«БЕКЗАТТА» 10 ҮЙ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

0
102

Тарихи мекенде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау яғни, әл-ауқатын арттыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Соның ішінде тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу үшін жыл басында жүз бірліктен астам үйлерді жөндеу жоспарланған еді. Қазіргі таңда соның Түркістан қаласында көпқабатты 46 үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Көпқабатты 54 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл ретте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков әлі де жөндеуді қажет ететін 23 үй барына тоқталып өтті.

Сонымен бірге, тақырыбымызға арқау болған «Бекзат» секторында көпқабатты тұрғын үй саны он бір болса, оның 10-ы күрделі жөндеуден өткенін айта кетуіміз керек. Дәл осы мәселе көптен бері шешімін таппай келе жатқан болатын. Ондағы қос қабатты үйлердің тұрғындары тіпті билік басындағылардан күдері үзуге шақ қолған болатын. Ал қазір бәрі басқаша. Қалған бір тұрғын үйдегі жөндеу жұмыстары үстіміздегі айдың соңында аяқталуы тиіс.

Сонымен бірге, алдағы уақытта қала аумағында он бір мектептің құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде «Бекзат» секторында бір мың екі жүз орынды құрайтын бір мектеп құрылысын жүргізу көзделген. Биыл «Бекзат» секторында бір нысанның құрылысы аяқталып, екі мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Және де тұрғындардың өтініші негізінде бір трансформатор орнатылды.

Түркістан қаласының бастыс бөлігіндегі бұл аймақта автокөлік пен теміржол телімдері түйісетін тұста түйіні тарқалмаған, жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер жеткілікті. Осыған орай шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков «Бекзат» секторындағы Еділбаев атындағы мектепке арнайы атбасын бұрып, жергілікті тұрғындармен пікірлесті. Бұл «бекзаттықтармен» әкімнің төртінші тоқсандағы жүздесуі. Бұған дейін жалпы жыл басынан бері өткен үш кездесу нәтижесінде жүзден астам мәселе көтерілген болатын. Оның алпыс бесі орындалды. Оның барлығы да инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру мәселелеріне қатысты болып отыр. Қазіргі таңда он екі мәселе бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жиырма төрт мәселенің заңдылығы түсіндірілді.

«Бекзаттықтардың» ең үлкен өтініші – бұл шағын ауданның аумағындағы жолдардың тозығы жетуіне қатысты. Кеңес Одағы кезінде ғана жөндеу көрген жолдардың ой шұқыры көп. Жаңадан жөнделгендерінің сапасы сын көтермейді. Жамау-жамау жолдарды жүгі ауыр автокөліктер ойдым-ойдым етіп тастаған. «Бекзат» секторында 118 көше болса, оның ішінде 20 көшеге ғана асфальт жол төселген. 83 көшеде тас жол, 15 көшеде топырақ жол бар. Оның өзі де жаздың ыстығында топырағы бұрқырап, шаңы аспанға шығып жатса, көктем мен күзде лай-батпаққа айналады.

Ағымдағы жылы әупіріммен 8,6 шақырым құрайтын он алты көшеге тас төселді. Жеті шақырымдай құрайтын үш көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді.

Көптен бері тұрғындардың айтып келе жатқан өзекті жайы жақын арада шешілмек. Ол теміржолдан кесе өтуінің мәселесі. Әкімнің айтуынша, келесі жылға екі нысанның құрылысы жоспарлануда. Көпшілік халықтың сұранысына орай, осы темір жол аумағындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы екі көпірінің құрылысын 2023 жылы бастап, жыл аяғына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Әліби Жангелдин көшесіндегі құрылыс жұмыстарын да келесі жылы аяқтау қарастырылды.

Нұрбол Әбдісаттарұлы кездесу барысында тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Сектор тұрғындарының саяси науқандарға ұйымшылдықпен қатысып, азаматтық міндеттерін жүзеге асырып, референдум мен кезектен тыс президенттік сайлауға белсенді қатысқандары үшін алғысын жеткізді.

 

Leave a reply