ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДЫ ЖҮЙЕЛЕНДІРУ БАСТЫ НАЗАРДА

0
109

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады. Өткен айдың орта тұсында елімізде мүгедектер күні атап өтілді. Бұл күні Түркістан қаласында да назардан тыс қалған жоқ. Қала әкімі Н.Тұрашбековтің бастамасымен мемлекеттік қолдау шараларынан бөлек, демеушілер есебінен көптеген игілікті бастамалар қолға алынуда. Соның ішінде қасиетті қаламызда ерекше қажеттілігі бар 9523 азамат болса, бүгінгі күнде аталған азаматтардың 3585-не қажетті медициналық құралдар берілген.

Қолда бар мағлұматтарға жүгінсек, ел аумағында 702 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады екен. Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 702,1 мың мүгедектігі бар адамның 424,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60,5%), 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) және 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%). Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат олардың қоғамға толыққанды кірігуіне және халықтың осы санаты басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т. б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталған.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдауды; әлеуметтік оңалту шеңберінде организмнің жоғалтқан функцияларының орнын толтыруды; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері ескеріле отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Былтыр қыркүйекте ҚР Парламенті қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның ерекше маңызы бар. Құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға арналған жәрдемақыны енгізу қарастырылған. Нәтижесінде бұл жәрдемақы бөгде адамның күтімін қажет ететін қосымша 24 мың адамды қамтиды. Сондай-ақ, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37% – ға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шара мүгедектігі бар 30 мыңнан астам балаға қатысты болады.

Сондай-ақ заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен ОТҚ-мен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету заңның тағы бір жаңашылдығы болып табылады. Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.

Және де, заңда мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту қарастырылған, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсер етеді. Тағы бір айта кетерлігі, халықтың басқа санаттарымен қатар мүгедектігі бар адамдар тұрақты тұратын немесе қызмет алатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін регламенттейтін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, барлық МӘМ-де бейнебақылау камераларын орнату қарастырылған. Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. МӘМ-дегі туыстары мен жақын адамдарының жазбаларды көруге рұқсаты болады.

Бұдан басқа, МӘМ директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Бұл азаматтармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тарту арқылы өңірлердегі кадрлық дағдарыс проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, МӘМ-нің материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормативтері жақсарған. МӘМ қызметі әлеуметтік қорғау органдарының тұрақты бақылауында.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманың рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында Еңбекмині мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Осы айдың өзінде жоба Қазақстанның 6 өңірінде пилоттық негізде болады. Оны іске асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанциялар бойынша жүруін және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді.

Әр жылдың қазан айында жергілікті атқарушы органдар мүгедектер күніне орайластырылған салтанатты іс-шаралар өткізеді (байқау-конкурстың, шығармашылық фестивальдердің, Паралимпиада ойындарының, арнайы Олимпиадалар мен чемпионаттардың жеңімпаздарын марапаттау), мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан белсенділерге құрмет көрсетеді. Қалалар мен аудандардың әкімдері мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды аралайды. Медициналық-әлеуметтік мекемелер мен оңалту орталықтарында мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған «Ашық есік күндері» өтеді. Сонымен қатар, қайырымдылық акциялары аясында мүгедектігі бар ауыр науқастарға бару жоспарланған, оларға азық-түлік себеттері беріледі.

Тағы бір айта кететін жаңалық, бұрын тек қана жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар қызметтерінде көрсетілген ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 6 жаңа қызмет онлайн форматқа ауыстырылды және «Электрондық үкімет» порталында қолжетімді болды. Енді, қолданыстағы 18 онлайн қызметтен басқа тағы 6 қызмет қол жетімді болды. Атап айтқанда, ымдау тілі маманын ұсыну, жеке көмекшіні ұсыну, санаторий-курорттық емдеу, сурдо-тифлотехникалық құралдар, міндетті гигиеналық құралдар, кресло-арбалар мен протездік-ортопедиялық көмек көрсету. «Бұл қызметтерді іске асыру біз үшін басым бағыттардың бірі болып табылады. Біздің міндетіміз – ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтар барлық қажетті мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алатындай етіп жасау. Біз жүктелген маңызды жауапкершілікті түсінеміз және Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, осындай сервистерді ұсынуды жақсарту мақсатында өз тарапымыздан барлық қажетті шараларды қолданамыз», – деп түсіндірді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

eGov.kz порталда қызметтерді көрсетуге өтінім беру үшін тиісті қызметті, тиісті техникалық оңалту құралдарын, қызметтерді жеткізушіні таңдау, өз қажеттіліктерін ескере отырып, жеке оңалту бағдарламасы толық орындалғанға дейін өтінімнің мәртебесін қадағалау қажет. Бұл қызметтерге тапсырыс бере отырып, үйге жеткізуді таңдауға болатынын, «Қазпошта» курьерлері қажеттінің бәрін жеткізетінін атап өту керек. Бұдан басқа, eGov mobile мобильді қосымшасында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске асырылған 2 цифрлық құжат қолжетімді болды. Бұл зейнеткер куәлігі және қандас куәлігі. Енді, қосымшаны жүктеп алған қазақстандықтар өз құжаттарының 12 цифрлық көшірмесін пайдалана алады.

Осы ретте атап өтетін жайт, Түркістан қаласының тұрғындары да осындай қолдау шараларынан шет қалып жатқан жоқ және аталмыш жаңашылдықтардан хабарсыз болмауы тиіс екенін де еске сала кетейік.

 

Leave a reply