АТАКӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ

0
109

Елімізде атакәсіпті жалғастырып, ұлттық қолөнерді жанына серік еткен азаматтардың қатары аса көп емес. Сондай жандардың бірі, ұлт жанашыры, табиғатты қорғауда табандылықпен еңбек еткен Тасболат Сүйінбайдың ұлы Жанболат ағамыз. «Әке көрген оқ жонар», демекші он екі жасында асқар тау әкесінің жанында жүріп, ер-тұрман жасаудың сырын меңгерген Жанболат Тасболатұлының бойында «кәсіпті адал атқару керек» деген әке сөзі мәңгі сақталып қалған. Бүгінгі кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымы да осы әке өсиеті.

Жылқы – қазақ ұлтының ежелден келе жатқан төрт түлік малының бірі. Ішсең сусын, жесең ет, мінсең көлік, кисең киім болатын жануардың адамзатқа пайдасы мол. Сондықтан болса керек, жеті қазынаның біріне баланған жылқыға деген ұлтымыздың құрметі ерекше. Ат баптаудың өзі үлкен өнер. Соның ішінде ер-тұрман яғни, ат әбзелінің орны бөлек. Осындай ұлттық құндылықтарымызды дамыту, насихаттау, келер ұрпаққа үлгі ретінде қалдыру – нағыз шебер, өнерлі һәм дарынды жандардың қолынан келеді. Әлем елдері қызығушылық танытатын ұлттық туындымызды жасауда қолөнер шебері Жанболат Сүйінбайды ерекше атай аламыз. 12 жасынан бастап әкесіне көмектесіп, ағаш дайындап, қырқып, тері илеуді игерген ол, 22-23 жасында өзі жеке ер-тұрман жасауды қолға алған.

1979 жылы Нұртас ауылында дүниеге келген Жанболаттың әкесі Тасболат Сүйінбаевтың есімі елге кеңінен таныс. Ол өзінің кәсіби жұмысын тастап, 1989 жылы «Атамұра» кооперативін ашқан. Яғни, қолында кез келгенге бұйырмаған өнері тұрғанда өзге жұмыспен айналысуды жөн көрмеген. Бұл өнер әкесі Тасболаттың нағашыларынан дарыған-ды. Тасболаттан тараған төрт ағайынды Жанболат, Қуаныш, Есболат, Октябрь де өнерге жақын. Бірі шебер, бірі зергер болса, тіпті бірінің ақындығы да бар.

Шеберге Қырғызстан, Өзбекстан, Италия, Түркия, Араб, Ресей сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін тапсырыстар мен сұраныстар да жетерлік.

– 2015 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде 40 күн қолөнершілер фестивалінде болдым. Сол жақта жүріп, бір ат әбзелін дайындап шықтым. Сексеннен асқан егде жастағы ақсақал қызығып, күнде немересімен келетін. Сол жұмысым аяқталғанша күтті. Және күткеніндей, сол кісіге бұйырды. Ол кезде ақысы 300 мың теңгеге бағаланды. Ал, қазір, мельхиордан жасалғаны 500 мың, ал күмістен жасалғаны 1 млн теңгені құрайды. Тапсырыс берушілердің саны қуантады. Оларға жұмыстың сапасы маңыздырақ. Сапа болған соң және үлкен еңбекті талап еткен соң бағасы да соған сай, – деп естеліктерін айтты.

Ж.Тасболатұлы ер-тұрман жасаудың өзіндік техникасымен де бөлісті: «Бір ат әбзелін жасауға бір ай уақыт кетеді. Әбзел ағаштан тұрады. Ол – көк тал. Мұны Оранғай, Теке ауылдарынан бір жыл бұрын тапсырыс беріп аламын. Қысқы шілде мен жазғы шілдені көру керек. Сосын көлеңкеге тастаймыз. Яғни, бір жыл уақыт кетеді. Оны күздің күнінде, ағаш ұйқыға кеткенде кесемін. Күзде қырқпаса, жазда болмайды. Жазда ағаштың бойынан сөлі шығып кетеді. Ал, бойынан сөлі кеткен ағаш, бұйым болып жарытпайды. Жалпы, әбзелді құрап жасаймыз. Ол әртүрлі бөліктен тұрады. Сосын, түйенің терісін илейміз. Оны Шымкент, Тараз қалаларынан, яғни жан-жақтан әкелеміз. Олар желіммен жабыстырылады. Желім қолдан қайнатылады. Шикізатты арнайы Өзбекстаннан аламыз. Одан соң жылқы мен сиырдың сіңірін 15 күндей тұзбен кептіріп, тағы 15 күн тұзда пісіреміз. Піскеннен соң, 15-20 күн күннің астына кептіреміз. Ол мақта сияқты түтіледі. Сосын, әлгі желіммен жабыстырамыз. Оның қаттылығы сондай, үзілмейді. Терінің иленгенін, дайынын аламыз. Сапасына міндетті түрде қараймыз. Ал, оюлар алдымен қағазға түсіріліп, сосын ойып, қыздырып, 300 градус ыстықта басамыз.

Негізі, әр бөлігін түрлі маман жасауы керек. Дегенмен, былғары илеуді де пішуді де, тігуді де барлығын өзіміз жасап үйренгенбіз. Бір сөзбен айтқанда – әмбебап маманбыз. Біз барлығын ескі технологиямен жасаймыз. Құралған ат әбзелі атқа жайлы әрі ыңғайлы болуы керек. Кезінде ата-бабаларымыз оны жасаудың есебін жақсы ойластырған. Математиканы аса үйренудің қажеті жоқ. Көз өлшемімен-ақ есептеуге бола-ды. Бәлкім, қазақтардың бұл дүниені жасаудағы артықшылығы да осында шығар? Әбзелдің алды жарты, ал арты бір қарыс болады. Оның бәрі есеппен».

«Кезінде әкемізге «Дайын желім неге алмаймыз? Мұны өзіміз қайнатып, уақыт жоғалтудың не керегі бар?» деп балалықпен айтатын едік. Сонда ол: «бұлай жеңіл жолды таңдайтын болсаң жұмыс істемей-ақ қой. Ол арам тірлік болады. Сосын сол ақшамен бала-шағаны бағасың. Олай өскен бала өзіңе арамдық жасайды»,- деп айтқан. Сол өсиетті сөздерімен жеңілдің үстімен емес, ауырдың астымен жүруге үйрете білді», – деген әкесінің сөзі оған ерекше сабақ болған.

Шебердің жары Гүлзира таза былғарыдан «Атамұра» деп аталатын әмиян жасайды. Ұлттық нақыштағы дүние «EXPO-2017» Халықаралық көрмесінде сатылымға шығып, қонақтарға да ерекше ұнаған. Оның ұл-қыздары да бұл өнерден кенде емес. Тұңғышы Ерқанат аса қызықпаса да, әрдайым қолғабыс беруге әзір тұрады. Ол құрылысшы болуға, осы мамандықты жан-жақты игеруге құштар. Екінші ұлы Рамазан Шымкент қаласындағы «Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектебін» биыл тәмамдаған. Ал, үшінші ұлы Нұрдәулет белгілі зергер Қ.Тасовтан шеберлік сабақтарын алады. Қыздары Шапағат пен Қарақат аналарына әмиян, тұмар жасауға қолғабыс етеді. Кіші қызы Қарақаттың болашақта дизайнер боламын деген асқақ арманы бар.

Бүгінде Жанболат Тасболатұлының қол астында екі шәкірті жұмыс істейді. Бағланға 7-8 жыл болса, Темірғалым 3 жылдың көлемінде шеберхананың бүкіл тынысын игеріп алған. Бағлан қажетті заттарды кесуде, ал Темірғалым тазалау мен құрастыру істерінде қолғабыс етеді. Олар істеген еңбегіне қарай ақы алады әрі осынау өнер түрін барынша игереді. Бірі психолог, бірі еңбек пәнінің мұғалімі болса да, жігітке жеті өнер де аз екенін жақсы біледі.

Жылына 12-13 ер тұрман жасайтын шебердің үйіне шаһарымызға келген туристер аяқ басып, жасалу жолын өз көздерімен көруге асығады.

Ж.Тасболатұлы: «Шәкірттер бізге қарап бой түзеп, қызығып әрі адал ақша табуға үйренеді. Дегенмен, көбісі бұған шыдамайды. Кейде, тапсырыс болса, ұйықтамай жұмыс істейтін сәттер көп болады. Ал қолымдағы мына ер-тұрман Ақтөбе қаласында жаңадан ашылғалы жатқан музейге арнайы жасалып жатыр. Ат әбзелін түрлі мерейтойларда немесе құдалар бір-біріне кәде ретінде беріп жатады. Былтыр шілде айында Мәскеуде Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Бес күн көрмеде болдық. Композиторлар, қолөнершілер, әншілер, бишілер, архитекторлардан құралған 150 адам болып барып, өнер көрсеттік, шеберлігімізді таныттық. Ресейде қазақтар өте көп. Дегенмен, олар ұлттық бұйымдардың қазақша атауын ұмытып қалған. Сол секілді, Астанаға жылда қала күнінде шақырту аламыз. Сонда тұрсақ, бір ағамыз келіп, атауын айтайын десе ұмытып қалған. Жанында немересі бар. Сөйтсе, немересі атасына: «Мынау не, тасбақа ма, тасбақа жасап қойған ба?», – деді. Атасы да не деп айтатын еді, бұл «седло» деп орысшасын айтып жатыр. Мен «ер-тұрман» деп түсіндіріп өттім. Солтүстік өңірде оны барлығы білгенімен, атауына келгенде орысша айтып немесе не екенін толықтай айта алмай жатады. Осындай сәтте жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды терең түсіндіруге тырысамын», – деген ойын жеткізді.

Жанболат Сүйінбай – бүгінде шетел және еліміздің түкпір-түкпірінен жұрт арнайы іздеп, қолынан шыққан ат әбзелін сұрастыратын шаһардың мақтанышы, өнерлі азамат. Ол дүниежүзілік туризм күніне арналған «Менің туған өлкем» туристік фестиваліне, 2015 жылы 15 қараша мен 15 желтоқсан аралығында шейх Заид пен Сұлтан Әл Нахаян атындағы «Әбу Даби Халықаралық мәдени мұра» фестиваліне, ОҚО-ның 80 жылдығына арналған Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің қатысуымен өткізілген Халықаралық «Жаңа Ұлы Жібек жолы», «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі сынды көптеген жәрмеңкелер мен көрмелерге белсене қатысып, түрлі алғыс хаттар мен сертификаттарға ие болғанын да айта кеткен жөн.

P.S. Мақалаға арқау болған кейіпкеріміздің жетістіктері үлкен еңбек пен тынымсыз түндердің нәтижелі жемісі. Әкеден қалған мұраны жандандырып, енді бүкіл отбасымен адал еңбектің нанын жеп, әрі сапалы дүниелерінің нәтижесінде көптің ықыласын алып жүрген Сүйінбаевтар отбасын қалай дәріптесек те жарасады. Он саусағынан өнер тамған мұндай отбасы кім-кімге де үлгі. Салт-дәстүрімізді жаңғыртуы және оның түрлі қалалар мен шетел асуы да тұран дескен Түркістанның абыройы деп білеміз.

Leave a reply