ТӨЛЕБИЛІК КӨПБАЛАЛЫ АНА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН КӘДЕСЫЙ ДАЙЫНДАЙТЫН ЦЕХ АШҚАН
Төлеби ауданындағы Ақбастау елді мекенінің тұрғыны Ақмарал Есқұлова мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан. Ол қаржысына кәдесыйлар мен ойыншықтарды дайындайтын арнайы қалыптар, гипс, бояу және дайын өнімді орайтын қораптар сатып алған. Бүгінде кәсіпкер туған күн, тойбастар, тұсаукесер, бесікке салу, құдалық секілді қуанышты күндерге тапсырыс қабылдайды. Сонымен қатар, ол үйінің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырған. Оған ұл-қыздары ойыншықтарды арнайы қалыпқа салып, бояуға көмектеседі. Алдағы уақытта тапсырыс саны артса, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетсек, Төлеби ауданында былтыр ісін жаңадан бастаған жекелеген азаматтарға өз кәсібін ашуға 90 адам қайтарымсыз грант алған. Биылғы жылы да «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілуде.
– Қайтарымсыз қаржы алуға кімдер үміткер бола алады?
– Өткен жылдың 7 ақпанынан бастап гранттар берудің қағидасы түбегейлі өзгерді. Яғни гранттар екі бағытта беріледі. Біріншіден, азамат жұмыссыз ретінде міндетті түрде тіркелуі тиіс. Екіншіден, жеке кәсіпкерлікпен шұғылдана бастағанына үш жыл толмаған кәсіпкер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) болуы керек. Ең маңыздысы, бағыты халықтың әлеуметтік осал тобына жатуы тиіс. Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек:
– мүгедектігі бар адамдар, қандас мәртебесін алғандар, қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері, аз қамтылған отбасы мүшелері, көп балалы отбасының мүшесі (жұбайы, зайыбы), мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар (жұбайы, зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатындар. Осы санатқа жатқызылған азаматтарға ғана грант алу құқы беріледі.