ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫНА СӘЙКЕС ОБЛЫС ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ

0
136
Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев: “Барлық деңгейдегі әкiмдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсiн. Кездесулер барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, проблемалық мәселелерді шешудiң жолдары мен мерзімдерін түсіндірсiн,”-деп әкiмдерге тапсырма берген болатын.Осы орайда Президент Жарлығына сәйкес Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданының тұрғындарымен кездесті. Жаңа форматта өтіп жатқан есептік кездесудің басым бөлігі тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап беруге арналды. Осыған дейінгі кездесуде берген уәделердің қаншалықты орындалғанын халық алдында баяндады. Мәселені қалай шешу керектігін, жолдары мен жүйесін жақсылап түсіндірді. Одан кейін тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.
– Тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – жергілікті биліктің басты міндеті. Сіздердің ой-пікірлеріңізді есту, ауданның әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Осыған дейінгі кездесуде көтерілген бірқатар мәселелер шешілді. Ауыз су мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Биыл шыбын-шіркейдің шамадан тыс көбейіп, Сырдария өзенінің бойында орналасқан аудан тұрғындарының мазасын алды. Осыған орай, облыстық бюджеттен 817 млн. теңге бөлініп, толықтай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды қатаң бақылауда ұстаймыз. 12 мың гектарды құрайтын Шәуілдір суармалы алқабындағы жердің тұздылығын төмендететін каналдар мен бас коллектор жүйесін қайта қалпына келтіруге қатысты бас мердігермен сот процестері өтіп жатыр. Сот шешімі шыққаннан соң жобаны іске асыру бойынша нақты шаралар қабылданатын болады. Бұл мәселе қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ тұрғындар көтерген көшелерді жөндеу жұмыстары жүзеге асып жатыр, – деді облыс әкімі.
Биыл негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің жылдық жоспары 29 млрд. теңге болса, 6 айда орындалуы 17 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мыңнан асып, 8 мың 600 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі былтыр 8,7 млрд. теңгеге жетті. Биыл 3,7 млрд. теңгеге инвестиция тарту жоспарланса, 6 айда 1,2 млрд. теңгеге орындалған.
Отырарда «Күн электр энергиясын өндіру» бойынша «Arm Wind» халықаралық компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы құны 12,5 млрд. теңге. Нысан осы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі. Жеке кәсіпкердің қолға алуымен ауданда ет және сүт өнімдері өндіріріледі. Сондай-ақ шұжық цехының құрылысы биыл толық аяқтады. Жаңа қонақүй бой көтерді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында 96 жоба қабылданып, әзірге 160 млн. теңгеге 36 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның аясында ауданда 4 кооператив құрылды.
Соңғы 5 жылда ауданымызда жаңа мәдени, бұқаралық спорт, білім және инфрақұрылымдар нысандары салынды. Тұрғын үй құрылысы жанданды. Табиғи газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Шәуілдір ауылындағы жаңа мөлтек ауданда газ құбыры тартылуда. Көшелер жөнделіп, жарықтандырылуда. Таза ауыз сумен тұрғындардың 87%-ы қамтылған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді.
Ауданда туристік тартымдылықты арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолынан «Арыстанбаб» кесенесіне дейін туристік маршрут бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарына абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «Арыстанбаб» кесенесінің аумағы, «Отырар төбе» қалашығы абаттандырылды.
– Өркениет ордасы саналатын киелі Отырарда Арыстан баб кесенесі бар. Әрісі әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабиден басталып, бүгінде талай тұлға осы топырақта туған. Отырар ауданы бір жағынан облыс орталығына жақын болған соң, екіншіден осындай тарихи мекен ретінде танылған соң, Түркістанға келген адам Отырарға да соғады. Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Осыған орай назарды тек облыс орталығына ғана аудармай, барлық ауданды дамыту, көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Барлықтарыңызды ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Екі сағаттық ашық диалог арқылы өңір әкімі Отырар ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесудің тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін Дархан Сатыбалды Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Мақтаарал, Жетісай, Сауран, Сайрам және Түлкібас аудандарының халқымен кездесті. Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Сонымен қатар, Арыс қаласының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды ауданның бірқатар даму тұстарын мәлім етті.Түркістан облысы Арыс қаласында биыл мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу зауытының құрылысы басталады. Поливинилхлорид түйіршіктерін және қоспасын шығаратын зауыт пен кәріз жүйесіне арналған пластикалық құбырлар шығаратын зауыт, сыйымдылығы 9 мың тоннаны құрайтын астық сақтау қоймасының құрылысы басталды. Сонымен қатар минералды сусындар шығаратын цехын кеңейту жоспарланған.
Теміржолшылар қаласындағы тұрғындар өтініші өңір басшысының назарында. «Наурыз» тұрғын ауданындағы теміржол көпірі астынан жаңбыр және еріген қар сулары ағатын арнадан бөгеттер алынып, тазаланып, кедергісіз су өтуге жағдай жасалды. Ордабасы ауданы, Бөржар ауылдық округі, Қалаш елді мекенінің жер учаскелеріне Арыс қаласының Парковый, Алатау, Стадион шағын аудандарының тұрғындары малдарын кедергісіз жайылуына рұқсат берілді.
– Биылғы наурызда өздеріңізбен осында кездескен кезде, қаланы дамытуға септігі тиетін маңызды мәселелер көтерілген болатын. «Астана-Сарыағаш» бағытындағы пойызға халық сұранысының аз болуына байланысты, бұл мәселе тиісті министрлікпен келісіліп, поезд қатынасы «Астана-Шымкент» бағытына ауыстырылды. Арыстағы орталық қазандыққа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көмірден табиғи газға ауыстыру мәселесі бойынша облыстық бюджеттен 187 млн. теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал орталық қазандықты газ жүйесіне қосу мақсатында республикалық бюджеттен 100 млн. теңге қаралып, жалпы құны 542 млн. теңге болатын қосымша модульді қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз көріп, естіп отырсыздар, атқарылып жатқан шаруа көп. Жобалаған доспар да жеткілікті. Проблеманы жасырмай, ашық айту керек. Біз оның шешу жолын қарастырып, заң аясында жүзеге асыруға күш саламыз, – деді облыс әкімі.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көшелер жөнделіп, жарық жүйелері жөнделуде.
Құм, тас таситын ауыр жүк көліктер жүретін айналма жол салу, сондай-ақ тәулік бойы автоматты режимде жұмыс істейтін көлік құралдарының салмағын өлшейтін бекетті орнату жоспарлануда. 2022 жылдың қараша айынан бастап қаладағы 6 тұрғын ауданы табиғи газға қосылды. Жұмыстар жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл жоба құны 8 млрд. теңгені құрайтын «TURKESTAN AGRO.KZ» компаниясы 50 мың ірі қара малды бордақылау үшін алаң ашуды жоспарлап отыр. «KAZPLEMZAVOD» компаниясы 10 мың бас ірі қара малды өсіруді және көбейтуді қолға алды «KING MILK» компаниясы Түйе сүтін қайта өңдеу жобасын іске асырды. Ұнтақталған өнім шығарып, оны экспорттайды. «DERMENE AGRO GROUP» компаниясы Балық өсіру, көбейту жобасын іске асыруда. Жоба құны 50 млн. теңгені құрайтын бұл компания 50 мың «сазан» өсіріп, балық шаруашылығын дамытып отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 бағыт бойынша тұрғындардың 2,5 пайызбен несие алуы 5 ауылдық округте іске асырылуда. Сондай-ақ мал бордақылау, сүт өндіру бағытында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивтері құрылды. Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақдала, Дермене ауылдық округінен 81 жоба қабылданып, 300 млн. теңгеге 63 жоба қаржыландырылды.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6 мың 609-ға жетіп, оларда 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Арыс қаласы бойынша былтыр 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Арыс қаласында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында Арыста 2 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар 5 мектептің қосымша корпустарына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлердің есебінен 3 жаңа мектеп және 5 балабақша ашылады деп жоспарлануда. 2024 жылы теңгеге инвестор есебінен автобустар жаңартылатын болады. Арыс қаласы мен елді мекендерді көгалдандыру мақсатында былтыр 1 гектар жер телімі бөлініп, тұқымбақ құрылды. Қазіргі таңда тамшылатып суғару әдісімен 80 мың дана жас көшеттер өсуде. Қаладағы жұмыссыз отбасыларға егіншілікпен айналысуға жағдай жасау мақсатында Арыс қаласында жалпы көлемі 50 гектар жер қоршалып, 2 ұңғыма қазылып, арнайы су жинайтын 60 тонналық құрылғы қойылды. Аз қамтылған әр отбасыға жарты гектар (0,5) жер телімі берілетін болады. Нәтижесінде бұл отбасылар өзін-өзі жұмыспен қамтиды. Жоба өз тиімділігін көрсеткен жағдайда, жер телімі 100 гектарға дейін ұлғайтылатын болады. Кездесуден соң облыс әкімі қабылдауға жазылған тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Өңір басшысының халықпен кездесуі басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.
– Бүгін ел экономикасының дамуында үлесі ерекше, Орта Азия қақпасы атанған Арыс қаласына өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Тоғыз жолдың торабында орналасқан теміржолшылардың қаласы бұрыннан белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы ірі аймақтардың бірі. Сіздерге осы есепті кездесуге өз уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айтамын.
Биылғы наурызда өздеріңізбен осында кездескен кезде, қаланы дамытуға септігі тиетін 12 маңызды мәселе көтерілген болатын. Басым бөлігі жүзеге асты. Өздеріңіз көтерген мәселелерді түпкілікті шешу үшін арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Арыс қаласына 56 млрд. теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 42 инвестициялық жоба іске асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Табысты жобалар мен инвестициялар үшін тартымды қалаға айналып келе жатқан Арыс қаласында биылдың өзінде 19,4 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Соның нәтижесінде, жаңадан 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Бұл – Арыс қаласының – инвестор үшін игілікті өңірге айналғанының тағы бір дәлелі. Дархан Сатыбалды туған жерді түлетуге атсалысып жатқан демеушілерге алғыс айтып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Арыста жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 432 млн теңгеге түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жеке кәсіпкер Шағыр елді мекенінде аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын спорт және балалар алаңшасын сыйға тартқан. Таптырмас спорт нысанының жалпы жалпы құны 30 млн. теңге.
Талдықұдық елді мекенінен тағы бір демеуші есебінен құны 5 млн. теңгеге спорт алаңшасы салынды. Ал қала орталығынан жеке кәсіпкер 280 млн теңгеге жаңа саябақ құрылысын жүргізіп жатыр. Демалыс аймағында аптап ыстықта жанға сая болар 450 түптен астам ағаш отырғызылған. Сонымен қатар жарықтандыру мен суару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Және тұрғындар үшін заманауи, жаттығу құрылғылары бар спорт алаңы салынды. Бұған қоса балаларға арналған екі ойын алаңы орнатылған. Саябақ толық абаттандырылған. Демеушілер тарапынан жүзеге асырылатын тағы бір жобаның бірі – заманауи спорт кешені. Биыл құрылысы басталған кешеннің жалпы құны 100 млн теңгені құрайды. Мұнда бір мезетте 100-ден аса бала түрлі спортпен шұғылдануға мүмкіндік туады.
Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сақтауға арналған қойма – баға тұрақтылығының кепілі болмақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірегей жобаның құрылысымен танысты. «MEGA-AGAT» компаниясына тиесілі жобаның құны 4 млрд. теңгені құрайды. Нысан соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталады. Кешеннің тоғыз жол торабы саналатын Арыста орналасуы көптеген мүмкіндіктерге жол ашпақ. Яғни, Еуропаның «А» стандартына сәйкес болатын кешен ерекшелігі – көршілес ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын Азия, Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру.
6 гектар аумақта орналасқан қойманың көлемі 17 000 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 14 000 мың шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналса, 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға шақталған қойма. Яғни кешенге өнімнің тауарлық қасиеттерін жоғалтпай ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықтар орнатылады. Соның арқасында, көкөніс қоймасы кәсіпкердің өз өнімін де, көршілес аудандар мен ауылдардағы шаруа қожалықтарының өнімін де ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға жол ашылады. Сонымен қатар аталған кәсіпорын аумағында құны 600 млн теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа қойма іске қосылғанда, жергілікті диқандар Арыстан алысқа шықпай-ақ, астықты осында сақтап, тиімді бағада нарыққа шығаруға жағдай жасалынбақ. Яғни, жаңа астық сақтау қоймасы арқылы қосымша шығындар азаяды, ол түптеп келгенде бағаның тұрақтануына мүмкіндік беретін болады.
Облыс әкіміне Арыс қаласының өндіріктік аймағы таныстырылды. Мұнда болашақта бірнеше ірі өнеркәсіп орындарын ашу көзделген. Халықтың табысын арттыру мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, қой жүнін өңдеу арқылы биотыңайтқыш өндіру жүзеге асырыла бастады. Мал бордақылау алаңы салынады. Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс станциясының локомотив депосы базасында құрылған ірі теміржол кәсіпорнында болып, теміржолшылармен кездесті. Мұнда бір жылдың ішінде 3 мыңнан астам жолаушылар вагоны мен локомотивке деполық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеп, техникалық қызмет көрсетуден басқа электровоздарға сервистік қызмет көрсетеді. Кәсіпорында 400-ден астам адам жұмыс істейді.

Leave a reply