Қазақстан Президентінің Жолдауына пікір

0
147

Қазақстан Президенті Қасым Жұмарт Тоқаев мырзаның ҚР Парламенті палаталарының біріккен сессиясында Қазақстан халқына арнаған Жолдауы соңғы жылдардағы бұрынғы үндеулерден айтарлықтай ерекшеленді. Жолдауда Қ.Тоқаев мырза Қазақстанның саяси, экономикалық, қауіпсіздік, мәдени және әлеуметтік стратегиясын айқындады. Стратегияға сәйкес, Қазақстан халықаралық стандарттарға негізделген жаңа даму құрылымы мен өнеркәсіптік инфрақұрылым құруда. Қазақстан экономикалық, саяси және қауіпсіздікті сақтау тұрғысынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы ең қуатты ел болып саналады. Қ.Тоқаевтың Жолдауында бірқатар маңызды мәселелер қамтылған:

 1. Біріншіден, қазақ қоғамының тіршілігі мен тұрмысына қамқорлық жасау;

 2. Әр түрлі діндер мен тілдердегі этникалық топтар арасында ұлттық татулықты және тұрақтылық пен бірлікті қалыптастыру;

 3. Елдің өндірістік инфрақұрылымы мен технологиясын дамыту;

 4. Өңірлік және жаһандық дипломатияны дамыту;

 5. Орталығы Қазақстан болып табылатын өңірде Еуразиялық технологиялық желі құру.

Мұндай жағдайда Қазақстан мемлекеті өркендеу бағытына жолға түсіп, қысқа мерзімде дамуға бет түзейді. Құқық пен өмір сүру сияқты қоғамның қажеттіліктерін шешу, электр энергиясына, бейбіт атомды даму қажеттілігін шешу және зиянды энергияны пайдаланудан бас тарту, қоршаған ортаға назар аудару, ең бастысы цифрлық тіршілік қалыптастыру және сыртқы әлем мен дамыған елдермен ынтымақтастық пен үйлесім үшін барлық әлеуетті пайдалану сияқты мәселелер халықтың әл-ауқатын арттыру үшін көп көңіл бөлінген мәселелер болып отыр.

“Баршаңызға мәлім, мен жыл сайын халыққа Жолдауымды Парламент сессиясының ашылуында жариялаймын. Бүгінде бұл жақсы дәстүрге айналды. Мұның айрықша мәні бар.Себебі дәл осы сәтте және дәл осы жерде билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосады. Алдағы орта мерзімдік жұмыстың бағыт-бағдары айқындалады. Нақты тапсырмалар беріледі, жаңа міндеттер жүктеледі. Парламент, Үкімет және басқа да құзырлы органдар тың қарқынмен іске кіріседі. Бір сөзбен айтсақ, мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін бұл іс-шара өте маңызды.Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді.Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. “Жайлы мектеп” жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. “Ұлттық қор – балаларға” жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады.Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде “күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” тұжырымдамасы барынша орнықты. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше.Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды.Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет.Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті.Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз.Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады.Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай. Сондықтан ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды.Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі.Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын.Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет”, деді президент.

Қ.Тоқаев мырзаның Жолдауында шын мәнінде Қазақстан дамуының кең аясы қамтылып көрсетілген. Ол мемлекеттік шығындарды азайтумен қатар, үкіметтің жауапкершілігін қысқартуға, істерді халыққа және үкіметтік емес секторға беруді кеңейтуге ниетті, бұл іс жүзінде үкіметтің меншігін азайтады. Халық пен элита үкіметпен істерді басқаруда және саясатты құруда ынтымақтасады, бұл – Қазақстандағы демократия мен құқықтық бостандықтардың үлгісі.

Қазақстанның көршілес елдері экономикалық, қауіпсіздік пен этникалық дағдарысқа тап болған осындай жағдайда, Қазақстан ұлттық біртұтастығымен, бірлігімен елдің жан-жақты дамуына нық қадамдар жасап жатыр, бұл – Қазақстанның бұрынғы президенті Н.Назарбаев мырзаның ұмтылысы және ол кісінің жолын Қ.Тоқаев мырзаның жалғастыруының көрсеткіш-нәтижесі.

“Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда.Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек.Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді.Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды.Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет.Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз.Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек.Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз.Мен былтыр қолданыстағы жүйенің бітпейтін дау-дамай, жұмыстың ұзақ мерзім, ашық еместігі сияқты түйткілді мәселелерін шешу үшін жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырдым. Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат бюджет қаржысын үнемдеп әрі есеп бере отырып жұмсауға септігін тигізуі керек.Бір жағынан жаңа жүйе еліміздің кәсіпкерлеріне одан әрі қолдау көрсетілуін және ең бастысы, қордаланған мәселелердің бюджеттен қаржыландыру арқылы шұғыл шешілуін қамтамасыз етуге тиіс.Сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, “баға емес, сапа” қағидатына басымдық беріледі, яғни, демпингке тиімді тосқауыл қойылады және үдерістер толық автоматтандырылады. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне алғаш рет “басынан бақайшағына дейін” жасау тәсілі енгізіледі.Жұмыстың ашық болуын арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз еткен жөн.Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс.Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті.Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек.Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек.Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс.Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек.Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі”, деді.

“Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады.Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет.Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс.Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек.Заманауи технология трансфертін жасау және жаңа өндірістер ашу жұмысын жалғастырған жөн.Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетіледі.Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек.Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн.Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек.Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. “Ауыл аманаты” бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек.Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал.Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз.Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс.Келесі мәселе. Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес.Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс.Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады”, деді.

Қазіргі уақытта Қазақстанның саяси, экономикалық, мәдени, партиялық құрылымында жасалған іс-әрекеттермен бұл өңірдің басқа елдеріне үлгі болып табылады және бұл – Қазақстан үкіметі мен халқының үлкен жеңісі.Біз Тоқаев мырзаның салиқалы саясатымен Қазақстан түрлі салаларда дамудың нық қадамдарын жасайды және Иран Ислам Республикасының өңірдегі үздік серіктесі ретінде әрекет етеді деп сенеміз.

 

 Мирғасем Момени

Жаңа технологиялар келешегі жөніндегі халықаралық зерттеу институтының атқарушы директоры, әлеуметтік ғылымдар докторы

Leave a reply