МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР САЛАСЫ ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
«Мыңжылқы» мәдениет үйінде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов қатысып, сала мамандарын айтулы мерекемен құттықтады.
– Мәдениет пен өнер – халықтың қазынасы, ұлттың құндылығы. Елдің өнер көшін алға ілгерілетуде ұлт руханиятының шырақшысы болып жүрген мәдениет майталмандарының қоғамдағы алар орны ерекше. Қазіргі таңда ауданымызда 38 мәдени мекеме түрлі шараларды жоғары деңгейде өткізіп, халққа мәдени қызмет көрсетуде. Осындай айтулы мерекеде ауыр жүкті арқалап, халықтың көңілінен шығып жүрген сіздерге зор алғысымды білдіремін,-деді аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов.
Мерекелік шарада бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлеріне Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен аудан әкімінің алғыс хатын табыс етіп, құрмет көрсетті.
ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, ауданның «Құрметті азаматы» Мыңжасар Асқаров құттықтау сөз сөйлеп, өнер қонып, бақ дарыған өлкеміз жайында әңгімелер өрбітті.
Мәдениетіміздің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандарына “Қазақстандық салалық мәдениет спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.