БАҚЫТЫН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАНДАР

0
172

Киелi қаламыздың өсiп-өркендеуiне өз үлестерiн сүбелi еңбектерiмен қосқан, бүгiнде еңбектерiнiң зейнетiн көрiп отырған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаттары – Аяжан Нуриддинова мен Махпират Хаятова апаларымыздың қызу еңбекке толы өмiр жолдарын жас ұрпаққа үлгi өнеге ретiнде көрсетуді мақсат еттік.

«Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей» деп ұлы Абай данамыз жырлағандай, кезiнде еңбек батырлары атанған апаларымыздың бүгiнде еленбей, көпшiлiк iс-шараларға да сирек шақырыла бастағандарына iштей өкпелерi бар сияқты. Оны әңгiмелесу барысында аңғарғанымыз рас.

– Бiз тiлшiлермiз, газеттен келдiк -деп кiргенiмiзде құрақ ұша қарсы алуларының да сыры осында жатқан секiлдi. Олай дерiмiз, «Жақсы қонақ келсе қой егiз табады» дегендей, iздеген апаларымыздың бiр дастархан басында отырғандарына бiз де қуандық. Ендеше, еңбек батырлары туралы әңгiмемiздi бастайық.

Аяжан Нуриддинова 1951 жылы 30 қыркүйекте «Победа» колхозында (қазіргі Қарашық ауылы) дүниеге келген. Жастық шағы туралы Аяжан апаның өзiн тыңдасақ:

– 1968 жылы ауылдағы «Победа» мектебiн бiтiрген соң, өз қатарларымнан қалмай оқуға барайын дегенiмде, әкем менi оқуға жiбермедi. Содан колхозда мақта терiмге шығып, жақсы терiп, көзге түстiм. 1969 жылы бiздiң колхозда механизаторлар курсы ашылды. «Ақыры, оқуға жiбермедiңiз, ең болмаса 6 айлық механизаторлар курсын оқуға рұқсат берiңiз»-деп әкеме айтқанымда рұқсатын бердi. Курсты да оқып, мақтаны да терiп, көпке үлгi боп жүрдiм. Механизаторлар курсын бiтiрiсiмен колхоз бастығы Сайдан Жамалов пен партком секретары Зайниддин Мұхитов бiздi, терiмшi Зумрат Нышанбаева екеумiздi Мәскеуде өтетiн Бүкiлодақтық ауылшаруашылық көрмесiне жiбердi. Мәскеуге барып, жерлестерiмiз – Социалистiк Еңбек Ерi Ергеш Иззатуллаев пен мақта бригадирi Ибрагимов Бабаханның терген мақталарын көрмеге сабақтарымен қойып қойғандарын көрiп, қатты қуанып қайтқанбыз.

Көрмеден келiсiмен колхоз бастығы менен: Трактор айдайсың ба? -дедi. Мен: – айдаймын,-деп жауап берсем де, әкемнен рұқсат сұрадым. Әкем: «менi ұятқа қалдырмайтыныңа сенемiн» деп батасын бердi. Ол кезде екi адам бiр звено боп саналады. Содан не керек, трактористердiң барлығы өңкей ер кiсi-лер. Менiмен ешқайсысының бiр звено-да болғысы келмейдi. Ендi оларды да түсiнуге болатын шығар. Мектептi жаңа-дан бiтiрген жап-жас қызбын. Тракторды қалай айдайды, айдаған күнде де жұмыс iстеп қарық қылмайды»,- деп ойлаған болса керек. Бiр уақытта Акрам Бабанов деген тракторист: «мен аламын, екеумiз бiр звено боламыз» дедi. Бiр звеноға 50 гектар жерден бөлiп бередi. Бұл 1971 жыл болатын. Трактор айдауға да төселiп, жақсы қырымнан көрiне бастадым. 1972 жылы ауылдың азаматы Тәжiхан Омаровқа тұрмысқа шықтым. Келiн боп үйде 7 күн отырдым да қайта комбайнмен мақтаға шығып кеттiм. Қыркүйек, қазан – мақта терiм айлары ғой. Осы екi айда жақсы көрсеткiшпен жұмыс iстеп, жоспарды асыра орындадым.

Ал, қыс айында жұмыс жоқ, үйде отырамыз. 1973 жылы күйеуiм әскер қатарына шақырылды.

Күйеуiм әскер қатарына кетiп бара жатқанда жұмысқа шығуға рұқсат сұрадым: мен жұмысқа шықпасам үйдiң отын-суын кiм әкеледi,-деп. Үйде екi көзi көрмейтiн енем мен жап-жас екi қайын сiңiлiм бар болатын. Күйеуiм рұқсатын берiп, екi жыл Отан алдындағы борышын атқаруға кеткенде жүктiлiк мезгiлiнiң бесiншi айында болатынмын. Содан босанғанша трактор айдадым, үйдiң қыстық отынын түсiрiп алдым. Қыстай үйде отырып, наурыз айында мақта егудiң жұмыстары басталған тұста 7 айлық баламды қолыма ұстап, тракторға отырдым. Өйткенi енем балама қарай алмайды, көзi көрмеген соң. Емiзулi баламды құндақтап алып, жұмыс iстедiм. Жанымдағы бiр звенода болған Акрам ағайға айтар алғысым шексiз. Менi басқа ер кiсiлер өз звеноларына алмай жатқанда қасына алып, бiлмегенiмдi үйретiп, ағалық ақыл-кеңесiн айтты,-дейдi Аяжан апа сол бiр қиын кезеңдердi есiне алып.

Аяжан Нуриддинова кiп-кiшкентай баласымен мақта даласында еңбек етiп қана қойған жоқ, өз қатарластарының алды болды. Жақсы көрсеткiштерге қол жеткiзуiнiң арқасында 1971-1981 жылдар аралығында механизатор, звено жетекшiсi, ал, 1981-1991 жылдар аралы-ғында мақта бригадирi қызметiн атқар-ды. Мақта бригадирiнiң қарамағында 100 адам бар, 200 гектар жерге мақта егiп, сапалы өнiм алуы керек. Бұл жұмыстың да көзiн тауып, ұйымдасты-рушылық қабiлетi мен еңбексүйгiштiгi-мен ерен еңбектi атқарған Аяжан Нуриддинова басқарған мақта бригадасы өздерiне берiлген жоспарды асыра орындайды. 1985 жылы он бiрiншi сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты боп сайланды.

Осы тұста Аяжан ападан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңестiң депутаты болып тұрғанда халықтың игiлiгi жолында мандатты адал атқарғанын бiлдiк.

– Иә, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңестiң депутаты болған 5 жылдың iшiнде халықтың игiлiгiне қызмет етiп, пайдамды тигiздiм. Ол кезде колхозда мақта бригадирi болып тұрғандықтан мақтаға суды жеткiзе алмайтынбыз. Депутаттық мандатымды пайдаланып, ауылшаруашылығы министрiнiң алдына кiрiп жүрiп, «Победа» колхозына 5 скважина құдық қаздыртып беруге қол жеткiздiм. Оның 1-уi колхоз орталығына халықтың ауыз су ретiнде пайдалануы үшiн, ал, 4-еуi мақта егiлген жерден қазылып, пайдалануға берiлдi. Бiрде колхоз басшысы кран автомашинасының керек болып жатқанын айтты. Кезектi сессияға барғанымда дереу ауылшаруашылығы министрiне барып, колхозға кран автомашинасы керек болып жатқанын айттым. Ауылымызда медпункт бар, «Жедел жәрдем» автомашинасы жоқ болатын. Осыны да кезектi сессия кезiнде айтқан болатынмын. Сөйтiп, колхозымызға жап-жаңа кран автомашинасы мен «Жедел жәрдем» автомашина және ауданға рентгенге түсiретiн жылжымалы авторентген машинасының келуiне септiгiмдi тигiзген болатынмын. Сондай-ақ, шамамен 10 км-ден асатын жерге асфальт жол төсеттiм. Әйтеуiр депутаттық мандатымды адал атқардым, – дейдi Аяжан апа.

Аяжан Нуриддинова апамыз Құдай қосқан қосағы Тәжiхан Омаров екеуi дүниеге үш ұл мен бiр қыз әкелiп, оларға өнегелi тәрбие берiп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған үлгiлi отбасы иелерi. Аяжан Нуриддинова еселi еңбектерi бағаланып, зор құрметке ие болған ардақты ана. Атап айтсақ, 1972 жылы «Құрмет белгiсi» орденiмен, 1974 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденiмен марапатталған. 1978 жылы Победа колхозы «Москвич» автокөлiгiн сыйға тартқан. Бiрнеше рет Жүйнек ауылдық кеңесiнiң депутаты болып сайланды. Биылғы жылы 70 жасқа келіп отырған Аяжан Нуриддинова апамыз «сырлы табақтың сыры кетсе де, сыны кетпеген» дегендей, бойын тiк ұстаған қалпынан жаңылмай, өмiрлiк қосағы Тәжiхан Омаров екеуi немерелерiнiң ортасында бақытты өмiр сүруде.

Махпират Хаятова 1942 жылы «Победа» ауылында (қазіргі Қарашық ауылы) дүниеге келдi. Әкесi Хаят Мадалиев Ұлы Отан соғысына аттанғанда анасы Апажан 6 баламен қалыпты, ең үлкенi 13-те болса, ең кiшкентайы Махпират сонда үш айлық нәресте екен. Балалық шақтағы қиыншылық өмiрi Махпират апаның жадында сол күйi сақталған.

-Анамның көп қиындық көрiп, бiздi жетiлдiргенi есiмнен бiр сәтке де шыққан емес. Содан да болар, бізді өмір ерте есейтті. Әлi есiмде анам ноқат, бұршақ егiп, түйiп, бiзге жегiзетiн. Ашаршылықтың дәмiн таттық. Анамыз қарамық шөптi қайнатып, сорпа iстеп беретiн. Өмiрiмiз далада өттi десем де болады. Кiшкентайымыздан дала жұмысында өстiк. Зембiлмен топырақ тасып, мақта егетiн жердi тегiстедiк, көң тасыдық, одан каналда жұмыс iстедiк. Ол кездерi ала жаздай мақта даласында еңбек етiп, қысқа қарай қыстаққа көшетiн. Бiр жылдары қыстаққа көшпей, мақта даласында қалып кеткен кездерiмiз де болды. Қиыншылықты көп көрдiк. 1949 жылы 1-сыныпқа бардым. Бiздi далада оқытты. Сол 1-сыныптың уақытында терiмшi едiк. Әкемiзден 1943 жылы қара қағаз келген, бiрақ оны анама айтпаған екен. Анам байғұс бар тапқанын жинап, әкемiзге байпақ тiгiп жiберетiн. Өзiмiз аш болсақ та жәрдем беретiн. Еңбек кiтапшамда 12 жасымнан жұмыс iстегенiм жазулы тұр. Кетпен шаптым, мақта тердiм. Мақта терiмiне дейiн дала жұмыстарын iстедiм, арық шаптым, жоңышқа орып, машинаға арттық. Мен үлкен әпкем келгенше үйде отырамын. Анам әпкемнiң көйлегiн қысқартып бередi. Әпкем екеумiзге бiр аяқ киiм, кезектесiп киетiнбiз. Дәптердiң де жоқ кезi. Апайдың айтқанын тыңдап отырамын, кешке қарай апайдың айтқандарын есiме түсiретiнмiн, ертеңiне жатқа айтып беремiн.

Иә, кiшкентайынан еңбек майданында қайнап өскен Махпират Хаятова бiр маусымда бiр өзi 18,5 тонна «ақ алтын» жинап, рекорд жасады. Ауа-райының барлық мезгiлдерiнде, боранда, жаңбырлы күндерде де мақтаны қолмен терiп, «көп мыңшы терiмшi» атанған оның ерен еңбектерi ескерiлiп, үкiмет пен партия және халықтың құрметiне бөлендi. 1969 жылы колхозшылар съезiне делегат болып сайланды. 1971 жылы «Еңбектегi ерен еңбегi үшiн» медалiмен марапатталды. Осы жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болып сайланды. 1979 жылы Жоғары Кеңес Президиумының ұйғарымымен «Қызыл Жұлдыз» орденiмен марапатталған. Ал, 1987-1990 жылдары ауылдық кеңестiң депутаты болып сайланды. Еңбек етiп жүрiп, 1987 жылы Самарқанд ауылшаруашылық институтына сырттай оқуға түсiп, агроном мамандығын алып шығады.

Махпират апамен әңгiмелесе отырып, «пешенеңе не жазылса соны көресiң» дегендей ол кiсiнiң маңдайына «үш ай» сөзi қиындықпен жазылып қойғанын аңғарғандаймыз. Үш айлығында әкесiнен айырылды… Балалық шағы болмаған Махпират апа жар қызығын да көрмеген. Олай дерiмiз, 1969 жылы тұрмысқа шығып, ендi қиындықтың бәрi артта қалды,-деп ойлағанында үш ай отандасқан жолдасы қайтыс болады. Мiне, осыдан кейiн Махпират Хаятова басқа жанға қайрылмай, бар өмiрiн еңбекке арнапты. Бақытын еңбектен iздептi.

Бейнетінің зейнетін көрiп отырған Махпират апамыз бүгiнде 79 жастан асып сексеннің сеңгіріне аяқ басты. Тiл-көзден Құдай сақтасын дей отырып, Махпират апаның бақуатты болып, ұзақ өмiр сүруiн бiр Алладан тiледiк.

Leave a reply