ҚОҒАМ ӨЗГЕРІСКЕ БЕТ АЛДЫ

0
96
Осыдан бір жыл бұрын, 2022 жылдың 16 наурызында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» атты жолдауын жариялады. Осы маңызды құжат арқылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жаңарудың жаңа үлгісін ұсынды. Жаңа Қазақстан идеясының басты ұстанымдары мен бағыттарын жариялады. Осылайша Қазақстан тарихындағы ірі өзгеріс кезеңі басталды.
Осынау бір жыл ішінде ел іші саяси оқиғаларға толы болды. Референдум өткізілді. Президент қайта сайланды. Үкімет құрамы өзгерді. Енді міне, Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп, негізгі бастамаларға қадам жасалып жатыр. Шынымен де қоғам өзгеріске бет алды. Еліміздің тұрғындары бүгінде бұған көз жеткізіп отыр.
“Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды. Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір  жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде  барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі. Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы.   Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады. Императивті мандатқа көшу де  депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің  тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді.   Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі деп сенемін”, деді президент.
Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек. Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.

“Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін  тиімді шешім іздеудің маңызы зор. Соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге, коронавирус індеті де әсер етуде.  Көптеген елдер  дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни, электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн.  Байланыс технологиялары қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ, әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрібір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын. Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады. Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын.  Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары да  маңызды рөл атқарады. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгені  белгілі. Осыған байланысты сайлау науқаны  бүкіл еліміз бойынша үздіксіз үдеріске айналды. Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін  қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз  бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау  барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек. Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез-келген сайлау – біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ, бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды. Қазір әлемде түрлі гибридті қауіптер, оның ішінде сайлау технологияларын қолдану арқылы жасалатын қатерлер көбейіп келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің қандай да бір араласуына жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол үшін, ең алдымен, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек”, деді Президент.

Халық орындалмайтын уәдеден, нәтижесіз іс-шаралардан әбден шаршаған кезде, үмітсіздікке бой алдырған сәтте Президенттің бастаған реформалары елге жаңа леп әкелді. Мемлекеттің саяси әлеуметтік жүйесіне өзгеріс, басқару тетіктеріне жаңа талаптар енгізу қажеттігін сезініп жүрген кезеңде жарияланған Президент жолдауындағы батыл қадам қазақстандықтарға тың серпіліс берді. Қазіргі таңда саяси жүйеміз жаңа жағдайларға біртіндеп бейімделіп келеді. Мемлекеттік институттар жүйесін түрлендіруге, азаматтық белсенділікті арттыруға елде жаңа саяси мәдениет қалыптастыру басталып кетті. Бұл Қазақстанды жаңа деңгейде көрсетуге жасалып жатқан үлкен баспалдақ.
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Leave a reply