ТҮРКІСТАН: НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНДЕ КҮН СӘУЛЕСІНЕН ЭНЕРГИЯ АЛАТЫН СТАНЦИЯ САЛЫНДЫ

0
142

Бүгін Түркі жұртының астанасы Түркістан төрінде, Назарбаев Зияткерлік мектебінде фотоэлектрлік күн сәулесін іске қосу шарасы салтанатты түрде өтті. Бұл игі жүйе “Шелл” энергетикалық компанияның бастамасымен сәуір айының 21 күні салтанатты түрде қолданысқа енбек. Екі ел арасын байланыстырған ортақ келісім арқасында кезекті бесінші электрлік жүйесі қолданысқа берілмек. Атаулы “Шелл” компаниясының штаб – пәтері Ұлыбританияның Лондон қаласында орналасқан. Екіжақты келісім негізінен 2018 жылы “Мектептерге күн энергиясы” атты пилоттық жобасының іске қосылуымен бастау алған. Жобаның басты мақсаты республика төңірегінде 5 білім ордасына энергияның шағын қуатты жүйесін құруға арналған платформа дайындау. Аталған жоба аясында шешімін тапқан біршама шаруалар бар, яғни технология, жаратылыстану, инновацияға және кәсіпкерлікке деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ елдегі энергетикалық ауысым жайлы білімдерін толықтыру мәселелерін шешу.

Қанатқақты жоба Түркістан қаласында 2022 жылдың қараша айында қолға алынған және Қазақстанның бес қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірге Түркістан, Атырау, Ақтау, Астана, Орал қалаларында өз жалғасын табатын болады. Аталмыш жоба аясында энергияны үнемдеуге мол мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, компания осы жоба аясында елдегі жасөспірімдерді энергетикалық ауысым мәселелерін зерттеуге ынталандыру және олардың энерготиімді ойлауын қалыптастыруға септігін тигізу үшін оқушыларға және мұғалімдерге арналған арнайы «Шелл NXplorers» бағдарламасын ұйымдастырады. Осы тұста компания өкілдері 2022 жылдың қазан айында Түркістан облысының ұстаздары үшін арнайы білім беру бағдарламасы оқыту тренингін өткізген болатын.

Аталған жобаның ашылу салтанатына келген зиялы қауым өкілдері: Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және ТМД елдеріндегі Шелл компаниясының байланыс жөніндегі вице-министрі Джоанна Кунсберг, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, Сәкен Далиев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары– Садықова Ардақ Мадиханқызы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы – Әнуар Жанғозин,  ҚР Еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері – Күләш Шамшидинова, ILF Consulting Engineer компаниясының бас директоры – Талғат Теміржанов, «MEK-Астана» ЖШС жобасының жетекшісі – Алексей Ляликов, «Шелл Қазақстан» корпоративтік байланыс қызметінің басшысы – Айгүл Барменқұлова ,”Шелл” аймақтық корпоративтік байланыс кеңесшісі – Анатолий Леонтьев, «Мектептерге күн энергиясы» жобасының жетекшісі – Ринат Хусаинов қатысып, жоба жайлы ой-тұжырымдарымен бөлісті.

– «Мектептерге күн энергиясы» жобасы – NIS стратегиясының маңызды бөлігі. Бұл STEM-білім беруді енгізу мен ең бастысы, оқушылар арасында эко-мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ қоршаған ортаға зор жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеудегі табысты бастама екенін бесінші мәрте дәлелдеді. Қазіргі таңда экологиялық мәдениетті ғалымдар адамзаттың табиғатпен бірлігі негізінде қарастырып жүр. Расында, мұндай адам қоршаған ортаға қамқорлық жасап, оның жойылуы мен ластануына жол бермейді, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

– Күн панелдерінің қондырылуы жас буын үшін жаңартылған энергия көздері бойынша табысты ғылыми жобалар жасаудың, мамандық таңдау мен болашақты айқындаудың қайнар көзіне айналды, – деп мойындады NIS Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Күләш Шәмшидинова.

Ал Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және ТМД елдері бойынша «Шелл» концернінің корпоративтік қатынастар жөніндегі вице-президенті Джоанна Кунзберг еліміздің қоршаған ортаны қорғау мен баламалы энергия көздерін өндіріске енгізу бағытындағы бастамаларына ерекше тоқталды:

– Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу үшін үлкен мақсаттар қойды. «Шелл» компаниясы мемлекеттің осы мақсатқа қол жеткізудегі барлық бастамаларын қолдайды. Компаниямыздың «Мектептерге күн энергиясы» жобасы осы өтпелі кезеңге өз үлесімізді қосуға бағытталған жобалардың бірі.

Cалтанатты шара оқушылардың ғылыми-зертханалық және интерактивті жобалары қойылған Green Zone, STEM Zone, Art Zone және Public Zone аймақтарында жалғасты, зияткерлер биотехнология мен физика саласындағы ғылыми жетістіктері мен жаңа өнертабыстарын ұсынды.

Қанатқақты жоба көптің қолдауымен Түркістан қаласында қолға алынғаны өңірлік экономикаға да айтарлықтай пайдасын берері анық.  Айта кетсек, биыл екі ел арасындағы әріптестікке 30 жыл толып отыр. Бұл компания, Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірегейі болып табылады.

 

 

Leave a reply