Түркістан мен Самарқанд арасындағы байланыс нығайып келеді

0
113

Кеңестік дәуірден қалған «города-побратимы» ұғымы – Тұманды Альбион, Франция, Италия елдерінде «егіз қалалар», Құрама Штаттар мен Оңтүстік Азия елдерінде «апалы-сіңлілі қалалар» ұғымына сайса, Германия, Польша, Чехия үшін «серіктестер» сөзі оң жамбасқа келеді екен. Сырдың арғы жағында судан шыққан сұлудай – Самарқан, бергі жағасында түркінің жауһары, қазақтың гауһары – Түркістан жатыр. Тонның ішкі бауындай ежелден тату жұрт. Тек түпкі ниеттің тарихи тағдырластықтан, мәдени тамырластықтан, достық ықыластан туғанын ұғыну ләзім.

Күмбезді Түркістан түлеп «жаңа шаһар» бой көтеріп келеді. Ұлы Жібек жолындағы қос қаланың маңызы бүгінде тағы артып, даңғыл жол жалғанып келеді. Қазіргі таңда Түркістан мен Самарқанда қалалары арасында туристік, экономикалық байланыс орнатылған. Оған бір дәлел «Түркістан – Самарқанд» халықаралық автобус бағытының  ашылғандығы. Аталған бағыттың ашылу екі елдің арасында туристер ағынының  артуына, жаңа туристік бағыттар қалыптастыруға  және ынтымақтастықтың нығаюына  оң әсерін тигізіп келеді.

Жақында Самарқанд қаласының әкімі Фазлиддин Умаров Түркістаннан келген өкілдерді арнайы қабылдап, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековке қала күніне орай жолдаған құттықтауы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, алдағы уақытта екі елдің көне шаһарларының іскерлік байланысын нығайтуға ниеттестігін жеткізді. Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы бас консулы Қанат Қасенов, Түркістан қаласы Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаев екі қаланың ортақ мүмкіндіктері туралы айтып, туризм мен өнеркәсіпті өркендету шарттарымен бөлісті. Туризм мен кәсіпкерлік салаларында, сондай-ақ абаттандыру жұмыстарында тәжірбие алмасу және ортақ жобаларды жүзеге асыру қалалар арасында түзілетін бауырластық меморандум аясында жүзеге асатын болады.

Leave a reply