Saturday, November 23

Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі

0
107

«Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың  төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті». Биыл Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген болатын.

Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.

«Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түркістан бүгінде өзінің көркімен таңқалдыратын дәрежеге жетті. Түркі әлемінің рухани астанасы тотыдай түрленіп, адам танымастай өзгерді. Бұған дейін киелі шаһарда көптеген нысандар бой көтерді. Алда көптеген ғимараттардың құрылдысы жоспарлануда.

Мәселен  Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны салу жоспарланған. Атап айтқанда, теннис орталығы салынып, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге инженерлік инфрақұрылымын салу жұмыстары жалғасуда. Ал халықаралық әуежай аумағында 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, 3 ұшаққа тұрақ, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.

Түркістанның мәдени-рухани орталығын дамыту жұмыстары жалғасуда. Шаһардың дамуының 2-кезеңі төрт аумақта жүзеге асырылып жатыр. Мәдени-рухани орталықта «Күлтөбе» қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджді қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы бой көтеріп келеді. Сондай-ақ Бекзат Саттарханов даңғылының бойында спорттық кешен, «Яссы» желілік саябағы, ірі сауда орталықтары бой көтеріп, 182 га универститеттік ботаникалық бақты күтіп-баптау, «Парк Лайн» коттедж кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бекзат Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешені орнынан қазіргі заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы былтыр басталған болатын. Жобаға биыл 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нысан құрылысы келесі жылы аяқталады. Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру міндеті жүктелді. Осы бағытта жұмыс қарқыны бәсеңдеген емес.

Жалпы Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңге, оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар. Яғни бюджеттен бағытталған 1 теңгеге жеке инвестициялардың 3 теңгесі тиесілі. Жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. теңгеге жеткізілетін болады. Құрылысқа жауапты басшылар мен мердігерлер ел алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, жұмысты адал әрі сапалы атқаруға шақырды билік басындағылар.

Leave a reply