Түркістанда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына өтінімдерді қабылдау басталды

0
122

Бұл туралы Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің маманы Жанель Қали айтты. Оның сөзінше, аталған көрме-байқау жергілікті өңірдің өндірушілеріне өз әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсетуге жақсы мүмкіндік әрі бұл жоғары нарықтық бәсекелестік жағдайында өте маңызды. Яғни отандық өнімнің сапасын арттыру және Қазақстан нарығын бәсекеге қабілетті тауармен толықтыруға бағыттайтын болады.
«Әрбір кәсіпкер өз өнімдерін нарықта еш кедергісіз сатқысы келеді. Сол себепті байқау-көрменің мақсаты да сол, тұтынушыларды сапалы отандық тауарларды сатып алуға бағыттау және өндірушілердің мүмкіндігін кеңейте түсу, осылайша кәсіп иелерін қолдау», – дейді бөлім маманы Жанель Қайратқызы.
Көрме-байқау барысында қатысушыларға аталымдар бойынша жүлделі орындар беріледі.

«Өнім өндірушілер үш номинация бойынша бақ сынайды. Ең бірінші өндірістік тауарларға, сосын халыққа арналған және азық-түлік тауарларының сапасын сараптаймыз. Байқаудың жеңімпаздарына үздік тауар белгісі мен дипломдар табыс етіледі. Сондай-ақ үздік марапат иелері конкурста жеңіп алған эмблеманы төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалануына құқықтары бар. Бұл өндірушілерге берілген үлкен мүмкіндік пен қолдау», – дейді бөлім маманы.
Айта кетейік, көрме-байқау республика көлемінде ұйымдастырылып отыр. Өз кезегінде бөлім маманы Жанель Қайратқызы аталған байқаудың түркістандық шағын кәсіппен айналысатын азаматтарына тигізетін пайдасы мен басты сыйлық қандай болатыны туралы да құлағдар ете кетті.

«Байқаудың тағы бір артықшылығы, көрмеде жаңа қазақстандық брендтер дүниеге келуі мүмкін. Отанымыздың тауар өндірушілерін қолдап қана қоймай, олардың жаңа жұмыс орындарын ашуына мүмкіндіктер беріледі. Түркістан өңірінен шығатын өнімдерді еліміздің түкпір-түкпіріне таратып, ішкі нарықты толтырып, қамтамасыз ету мүмкіндігін де алады. Облыстан жеңіп шыққан лауреаттар Түркістанды келесі кезең республикалық байқауда таныстыратын болады», – дейді Жанель Қали.
Еске сала кетсек, өткен жылы облыс бойынша осы тектес байқауға сегіз кәсіпорын қатысқан болатын. Байқауда финалға шығып, жеңімпаз атанған компаниялар қазіргі таңда өз жұмыстарын белсенді түрде жалғастырып жатыр. Айталық, Кентау қаласындағы трансфарматор зауыты мен «Бөрте Милка» кәсіпорны мен Арыс қаласындағы минералды су шығаратын кәсіпорын қазір республика көлемінде танымал кәсіпорындарға айналған.

Бөлім маманының сөзінше, биылғы көрме-байқауда да түркістандық кәсіпкерлердің топ жаратынына сенімі мол.

Leave a reply