Үржан үнемі ізденіс үстінде жүреді
Кешегі Одақ кезінде салтанат құрған «Іс тетігін кадр шешеді» деген қағиданы өз басым күні бүгінге дейін құрмет тұтамын және ол қай кезде де өз қадір-қасиетін жоғалтпайды деп білемін. Себебі, қай жерде кадр іскер, мықты, білімді де жауапты болса сол жердің ісі өнімді, берекелі де жемісті келеді.
Осындай білімді де білікті кадрдың бірі – Бәйдібек ауданындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Үржан Сапарбекова.
– Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы «Біздің күшіміз – жастардың білімінде» деген бір ауыз сөз қатты толғандырып, ойға қалдырды. Шынында да, шәкірттеріміздің жан-жақты білімді болып шығуы біз үшін үлкен мәртебе емес пе?! Жақсыға да, жаманға да әділ бағасын беретін халық. Көп алдында не айтарын білмей, әрнәрсенің басын бір шалып тұрған жігерсіз жастарға қарап: «Ой, мына баланы кім оқытқан?» деп оларға сенімсіздікпен қарайды. Жұртшылық енді нақпа-нақ, нық сөйлеп, қандай сұраққа болсын тиянақты жауап беріп отырған білімді жастарды көргенде: «Ой, айналайын! Ұстазың мықты болған екен» деп риза болып қалады. Сондықтан мен оқушыларымның сабақ үлгеріміне әрдайым жете көңіл бөлемін, – дейді Үржан Сәкенқызы.
Үржан сөзін тағы да Президент Жолдауларына байланысты
жалғастырды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет» дегенді баса айтты. Енді осындағы «жігерлі» мен «білікті» деген ұғымдарға жеке-жеке мән бере қарасақ, онда біздің оқушыларға өз мамандығымыз бойынша білім беру барысында ешқандай да босаңдық танытып, жүрдім-бардым қарауға құқымыз жоқ екенін түсінеміз. Керісінше, жігерлі де белсенді еңбегіміз арқылы біз үлкен нәтижелерге қол жеткізе алады екенбіз. Ал, «білікті» дегенге келгенде онда әрине, өз мамандығымыз бойынша білімімізді үнемі жетілдіріп отыруға міндетті екеніміз айқындала түседі. Ол үшін Президент атап көрсеткендей, енді бұрынғыдай 5 жыл емес, әрбір 3 жыл сайын қайта даярлықтан өтіп отыруымыз керек. Міне, осылай ізденгенде ғана біз шәкірттеріміздің бойына білім нәрін терең сіңіре аламыз. Демек, Жолдауда айтылған «Ағартушы» деген ұғымға ешуақытта кір келтірмеуге тиіспіз, – дейді Үржан.
– Үржан Сапарбекова тарих пәнінен сабақ береді. Үнемі ізденіс үстінде жұреді. Өйткені, тарих қырық қатпарлы. Сондықтан өтер сабағына мұқият дайындалады. Оның әрбір сабағы мазмұнды да қызықты өтеді. Қазір оқушылардың тарих пәніне қызығушылықтары өте жоғары, – дейді мектеп директоры Толқын Бейсенова.
Әңгіме арасында Үржан «Зерде» ғылыми жұмыс байқауы мен «Дарын» РҒПО-ның: «Менің кіші Отаным» байқауларында топ жарып, көзге түскен Аружан Орынбекова, сондай-ақ тарих пен құқық негіздері пәндері бойынша Әбдіхалық Мұхамеджан, Назерке Ыдырыс, Сая Ғалымжанқызының есімдерін ерекше ілтипатпен айта келіп, тағы басқа оқушыларының жетістіктерін де мақтаныш тұтты.
– Бірнеше шәкіртім талай олимпиадаларда өздерінің озық білім деңгейлерімен көзге түсіп, тиісті марапаттауларға ие болып келеді. Бұл, әрине, мен үшін қашан да үлкен мақтаныш, – дейді Үржан Сәкенқызы.
Осы жерде Үржанның «Жаңартылған білім беру жағдайында тарих пәніндегі картографиялық сауаттылықты қалыптастыру жолдары» атты авторлық бағдарламасы республикаға тарап, абырой-беделге ие болғанын айта кеткенді дұрыс санадық.
Демек, ол білімі мен іс-тәжірибесін үнемі кемелдендіре түсу арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Сондықтан Үржанның жас ұрпақты тәрбиелеп, оқытудағы елеулі еңбегі үшін облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталуы бекер емес. Үржанның Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да ерен еңбектің қайтарымы. Солардың ішінде облыс әкімі Д.Сатыбалдының қолынан алған марапаты өзіне ерекше ыстық.
– Педагогика саласына байланысты жаңалықтар қатты қызықтырады. Солардың қай-қайсысын болсын жоспарыма енгізіп, жүзеге асырып отыруды басты міндетім деп білемін. Сонымен қатар, салт-дәстүрлерімізді ұлттық құндылықтарымыздың негізі деп қабылдап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыруды борышым деп санаймын. Әйел баласына тән имандылық пен ибалылық қасиеттерді жоғары бағалаймын. Ырым-тыйымдарға да мән беремін, жеңіл қарамаймын. Мысалы, табалдырықты баспау, жақты таянбау, тізені құшақтамау, шашты жайып тастамау, қолды жуып болғаннан соң саусақтарды сілікпеу сияқты көптеген тыйымдардың себеп-салдарын кейінгі жас ұрпаққа түсіндіре жүруіміз керек.
Мектеп қабырғасында жүргенде тарих пәніне қатты қызықтым. Мені тарихқа жетелеген Әмірхан Балабеков ағайым. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды қызыл дипломмен бітірдім. Университетті бітірген соң Шаяндағы М.Әуезов атындағы ІТ мектеп-лицейінде алғаш еңбек жолымды бастадым.
Менің жас маман ретінде қалыптасуыма мектеп ұжымының көп көмегі тиді. Жаңартылған білім беру мазмұнын толық меңгеруіме сол кездегі тәлімгерлер Қалдыкүл Нұрмолда мен Нағима Сартайдың қосқан үлестері мол болды. Сондай-ақ, мектеп басшысы Т.Бейсенова апайдың дұрыс бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау көрсетіп отыруының арқасында түрлі семинарлар мен тренингтерге қатысып, тәжірибемді шыңдау үстіндемін, – дейді Үржан сөзін сабақтап.
Сабаққа кіруіне де жақын қалды білем, қалта телефонына қарағыштай берді. «Марат, мен сабаққа кіріп бара жатырмын, содан соң хабарласамын. Бибінұрды балабақшадан бірге барып алармыз» деген даусыңда үстемдік емес, еркелік наз басым еді. Арғы жақтағы адамның жұбайы екені белгілі еді. Үржан үріп ауызға салғандай үш баланың анасы. Иә, ол шынында да мықты мұғалім!
Серікбай ТҰРЖАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Бәйдібек ауданы.