ТҮРКІСТАН – ТУРИЗМ САЛАСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ҚОЛАЙЛЫ ӨҢІР – АСХАТ ОРАЛОВ

0
127
ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов алдағы бірнеше жылда жүзеге асатын еліміздің туризм саласын дамытуға арналған жоспарларымен бөлісті.
Министрдің мәлімдеуінше, туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру және осы саладағы жұмыспен қамтылған азаматтарымыздың санын 800 мыңға дейін, ал саладағы жалпы қосымша құн көлемінің өсімін 6 трлн теңгеге дейін ұлғайту қажет. Қонақ үй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Тиісті көші-қонды бақылау eQonaq электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы іске асады. Сондай-ақ, уәкілетті органдармен бірлесіп, визалық, көші-қон саясатын либерализациялауға байланысты тәуекелдердің алдын алу жөнінде іс-шаралар қабылданады. Салынған қаражаттың тиімділігін бағалау үшін туристік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлердің ұлттық рейтингтік бағасын енгізу жоспарланып отыр. Рейтинг Қазақстанның туристік картасына енгізілген басым бағыттар мен ТОП-50 дестинацияны қамтитын болады.
«Өңірлік туризм саласындағы шағын, орта және ірі «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке капитал тартылады. Бұл жобаға Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Алматы тау-шаңғы кластері және басқа да орындар басым аймақтар ретінде қаралады. Туризмді дамыту шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда АҚШ, Австралия және Грузия сияқты елдердің тәжірибесі қолданылады. Қазақстанның маңызды табиғи нысандарын сақтау үшін инвесторлар тартылады, ал мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Сонымен қатар, Қазақстанды ілгерілетудің бірінші кезеңінде инфрақұрылым және туристік ұсыныстар тұрғысынан неғұрлым дайын өңірлерге назар аударылмақ. Астана қаласы және Ақмола облысы, Алматы қаласы және Алматы облысы, Шымкент қаласы және Түркістан облысы, сондай-ақ Ақтау қаласы»,-деді министр.
Одан бөлек, туризм саласында кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар іске асырылады. Оның ішінде қонақ үй менеджерлерін, туроператорларды және «Болашақ» бағдарламасының түлектерін оқыту мен диплом жұмыстарына басшылық етуге тарту мүмкіндігі, сондай-ақ оқыту бағдарламаларына қысқа мерзімді курстарды енгізу мүмкіндігі қаралады. МСМ бағынысты Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті Францияның Vatel меймандостық институтымен бірлескен білім беру бағдарламасымен жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта қазақстандық университет Польша, Қытай, БАӘ, Сингапур, Австрия, Түркия және Анже университетінен оқу орындарын қоса алғанда, 29 шетелдік жоғары оқу орнымен келісімшартқа отырған.
Сонымен қатар елімізде мәдени-танымдық туризм, агротуризм, әлеуметтік, медициналық, экологиялық, іскерлік, балалар-жасөспірімдер және туризмнің басқа да түрлері дамитын болады. Агротуризм саласында да болашағы зор орындарды анықтау және ауыл тұрғындары үшін оқыту іс-шаралары жүзеге асырылатын өңірлерге барып далалық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ, этнографиялық туризмді дамыту осы салада шағын бизнесті жүргізу мүмкіндіктері туралы ақпарат тарату, Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлерімен байланысты қазақ аңыздарының иллюстрацияланған жинақтарын шығару, сондай-ақ қолөнершілікті дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ, кемпингтік туризмді табысты дамыту мақсатында олардың санатына қарай кемпингтерді жобалау және олардың қызметі стандарттарын әзірлеу, сондай-ақ рекреациялық көліктің ыңғайлы жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін жол қозғалысы ережелері жетілдіріледі. Ең танымал автомобиль жолдары бойында кемпингтер, трейлер парктері мен этноауылдар желілері құрылады. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдер туризмін одан әрі дамыту инфрақұрылымдық және заңнамалық кедергілерді еңсеру, балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету, жазғы лагерьлер үшін тиісті мамандарды даярлау бойынша нақты шаралары бар Жол картасы әзірленеді.
Министрдің пікірінше, емдеу-сауықтыру және медициналық туризмді табысты дамыту үшін шипажай-курортты рекреациялық, сауықтыру қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі шаралар іске асырылады. Медициналық және шипажай-курортты ұйымдар сапалы емдеу-сауықтыру қызметтерінің санын арттыру мақсатында туроператорлармен ынтымақтасатын болады. Қазақстанның медициналық туристік өнімдерін шетелде таныту және ілгерілету бойынша жұмыс басталады.
Жоғарыда аталған барлық бағыттар бойынша белсенді жұмыс 2030 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға дейін арттыруға септік етеді. Қазақстанның орналасу орындарында төсек-орын санын 280 мың бірлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр. «Саяхат» жіктемесі бойынша қызметтер экспорты 5,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі.

Leave a reply