілер Атажұртындағы киелі Шаһардың жарқын болашағын көз алдымызға елестетер болсақ, жүрегіміз шаттыққа бөленеді.
Халқымызға қасірет әкелген қаңтардың отқа оранған күндерінде облыс халқымен түркістандықтардың арандатушылардың ығында кетпеуінің өзіндік мән мағынасы тереңде жатыр. Оның астарында Тәуелсіздіктің тал бесігін тербеткен тұңғыш президентімізге деген құрметі жатқанын да ұғына білгеніміз жөн. Осы тұрғыдан келгенде жерлестеріміздің азаттықтың асыл қасиеттерін жоғары ұстайтыны аңғарылып тұр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, әмәнда!
Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Түркістанға еңбегі сіңген қызметкер.