ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРАДЫ

0
112
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бүгінде Түркістан облысында аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие берілуде.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға Түркістан облысы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қазірде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ – на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 10,3 млрд теңге құрайтын 1 679 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1 544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 1 272 жоба мақұлданды. 2 млрд теңге құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, 272 жоба бағдарламада бектілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 200 жоба қаржыландырылып, 3 400 – ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде және тұрғындардың күн көріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасымен таныстыру мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы аудан әкімдерінің орынбасарлары, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшылары және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту. Пилоттық жобаны іске асыру үшін Түркістан облысына республикалық бюджеттен 11 млрд теңге қаржы бөлінбек. Ол облыстағы 16 ауданның 32 ауылдық округіне қарастырылған. Аталған жоба қазіргі таңда Жамбыл және Ақтөбе облыстарында іске асқан.
– «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.
«Ауыл аманаты» сынды жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз. Қай аймақта қандай дақылдарды өсіруге қолайлы екенін анықтап, сол бағытқа тиісті қаржыны бағыттаймыз. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады. Сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін. Несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Жергілікті «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» барып жуырда іске қосылатын жоба жайлы толық ақпарат алуға болады.
Талғат СЕЙДАНОВ, Төлеби аудандық “Қазығұрт” Өндірістік Коператив төрағасы

Leave a reply