Күмбезі көкке тірелген киелі Түркістан

0
103

Күмбезі көкке тірелген киелі Түркістан, ертеректе Ұлы Жібек жолының жан-жақты дамыған шаhары болып келсе, соңғы кезде танымастай түрленіп, бүкіл Түркі елінің мәдени қара шаңырағы атанып отыр. Осы мәдени өркендеуіне тұспа-тұс бой көтерген балалар қолөнер мектебінің аз ғана уақыттың ішінде қосқан өзіндік үлестері де бар. Атадан мирас болып, ұрпақтан ұрпаққа ұлттың қолөнерін үйретіп, жандандыруға еңбек етіп жатқан ұжымды аз уақыт болса да әділ басқарып, талабы мен тіршілігіне жауаппен қарап отырған мектеп директоры Балжан Нәсирдинқызы Жамаловамен сұхбат жүргізген едік.

– Балжан Нәсирдинқызы, өзіңіз басқаратын қолөнер мектебі туралы айтып өтсеңіз?

– 2013 жылы желтоқсан айында, мектебіміз алғаш «Қолөнер орталығы» болып ашылса, 2014 қыркүйектен бастап «Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі» болып жұмысын бастады және алғашқы оқушыларын қабылдады. Мектебіміз республика көлеміндегі жалғыз «Балалар қолөнер мектебі». Жас ұрпақты қолөнерге баулу, үйрету және оны жандандыру біздің несібемізге түскен екен, сондықтан мектебімізді мақтан етеміз. 2014-2021 оқу жылдары аралығында 1500-ден астам оқушы білім алып, соның ішінде 134 оқушы мектеп бітірді. Бітірген 3 түлегіміз Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де, 2 түлегіміз көпсалалы өнер колледжінде және 3 түлек Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркем-сурет колледжінде білім алуда.

 

– Қолөнер мектебі болғандықтан оқушыларыңыздың қарым-қабілеті қалай бағаланады?

– Әркімнің қуанышы өзіне дегендей, біз бірінші кезеңде оқушыларымыздың жетістіктері мен жеңістерін ақпарат құралдарында жарияласақ дейміз. Себебі, қуаныш солардікі, солардың жеңісі, қуанышты хабарды ата-анасы, оқитын негізгі мектебі, әрине ел-жұрт білсін деп, баспа беттеріне береміз. Оқушыларымыз жасаған шығармашылық жұмысы арқылы танымал болсын, қуансын және келешегіне серпін берсін деп уақыт өткізбей жариялаймыз. Біз бұл әрекетімізден ұтылған жоқпыз. Себебі, оқушыларымыз жыл артқан сайын, қолөнердің шекарасын кеңейтіп, жоғарыдан көрініп келеді.

Екіншіден, ұстаздарымыздың басым құрамы жастар. Десе де еңбектерімен алыс-жақын шет елдердің додаларына қатысып, атақ-абыроймен оралған шебер-ұстаздар. Сонда да қысқаша мәлімет берейін. Мектепте 16 үйірме жетекшілерінің жартысы түрлі жоғарғы атақтың мүшелері. Яғни, 1 Халықаралық ЮНЕСКО қорының, 1 «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы», 1 Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының, 5 Қазақстан Республикасы Қолөнершілер Одағының, 1 Қазақстан Республикасы Дизайнерлер Одағының мүшелері бар.

 

– Түркістан туристік қалаға айналып келе жатқандықтан ерекше кәдесыйлар жасаудағы жетістіктеріңізге тоқталсаңыз?

– Жетістіктерімізді атап айтар болсам, 2015 жылдың Шымкент қаласында өткен «Оңтүстік көркі – Красота юга» атты қолөнершілер мен қолданбалы өнер шеберлерінің облыстық көрмесінде мектеп ұжымы «Ең үздік кәдесый бұйымы» номинациясы бойынша І орынды иемденді. Бұл мектептің облыстық деңгейдегі алғашқы байқауы еді. 2015 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған дәстүрлі республикалық «Шебер – 2015» байқауына ұстаз – шеберлеріміз Қ.Тасов, Н.Аманқұл және Д.Миншариповтер қатысып, байқаудың бас жүлдесін, ағаш өңдеу шебері Д.Миншарипов пен тері және былғары өңдеу шебері Н.Аманқұл І орынды жеңіп алып, арнайы сертификаттармен марапатталды. Аталған байқауда ұстаз-шеберлерімізге «Қазақстан Республикасы Қолөнершілер Одағының мүшелері» атағы берілді және тәжірибе алмасу мақсатында Малайзия еліне жолдаманы жеңіп алды. 2016 жылы Абу Даби қаласындағы «Өнер фестиваліне» зергерлік өнердің шебері, ЮНЕСКО қорының және Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мектебіміздің ұстаз-шебері Қалмырза Тасов қатысып, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнеріміздің, яғни алтыннан сырға, күмістен алқа, жүзік, білезіктерді ұлттық нақышта жасап, екі ай сырт елде жүріп, сәндік бұйымдардың рухани құдіреттерін таныстырды.

Сондай-ақ, 2021 жылы желтоқсанда, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ұстаз-шеберіміз ЮНЕСКО қорының, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының, Қазақстан Республикасы Қолөнершілер Одағының мүшесі Бейсенова Жұпар, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атағымен және төсбелгісімен марапатталды.

 

– Ұстаздар қауымының басым бөлігі жастар дедіңіз. Толағай табыстарға жетудің ерекшелігі жұмыс процесінің талабында ма, әлде ұстаздардың шығармашылық талаптарында ма?

– Мектебіміз мемлекеттік білім ордасы болғандықтан, оқу-тәрбие процесін басты мақсатта атқарамыз. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қосымша білім беру мекемелеріне арналған арнайы бағдарламалар бар. Оқу жүйесі осы бағдарламаға сүйене отырып жүргізіледі. Ол білім берудің жүйелілігі және қарапайымнан күрделіге қарай сияқты білім беру қағидаларын негізге алады. Білім алушы сыныптан тыс кезде 4 жыл оқып, таңдаған үйірмесі немесе кәсібі бойынша дипломдық жұмысын қорғап, қолөнер мектебін бітірді деген куәлік алады. Осы аралықта үйірме жетекшілері бастауыш сыныптың әліппесін үйреткендей қолөнердің қыры мен сырын толық үйретіп, меңгертеді. Осы өнер мен білімді қатар үйретіп жүрген ұстаздарымыздың басым бөлігі жастар. Ата-бабамыздың «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөзі міне, осы өнер адамдарына айтылса керек. Мектебімізде қазіргі таңда «Сурет», «Кескіндеме», «Ағашты көркемдеп өңдеу», «Тері және былғарыны көркемдеп өңдеу», «Зергерлік», «Керамика және мүсін», «Тоқыма және гобелен», «Тігін және дизайн» және «Дайындық сыныбы» үйірмелері жұмыс жасауда. Үйірме жетекшілерінің бәрі де өз мамандығы мен кәсібін сүйіспеншілік мақсатпен таңдаған мамандар. Сөзіміз дәлел болсын, барлығы үнемі ізденіс үстінде жүретін шығармашыл ұстаздар. Жоғарыда айтылған жетістіктер соның дәлелі.

2016 жылы, мектебіміз Ұлттық ЮНЕСКО клубы Федерациясының мүшелігіне қабылдануы, еліміздің бейнелеу және қолөнер әлемінде жеткен жетістіктері мен еңбектері жемісінің нәтижесі.

 

– Аталған үйірмелер мен жетекшілері және шеберлер туралы таратып айтып берсеңіз. Оқушылардың шеберліктері қалай шыңдалады?

– Иә, 2014-2021 оқу жылдары аралығында мектебіміз Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарсы бетте заманауи зәулім, жарық, арнайы жабдықталған 9 үйірме сыныбы, шеберлер шеберханасы, 2 көрме галереясы бар ғимаратта болды. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап басқа мекен-жайға көшірілді. Жоғарыда айтылғандай, заманауи зәулім, жабдықталған сыныптар, көрме галереясы жоқ. Десе де одан біздің жұмысымыз тоқтаған жоқ. Біз үнемі шығармашылық ізденісте және облыс, қала көлеміндегі байқау-көрмелерге қатысып, қала әкімшілігі ұйыдастырған іс-шараларға жан-жақты қатысып келеміз. Әр іс-шараларға үнемі үлкен ізденіспен, жаңа шығармашылық жұмыстарымен ұстаздар да, оқушылар да қатысып, ел назарында болады.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, әрбір оқушыға жеке-жеке өнер үйретіп, қызықтыра білу, қабілетін дамыту және оны шеберлікпен ұштастыру әрбір ұстаздың міндеті. Біздің жағдайда бала толық білім алу үшін табиғат көрінісі, саябақ аллеялары, музей жәдігерлері, Қ.А.Ясауи кесенесі т.б. қажетті орындармен таныстыру мақсатында жазғы пленэрлік сабақтар жүргізіліп отырады. Сол сияқты саяхат сабақтары ұйымдастырылады. Шеберлер шеберханалары оқушылардың сабақта өтілген жұмыстарын шеберхана шеберлерімен өткізген сарамандық жұмыс арқылы жоғары деңгейлік бағытта шыңдалады. Дегенмен, жабдықталған сыныптар мен шеберханаларда білім алған тиімді болар еді. Оқушылардың шыңдалатын бірден-бір тағы бір мектебі ол – көрмелер мен байқаулар.

 

– Расында, шығармашылық көрмелеріңіз туралы көп жерде айтылып, көрсетілуде. Жалпы сипаттама берсеңіз.

– Мектептің 2 галереясы бар кезде ұстаздар мен оқушылардың жарты жылдық, жылдық шығармашылық көрмелерін ұйымдастырып тұрушы едік. Қазір ондай көрме галереямыз жоқ, бұл біріншіден. Галерея бар кезде халықаралық және елімізге танымал бейнелеу және қолөнер шеберлерінің көрмелерін өткізіп тұрушы едік.

Екінші жағдай, екі жыл көлемі болды, пандемиялық індетке және соған қарсы шектеулерге байланысты шығармашылық көрме ұйымдастыру үрдісі тоқтап қалды. Міне, биыл сол жұмысымызды жандандыру мақсатында Түркістан облысы, Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Е.Төлебаевқа жасаған ұсынысымыз қолдау тауып, сол жерде өткіздік. Мүмкіндікті пайдаланып, мекеме басшысы Е.Төлебаев пен ұжымына алғысымызды білдіремін. Көрмеге барлық ұстаздар мен оқушылардың шығармашылық гобелен, майлы бояу және графикалық жұмыстары қойылды. Басты негізгі нәрсе, үйірме жетекшілері оқушыларымен бірге күнделікті сабақтағыдай «шебер сыныптарын», яғни оқушымен тығыз байланыста бұйымдарын жасау тәсілдері мен шеберліктерін көрсетті. Көрмеге қатысушы әрбір оқушы көпшілік алдында қолөнерге деген талаптары мен қабілеттерін шеберлікпен жоғары деңгейде көрсете білді. Мысалы, сурет және кескіндеме үйірмелерінің оқушылары залдың ортасында шеңбер етіп жайғаса отырып, сурет салу және бояу арқылы керемет ойларын қағаз бетіне түсіре білді. Тоқыма және гобелен немесе тігін және дизайн үйірмесінің оқушылары жүнді түту, өңдеу, ши, бисер, сырмақ және гобелен өнерлерінің жасалу жолдары мен бұйымдарын көрсетті. Тігін өнері арқылы кесте, құрақ, ұлттық киім үлгілері мен сәукеле және заманауи сәндік киім үлгілерін көпшілікке паш етті. Ағашты, теріні және былғарыны көркемдеп өңдеу, зергерлік үйірмелерінің оқушылары асқан шеберлікпен жасалған ағаштан жануарлар мүсіндерін, астау-ыдыстарын және ұлттық аспаптардың, домбыраның жасалу реттіліктерін көрсетті. Теріден жасалған қаптамалар, тұмар, сандық, сәндік үлгідегі әмиән түрлері көпшілік назарында болды. Күміспен қапталған, терімен көмкерілген полат семсер көрменің тұмарына айналды. Зергерлік үйірмесінің оқушылары металды түрлі тәсілде өңдеу арқылы алқа, білезік, жүзік жасап көрермендерді тамсандырды. Керамика және мүсін үйірмесінің саз балшықтан жасалған қыш құмыра жұмыстары көне Түркістанның көзіндей жәдігер іспеттес орын алды. Халқымыз «Өнерде шекара жоқ» деп айтқандай, бұл көрме соның дәлелі болды. Ұлттық қолөнеріміздің мерейі бұл шығармашылық көрмеде үстем болды. Ұстаздарымыз Бейсенова Жұпар, Мусабекова Бибіхан, Аманқұл Нұрдәулет, Рысбеков Қаныбек, Әбдіреим Сұлтанғали, Сталинбеков Ислам, Исматов Сейфулла, Рысбаева Ұлбосын, Оразова Эльмира, Сарманова Гүлшара, Мырзаханова Айгерім, Ибрагимов Әнуар, Сәдібекова Гүльмира, Хабибуллаева Фатима, Исмайлова Мөлдір, Аманқұлова Нәзікүл және он саусағынан өнер тамған шеберлеріміз – Рысбаев Абайхан, Миншарипов Дәуреннің жұмыстары көрменің ажарын ашты. Ұстаздардың да, оқушылардың да еңбектері еленіп, қоғам қайраткерлері атынан түрлі дәрежедегі алғыстар мен марапаттарға ие болды.

 

– Сіздердің үйірмелеріңізге оқушыларды қабылдау тәртібі қалай жүргізіледі? Қай жастағы жасөспірімдерді қабылдайсыздар және қалай оқушы жинайсыздар?

– Алғашқы кезде үйірмелерге қатысамын деген баланың ата-анасының, асыраушысының ұлын не қызын мына үйірмеге деп өтініш білдірсе, мектеп тізіміне бұйрық арқылы қабылдаушы едік. Әрине, өтінішпен бірге арнайы құжаттар тізімі болатын. Қазір 3-4 жылдың көлемі болды түрлі электронды бағдарламалар жүйесі арқылы қабылдау керек. Бұл жүйенің ата-анаға да және оқушыны үйірмеге тіркеу барысында мектепке де көптеген кедергілері бар. Бұл жүйе барлық қосымша білім мекемелеріне яғни, үйірмелер мен секцияларға қатысуға кедергі болуда және уақытты алуда. Десе де, қатысам деген жасөспірімнің бетін қайтарып кері қайтарған емеспіз, керісінше белін буып қалаған өнеріне үйретудеміз. Негізгі үйірмелерге 12-13 жастағы жасөспірімдерді қабылдаймыз. Жоғарыда атап кеттік, бізде «даярлық сыныбы» бар, оған бастауыш сыныптың 3-4 сынып оқушыларын қабылдаймыз. Оқушы 5-сыныпқа көшкен кезде өзінің қалауы бойынша қалаған үйірмесіне бұйрықпен ауыстырылады. Бұл «даярлық сыныбында» бүлдіршіндерді қолеңбегі және қолөнер бойынша даярлық жүргізіп, жоғарыда аталған үйірмелерге бейімдейді.

Мектебіміздің мақсаты, шекарасыз да шексіз өнерді жас буынға жас шыбықты игендей үйретіп, ұлттық қолөнердің құдыретін көтеру және жандандыру. Сондай-ақ үйірмеге қатысам деген ұрпаққа есігіміз әрқашанда ашық.

Түркістан, қанша ғасыр өтсе де, тарихтың төрінде. Көк күмбезі біз үшін, көк байрағымыз секілді, қасиетті, киелі. М.Жұмабаев ағамыз, Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой. Түркістандай тамаша жерде туған, Түріктің тәңір берген несібі ғой – деп жырлағандай, жүрегімізде Түркістанымызға деген қуаныш кернейді. Қаланың төріндегі Қ.А.Ясауи кесенесі – сәулет өнерінің биік шыңы, қолөнердің күре тамыры.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Leave a reply