ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

0
158
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы былтырғы жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Президент әр сөйлеген сөзінде кәсіпкерлерлерді қолдап, халықты еңбек етуге шақырып келеді.
Қарамұрт ауылының 21 жасар тұрғыны Олимжан Мирзаев карантин уақытында интернет желісі арқылы әртүрлі видероликтерден темір дәнекерлеуді үйреніп, өз кәсібін бастаған. Ата-анасының қолдауымен, үйінде кішігірім жұмыс орнын ашқан жас кәсіпкер «көз қорқақ, қол батыр» екенін айтады. Мемлекеттен ешқандай көмек алмай, өз күшімен кәсібін бастаған кәсіпкердің жасаған дүниелеріне жақында ғана ауыл әкімінің қолдауымен әлеуметтік желіде жарнама жасалыныпты. Кәсібін бастағанына 2-3 жыл болған О.Мирзаев Қарамұрт ауылындағы №6 Киров атындағы мектептің түлегі. Жас кәсіпкер Ферғана қаласында 15 күн болып, білікті қолөнер шеберлерінен тәжірибе алған. Нәтижесінде тұрмыстық қажеттілікке керекті жиһаздар, қақпа мен үй сәкілерінің дизайнын өзі жасап, тұтынушыларға сызбаларды өзі ұсынады. Бүгінде Қарамұрт ауылындағы тұрмыстық-техника заттарын сататын дүкенмен арнайы келісімшартқа отырып, тұрмыстық жабдықтарды дүкенге жеткізіп отыр. «Ең көп сұраныс жазда. Өйткені, көпшілік осы уақытта сыртқы аулада отыруға қолданады» -дейді жас кәсіпкер. Олимжан қазақстандық өнімдердің шет елден кем түспейтінін, өзімізде де осындай керемет дүниелер жасауға болатынын бүкіл халыққа үлгі етіп көрсетті. Жас та болса бас болып, 3 адамды жұмыспен қамтып, аудан экономикасының дамуына үлес қосып отыр. Жас шебер алдағы уақытта мемлекет тарапынан шағын несие алып, кәсібін кеңейтіп, өзінің жеке дүкенін ашуға ниетті.
Мафтуна МАМУРЖАНҚЫЗЫ.
Қарамұрт ауылы.

Leave a reply