КӘСІПКЕР ҮШІН МҮМКІНДІК МОЛ, ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗДА

0
145

«Қуаныш» ЖШС-нің директоры, Түркістан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Намазбаева Инара Әбдіғаппарқызына жолығып, өзі басқарып отырған «Қуаныш» сауда орталығы мен қоғамдастықтың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелесіп қайттық.

– Инара Әбдіғаппарқызы, елімізде орын алған пандемияға байланысты көптеген кәсіпкерлік нысандардың жұмысы тоқтап қалған жайы бар. Соның ішінде «Қуаныш» ЖШС-і сауда орталығының жұмыс режимі кестеден ауытқып, карантинге байланысты ашылып, жабылып жатты. Осы ретте Сіздерге көлденең туындаған қандай кемшіліктер болды?

– Иә, «Қуаныш» ЖШС-і төрт қақпалы Түркістан төріндегі ең көне сауда орталықтарының бірі. Бүгінде заман талабына сай жұмыс істеуде. Әйтсе де бұл пандемия дерті елімізге еніп, бәрімізді әбден әбігерге түсірді. Осы тұста біздің сауда орталықтағы кәсіпкерлерге де айтарлықтай салмақ салды. Олай дейтінім, 2 мыңға жуық кәсіпкер осы базардан күнделікті табысын тауып отыр. Сондықтан да карантин режиміне сәйкес біршама уақыт сауда орталығы жабық болды. Талап пен ережеге бағынып, жұмыс тоқтаған болатын. Дегенмен, кәсіпкерлер карантин режимінде «Сауда орталығы жабылып қалды…» деп қарап отырған жоқ. Басым бөлігі өз тауарларын онлайн сауда бойынша өткізіп отырды.

Қазір ХХІ ғасыр – интернеттің дәурені жүріп тұрған заман. Екінің бірінде смартфон бар. Біздің сауда орталықтың арнайы @kuanysh_turkistan атты инстаграмдағы парақшасы арқылы әр кәсіпкердің тауарын жарнамалап, онлайн сауда жасауға ықпал еттік. Сонымен қатар, осы карантин кезінде базардың жабық болып тұрғанын пайдаланып, сауда орталықтың ішіне жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Асфальттер төсеп, келуші азаматтарға қолайлы жағдай жасап қойдық. Өздеріңіз білесіздер, кезінде базарымызда алапат өрт орын алған кезде де базар тоқтамай жұмысын жалғастырған болатын. Ал, карантин уақытында жабылғаны – ол індеттің азаюына тосқауыл болу, яғни Түркістан облысы Бас санитариялық дәрігерінің Қаулысына сүйене отырып, жұмысын тоқтатқан еді.

– Инара, үй мен түздің тізгінін тең ұстап, еңбектің бел ортасынан табылатын әйелдердің тындырымды іс-әрекеттері көпшілікке үлгі. Отбасындағы жақындарынан бөлек, қоғам мүшелеріне де жанашырлық танытатын облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының атқарып отырған игі істері жайлы айта кетсеңіз?

– Жалпы, біз нәтижелі жұмыс жасау үшін жоспарымызды белгілеп алып, сол бойынша іске кірісеміз. Іскер әйелдер қауымдастығының әрбір мүшесі – қоғамның тірегі. Олар нәзік жанды болғанымен пайымды пікір айтып, өзекті мәселені өткірлігімен шеше алатын қыз-келіншектер. Осындай аяулы жандардың көмегімен бірқатар іс-шараларды қолға алдық. Атап айтсам, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасы балаларына арналған қайырымдылық акцияларын өткізуді дәстүрге айналдырған-

быз. Одан бөлек «Біз біргеміз!» акциясы аясында 25 отбасыға бір реттік азық-түлік өнімдерін тапсырған болатынбыз. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, елдің жағдайы қиын кезде қауымдастықтың көмегімен 2 ИВЛ аппаратын сатып алып, Түркістан қалалық орталық емханаға табыстадық. Сондай-ақ, қаламыздағы №3 перинаталдық орталық дәрігерлерінің пандемия кезінде сақтық шараларын жасап, қорғаныс киімін алуға  қаржылай көмек көрсеттік. Одан бөлек, карантинге байланысты жұмыстары тоқтап қалған 37 жанұяны азық-түлікпен қамтамасыз еттік.

– Тәжірибелі кәсіпкер ретінде кәсіп ашқысы келетіндерге және жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз… Әсіресе, қазіргідей карантин кезінде қандай бизнеспен айналысса болады?

– Бүгінде елімізде шағын және орта кәсіп алдыңғы қатарда тұрған салалардың бірі. Бұл әлемдік тәжірибеде де дәлелденген. Дамыған елдер дәл қазіргідей бірнеше дағдарыстан өткен. Қатты сілкіген кезде шағын және орта кәсіпкерлер өз жұмыстарын сақтап қалады екен. Өйткені, олар аз болған соң салығын да төлеп тұра алады. Ал, үлкен кәсіпорындар қаусырап бұрқ етіп құлаған кезде шағын және орта кәсіп иелері өз бағыттарын дереу ауыстыра салады. Мысалы: торт, тәтті бәліш пісіріп отырғандар той-жиын тоқтаған уақытта дереу кәсіптерін тоқтатып, заманға сай, елге не қажетті соны жасап шығаруға ұмтылады. Бүгінде тандыр нан жабатын цехтар жабылуда. Дереу тандыр нан жабуды үйреніп, нан жабатын цехтың жұмысын үйлестіріп жіберуге болады. Міне, осылай кәсіпті ауыстыру арқылы өз жұмыстарын сақтап қалуға мүмкіндік мол. Сондықтан, айтарым, кәсіпкердің ойлау қабілеті ұшқыр болу керек. Әрине, кәсібін тез ауыстыру оңай емес. Десе де күнкөріс қамын жедел ойластыру өз қолыңызда дер едім. Біздің елде кәсіпкерлер үшін мүмкіндік мол. Оны жүзеге асыру жолында адаспау керек.

– Рухани байлық жайында ой-пікіріңіз қандай? «Жақсы кітап – жан азығы» дегендей, кітап оқуға уақыт табасыз ба?

– Бала кезімнен кітап оқуға жаным құмар. Кітап адамның жан дүниесін тек қана жақсылыққа толтырып, нәтижелі бағытқа өзгертері анық. Кітап оқу қай жаста болса да маңызды. Адам кітап оқу арқылы өседі, дамиды. Бірақ, адам әдеби кітаптармен ғана шектелмей, әр саланың кітабын оқығаны абзал. Атап айтсам, психологиялық кітаптарды, мақалаларды жиі оқимын. Мұндай кітаптарды оқып, өмірдегі түрлі мәселелерде қатысты дұрыс шешім қабылдауды үйрендім. Үйдегі шағын кітап сөремде заң туралы кітаптар көп. Өмірде әртүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Сондықтан, заңды білген адам ешқашан ұтылмайды. Анда-санда биографиялық әдебиеттерге де көз шалып тұрамын. Кітап оқу арқылы өмірде жетістікке жеткен тұлғалардың өмірімен таныса отырып, адам биікке талпына бастайтындығына көзім жетті.

– Инара, күнделікті өмірде не нәрсеге көңіл аудару керек деп ойлайсыз? Өзіңізді толғандырған, өмірден түйген ойыңызбен бөліссеңіз?

– Осы сауалға бір қорап піскен алмұрттарға ие болған әжейдің өмірлік мысалымен жауап бергім келеді. Бір әжей күнде алмұрттардың жақсысын ертең жеймін, ал бүгінше шірік алмұртты жей тұрайын деп шірік алмұртты жиірек жеген екен. Осылайша, жақсы алмұрттарын күнде үнемдеген әжейдің барлық алмұрттары шіріп кетеді.

Жалпы, бұл өмірде осы әжей секілді қаншама адам ертең жақсы жұмысқа тұрам, ертең спортпен айналысамын, ертең ағылшын тілін үйренемін, ертең әдемі болып жүремін деп өміріндегі маңызды тұстардың барлығын ертеңге ысыра береді. Осылайша бүгінгінің бар жақсылығынан құр қалып жатады. Тағы бір айтарым, біз өмірімізде «Денсаулық – басты байлық» деп жиі айтқанымызбен, өз денсаулығымызға мән бере бермейміз. Иә, «Дені саудың – жаны сау» дегендей дені сау адам – ең бақытты адам. Өкінішке орай, көп адам өтіп жатқан уақыты мен денсаулығының қадірін дер кезінде білмей жатады. Ал, осы екі дүниенің қадірін уақытында ұғынған адам өмірде бар жақсылыққа кенелетіні сөзсіз. Ал, бүгінде бүкіл әлемді жайлаған індет денсаулықтың қадірін түсіндіргендей. Бұл індет бізге ауаның да қадірін білуге үйретті деп ойлаймын. Аллаға шүкіршілік етейік, еңсесі биік болып, халқымыздың денсаулығы қуатты болсын. Бір-бірімізге мейірімділік танытып, қамқорлық көрсетуден жалықпайық.

Leave a reply