ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ «FARAB» КІТАПХАНАСЫ 5000-ҒА ЖУЫҚ КІТАППЕН ТОЛЫҚТЫ

0
103
Облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ғылым комитетіне қарасты ғылыми-зерттеу институттарымен өзара ынтымақтастық меморандумын жасасты.
Атап айтқанда, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Философия, саясаттану және дінтану институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Экономика институты және Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен байланыс нығайды.
Тараптардың әрқайсысының функционалдық қызметі төңірегінде ортақ мүдделерде зерттеу бағыттары бойынша бірлескен және келісілген іс-шараларды жүзеге асыру, ғылыми, ақпараттық және талдау қызметі саласындағы бірлескен жұмыс істеу, кітапхана оқырмандарына институт негізінде жарық көрген кітаптарды ұсыну, қолдау білдіру мақсатындағы өзара ынтымақтастық меморандумын жасасуға облыстық кітапхана атынан бөлім меңгерушісі Динара Берікқызы қатысты.
Ынтымақтастық келісімнің алғашқы бастамасында институттар тарапынан кітапхана қорына 5000-ға жуық ғылыми кітап табысталды. Еңбектердің баспа жылы соңғы үш жылдық көлемді қамтиды, сонымен қатар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған.

Leave a reply