Референдум – ең маңызды мәселелерді халық болып шешудің тетігі

0
110

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата Заңға өз­герістерді бүкіл халықтың талқы­сына шығаруы – ел болып қолдауға лайықты іс. Халқымен ақылдасатын биліктің аты озады. Бұл әрбір азаматтың жан дү­ниесін түлетіп, мерейін өсіріп, рухын көтереді. Жаңа Қазақ­­станды құрудың алғашқы қада­мын референдумнан бас­тау арқылы Президент енді әр қазақстандықтың пікірі ма­ңыз­ды екенін айқындады.

Референдум – мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің басты тетігінің бірі. Сол арқылы әрбір әрекетімізді, атқарар іс­тері­­мізді, еңсерер меже-мін­дет­тері­мізді өзара ақылдаса оты­рып, кемеліне келтіріп, жүйе­лі жүр­гізе аламыз. Мұндай пле­бис­цит әрбір азаматқа өз ұста­ным-пікірінің мемлекет үшін маңыз­ды екенін түсінуге, өзін ортақ Отанымыздың бір бөл­шегі ретінде сезінуге мүмкіндік береді.

Байырғы замандардағы хандарымыз іргелі істерде халық­пен кеңес құрған, бұқарасының батасын алған. Бертінде қазақ көсемдері Мәңгілік ел құру жолында бас біріктіріп, бір тудың астына жиылып, Ұлытаудағы жақ­пар тастарға бірліктің біті­мінің символындай төл таң­баларын қашап қалдырған. Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған референдумда әрбір қазақстандықтың таңдауы – біріге, тұтаса келе, біртұтас елдің таңдауына айналады.

Алдағы Конституциялық ре­форма нәтижесінде Ата Заң­дағы 98 баптың 33-і өзгере­ді деп күтілуде. Референдум­да ел қол­даса, онда Ата Заңға тү­зе­­тулер биыл күшіне енбек. Тек Парламентке және Конс­­ти­туциялық соттың қыз­метіне қатысты нормалар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап күшіне енгізілуі мүм­кін. Бұл – жыл соңына дейін осы конституциялық жаңашыл­дық­тарды жүзеге асыру үшін қажетті заңдардың тұтас топтамасын қабылдау қажеттілігімен байланысты.

Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы – халықтың меншігі, байлығы» деген бап енгізілмек. Бұл – халқы­мыздың талабы. Бұл Президент айтқан Жаңа Қазақстандағы әділеттіліктің орнауы болмақ. Қолданыстағы Конституцияда «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануар­лар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деп жазылған.

Реформа аясында Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен бас тартады. Тәуел­сіздікті қалыптастырудың, мем­­лекет құрудың бастапқы кезе­ңінде бұл даму моделі қажет те еді. Бірақ қазір заман өзгерді. Сондықтан суперпрезиденттік басқарудан дамыған елдердегі секілді мықты Парламентке сүйенген президенттік респуб­ликаға біржола көшеміз. Пар­ламенттің құзыры мен рөлі күшейеді. Мұндай жүйе билік­тің үш тармағының (Парламент, сот және атқарушы биліктің) оңтай­лы тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септеседі.

Осы орайда Мемлекет бас­шысы өзіне қатысты салмақ­ты шектеулерді қабыл­дап отыр. Біріншіден, Amanat пар­тия­сының кезектен тыс XXIII съезінде Қ.Тоқаев билеу­ші пар­тияның төрағасы өкілет­тігі­нен бас тартты. Сондай-ақ Конституциялық түзетулер нәтижесінде Президент өз өкілеттігін атқару кезеңінде кез келген партияға мүшелі­гін уақытша тоқтата тұруға міндеттелмек. Аталған норма елдегі саяси бәсекені арттырып, саяси монополияны жояды, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Сайлауға қатысатын әрбір күшке тең мүмкіндік туғызады. Өзге партияларды Президенттің мысы басып тұрмайды. Сөйтіп саяси жүйеде әділдіктің орна­уына жол ашады.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайта­ланады, бұған тосқауыл қою үшін барлық әкім мен орынбасарына партия филиалдарына төраға болуға тыйым салынады. Бұл көпполюсті партия­лық жүйе қалыптастыруға жол ашады.

Екіншіден, облыстардың және мегаполистердің әкім­дерін тағайындау рәсімі түбе­гейлі өзгереді. Қолданыс­тағы тәжірибе бойынша өңір әкім­дерін мәслихат келісімі­мен Пре­зиденттің өзі тағайын­дайтыны мәлім. Енді әкімдердің кандидатураларын келісімнен өт­кізудің жаңа тетігі бекітілмек. Оған сәйкес Мемлекет басшысы қандай да бір облыс не республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына жалғыз емес, бірнеше кандидатты баламалы негізде ұсынады. Олар­ды облыстық немесе қалалық мәслихат депутаттары қарап, арасынан біреуін таңдайды. Басқаша айтқанда, бұдан былай облыс әкімі де сайланады деуге болады. Іс жүзінде аймақ басшысы кім болатынын жергі­лікті депутаттар айқындай­ды. Депутаттардың көпшілігі­нің даусын жинаған үміткер жеңім­паз болып есептеледі және мәс­лихаттың келісімін алған кандидат мәртебесіне ие болады. Мемлекет басшысына облыс не мегаполис басшысы ретінде соны тағайындау ғана қалады.

Үшіншіден, Мемлекет бас­­­шысы өзінің туыстарына қатыс­ты да қатаң шектеу қабыл­дады: оның жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші бола алмайды, квазимемлекеттік секторда, ұлттық компания­лар­да басшылық лауазымдарды ат­қара алмайды. Президент бұл шешім қаңтар оқиғаларының маңызды сабағынан туғанын айтты. Себебі мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлға­ның қолында барлық өкілеттік­тің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигар­хиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Олар мем­лекетті жекеменшігі сияқты көре бастайды.

Сонымен қатар кез келген мемлекетте тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайластықтың терең тамыр жаюына соқтырады. Ал тамыр-таныстық пен рушылдық елдің ілгері басқан қадамын кері тартып, мемлекетті құрдымға құлатады. Мұндай кесірлі қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ, бұлыңғыр екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін ар­палысуға мәжбүрлейді. Демек жаңа конституциялық рефор­ма барлық азаматқа бірдей мүм­кіндік туғызбақ.

Төртіншіден, егер Қазақстан халқы алдағы референдумда Ата Заңға түзетулерді құптаса, онда Президенттің өкілет­тігі бір­шама азаяды. Мысалы, Мемлекет бас­­шысы облыс­тардың, мега­полис­тердің әкім­дері қабылдаған шешімдерді, шығарған актілерді жою, ол құжаттардың күшін тіпті уа­қыт­ша болса да тоқтата тұру құқығынан айырылады.

Бесіншіден, Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін де лауа­зы­мынан босата алмайтын бо­лады. Өйткені Қ.Тоқаев бас­т­а­машы болған саяси жаң­ғыру­лар аясында елімізде ауыл және аудан әкімдері сайланады. Тиі­сін­ше, ауыл, аудан жұрт­шы­лы­ғы өзі сайлаған әкімін қызметі­нен өздері алып тастай алады. Мем­лекет басшысы сайланған әкімге тиісе алмайды.

Осылайша, тәуелсіздіктің отызжылдық кезеңінде қолда­нылған «қолдан басқару» тәжі­рибесі жойылады, барлық іс Президентке барып тірелмейді, өңірлік мәселелерді жергілікті өзін-өзі басқару органдары тұр­ғын­дармен ақылдасып, сол жерде шешуге құқылы, құзырлы, қау­қарлы болады. Жергілікті билік­тің дербестігі артады. Бұл – біз ұм­тылған дамыған елдердің үлгісі.

Ата Заңға енгізілгелі отыр­ған өзгерістер Парламентті, мәс­лихаттарды, жергілікті би­лік­ті күшейтуге бағытталған. Нәти­жесінде, олар қысылтаяң шақтарда өз бетінше жұмысын жалғастыруға қабілетті болады, бір кісіге қарап отырмайды. Осының арқасында Президент болып қандай тұлға сайланса да, оның биліктің барлық тар­мағына билік жүргізуіне жол берілмейді. Осы арқылы біз алдыңғы қатарлы елдерге бір табан жақындай түсеміз.

Әр қазақ халқымыздың ардақ тұтар адамдық, азамат­тық қасиеттерін танытып, Прези­денттің реформаларын құптап, оны талқыға салуға қызу атсалысады, референдумға белсене қатысады деген сенімдемін.

 

Бақытбек СМАҒҰЛ.

Leave a reply