ҚАЛА ӘКІМІ «ШАПАҒАТ» ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛДЫ

0
109

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардағы «Шапағат» бірлестігінің мотивациялық орталығында болып қайтты.

Атаулы орталықтың ем алушыларымен жолықты. Сонымен қатар, кездесуде «Шапағат» қайырымдылық қорының төрағасы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Еркін Шалтан бұл орталықта психологиялық көмекпен қатар, заңды кеңестер де берілетінін, қазіргі таңда облыс аумағынан ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінен азаматтар орталық көмегіне жүгінетінін тілге тиек етті.

Кездесуде  бірлестік мүшелері кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік грант алу, баспана кезегі, көпқабатты үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңтайлы жағдай жасау, барлық қызмет көрсету мекемелерінде дұрыс көзқарас қалыптастыру бойынша өтініш-тілектерін ортаға салды. Белгілі дінтанушы ғалым Зікірия Жандарбек мектептерде рухани тәлім-тәрбие беруді жандандыру үшін арнайы сағаттар бөлу жөнінде ұсынысын жеткізді.

Өз кезегінде Нұрбол Әбдісаттарұлы орталықты кеңейту мақсатында басталған құрылыс жұмыстарына демеушілерді ұйымдастыруды қолға алатынын, сондай-ақ орталық маңында аллея құрылысы жүретінін айтып, орталық жанашырлары мен игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.

Өтініштер мен ұсыныстар заң аясында зерделеніп, жұмыс жоспарына енгізілетіні де түсіндірілді.

Айта кетейік, демеушілердің қолдауымен ашылып, талай жанның аяққа тұруына септігін тигізген нысан бір мезгілде 16 азаматқа қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Мұнда ағзаның әсіресе тірек-қимыл жүйесін  қалпына келтіруге жаттығу үшін арнайы қондырғылар жасақталған.

Естеріңізде болса  бірер жыл бұрын игі іске куә болдыңыздар. Қала әкімдігі және қаладағы жаны жомарт кәсіпкерлердің қатысуымен «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорына арналып салынған ғимарат пайдалануға берілді. Еркінбай Шалтан бастаған қор мүшелерінің қуанышында шек жоқ. Әсіресе демеушілік танытқан жандарды арбасынан тұрып кете жаздап құшақтап жатқан қуаныш иелері қоғамның мейірімге толы екеніне бек сенімді.

Иә, біз бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандарды мүсіркегеннен жазып отырғанымыз жоқ. Игі істің бастауында осы азаматтардың өздері жүр. Қарымдылығын таразыға салсаңыз мемлекеттен жәрдемақы сұрап жүрген аяқ-қолы балғадай жігіттердің жанында аспан мен жердей айырмашылықты байқайсыз. Бұлар билік өкілдеріне жанайқайын жеткізіп, нан сұрап жүрген жоқ. Керісінше мүгедек жандардың дертінен айығуына жәрдемші болып, оңалту орталығын қалыптастыруға күш салуда. Бұған дейін де жоқтан бар жасап, жергілікті әкімдіктің берген ғимаратын кәдеге жаратып келген қоғам мүшелері енді өздеріне тиесілі заман талабына сай жаңа ғимаратта өз шараларын жалғастыратын болады.

Қоларбаға таңылған жандарды арнайы жаттығулар арқылы жүруге талпындырған орталықтың ізденісі мол. Соның нәтижесі болса керек, бүгінгі пайдалануға берілген ғимарат Қазақстанда тұңғыш рет бой көтеріпті. Бейімдеу орталығында 16 жатын орын бар. Қосымша асханамен қамтылып, ғимарат есіктері ашып-жабуға ыңғайлы болуы үшін арнайы тапсырыспен жасалған. Бұл – осындағы азаматтардың мүмкіндігін арттыруға сеп болып отыр. Жаттығу залынның сыйымдылығы 45-50 адамға лайықталған.
Қоғам мүшелері «бұл әлі ісіміздің басы», – дейді. Түркістан қаласының тұрғыны Құлажан Қошқаров сыйға тартқан 1 гектардан (1,14 га) астам жерге арнайы бассейн және орталықтың мақсатына сай өзге де ғимараттар салмақшы. Ерекшелігі бұл жерде тереңдігі екі мың метрден шығып жатқан 36 градус жоғары температурадағы артезиан суы бар екен. Әлгі бассейн осы сумен толтырылады. Адам ағзасына пайдасы мол минералды су, оңалту шараларына таптырмас шипа болмақ. Оңалту орталығында еліміздің көптеген аймақтарынан келіп, бой тіктеп жүрген жандардың қатарында қырғызстандық азаматтар да бар екен.

Бұл ретте игі іске қолдау білдірген жандарды атап өтпеске болмас. Ғимараттың жері дайын болған соң, құрылысты салуға Сырым Ертаев, Қайрат Балабиев, Шәріпбек Жамалбекұлы, Инара Намазбаева, Ғаппар Сәрсенбаев, Баймахан Сүлейменов, Сүлеймен Арыстанов, Бақытжан Серманиязов, Ақбаян Әбдіғаппарқызы, Таубай Шабединов, Азиза Жәрімбетова, Қыдырбаевтар отбасы, Ақылжан Ақынбабаұлы, Алпысбай Есет, Шамиль Рысбековтер үлес қосқан. Оның ішінде жаттығуға қажетті құрал-жабдықтар, төсек орын секілді қажетті дүниелер де бар.
Айта кетерлігі, «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының белді мүшесі Құлажан Қошқаров өз сөзінде барша демеушілерге алғысын білдіріп, шаттыққа кенелген «шапағаттықтардың» осындай күндері көп болсын деген ізгі тілегін жеткізген еді

Leave a reply