Президент Ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырды

0
140

Тағы бір маңызды мәселе – қор нарығын дамыту. Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет.

Төлем жүйелерінің тұрақтылығын сақтау да өте өзекті мәселенің бірі болып отыр. Былтыр Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің бірінші бөлігі – жылдам төлемдер жүйесін іске қосты. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырамын.

Енді тағы бір аса маңызды мәселеге, яғни бюджет саясатына тоқталайық. Мен былтыр “бюджетті басқарудан” “нәтижені басқару” тәсіліне көшу арқылы бюджет жүйесін реформалауды тапсырдым. Бұл мәселе жаңа кодекс қабылданған соң шешімін табады. Бюджет үдерісінің ашықтығы, оған қатысушылардың жауапкершілігі мен дербестігі арта түседі.

Сонымен бірге бюджет саясатының тиімділігін арттыру үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктер мен тәсілдерді пайдалану қажет. Сондықтан Үкіметке бірнеше министрлік пен аймақтар үшін пилоттық режимде толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізуді тапсырамын.

Келесі. Аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік реформа қолға алынды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек.

Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті.

Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру.

Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс (қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық).

Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Мен бұдан бұрын экономиканың түрлі секторындағы салық мөлшерлемесін саралау туралы айтқан едім. Бұл шара салық жүктемесін өндірістің күрделілігіне қарай бөлуді қамтамасыз етеді.

Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет. Қалған жеңілдіктер жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже бойынша берілуі керек.

Салықтық әкімшілендіру мәселесіне келсек, фискалды органдар мен салық төлеушілердің қарым-қатынасын қызмет көрсету үлгісіне көшірген жөн. Басты мақсат жазалау емес, ескерту болуға тиіс.

Салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептілік формаларын 30 пайызға қысқарту қажет. Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту керек. Айтарлықтай түсім әкелмейтін төлемдерді толығымен алып тастап, қалғандарын біріктіруге болады.

Бөлшек салықты енгізу мәселесі қажетті бастама болғанына көзіміз жетті. Осыны ескере отырып, Үкімет оны қолдану аясын екі есе кеңейтеді. Сондай-ақ үдемелі салық салуды енгізу жұмысын жеделдеткен жөн.

Салық саясатын қайта қарап, өзгерту үшін Үкімет пен Парламент батыл әрі жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылдауы керек.

Тағы бір мәселені атап өту қажет. Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Сол үшін біз шикізатқа тәуелді болудан біртіндеп арылуымыз қажет. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс.

Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты.

Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар.

Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану.

Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз.

Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін.

Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе.

Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек.

Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – “сапа”. Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.

Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек.

Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн.

Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек.

Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған “Келешек” атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын.

Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен “Ұлттық қор – балаларға” жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.

Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет.

Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.

Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр.

Келесі. Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді.

Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек.

Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды. Оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты.

Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді. Сондықтан, ең алдымен, оның өзін өзгерту қажет. Осы саладағы реформаның басты бағыттары мынадай.

Біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе.

Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс.

Үшіншіден, Президент Әкімшілігі басты “саяси штаб” ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырады.

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалуын бақылау және бағалау жұмысын да қайта қарауымыз керек. Бұл – жұртшылықтың сұранысы. Басқаша айтқанда, қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында “қосымша кадрлар тобы” қалыптасады.

Қазір кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрған кезде мұндай қадам өте маңызды. Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді. Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн.

Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз.

Қадірлі отандастар!

Еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалды.

Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз.

Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет.

Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе.

Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз.

Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді.

Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз.

Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады.

Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды.

Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.

Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз.

Жалпы, әлемдегі ахуалдың күрделі екенін көріп отырсыздар. Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз.

Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ.

Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым.

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.

Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың “Толық адам” ілімінен бастау алатын “Адал азамат” тұжырымдамасының түпкі мәні – осы.

Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды.

Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды.

Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.

Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын.

Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!

Leave a reply