САЙРАМ: АУДАН ӘКІМІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

0
127

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов түрлі салада еңбек етіп жүрген жастармен кездесті. «Ардақты ана» музейінде өткен кездесуге «Жастар-мемлекетіміздің мәртебесі» тақырыбы арқау болды. Жиын ашық форматта өтті.  «Ауданымыз облыс көлемінде ғана емес республика бойынша тұрғыны көп аудан болып саналады. Қазіргі таңда аймақ халқының 32 пайызын 14-35 жас аралығындағы жастар құрайды.  Еліміздің болашағы жастардың қолында», – деп аудан басшысы Арман Сәбитов жастарға сенім артатындығын жеткізді.

Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығы КММ-нің директоры Әділхан Төлегенов атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша ауданда 234 506 халық болса, оның ішінде 75 508 жастар. Айта кету керек биылдан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты туралы»заңға өзгерістер енгізіліп, жастар санаты 14 жастан 35 жасқа ұлғайған болатын. Сонымен қатар, 2029 жылға дейінгі жастар саясаты туралы тұжырымдама да қабылданған. Онда жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, заманауи құндылықтар мен патриоттық тәрбие, салауатты өмір салты, жұмыссыз жастардың санын азайту, ауыл жастарын қолдау мәселелері қарастырылған.

Алқалы жиында жастар аудан әкімі Арман Сәбитовке көкейкесті сауалдарын қойып, жастардың дамуы жолында түрлі ұсыныстарын жеткізді. Соның бірі-аудан орталығынан жастарға қолайлы кітапхана ашу. Аудан әкімі бұл мәселе үстіміздегі жылы оң шешімін табатынын айтып, жастарды қуантты. Сондай-ақ волонтер жастардың әлеуетін көтеру мәселесі сөз болды.

Жиын соңында аймақ басшысы А.Сәбитов аудандағы түрлі салада еңбек етіп жүрген жастарды Алғыс хаттармен марапаттап, жастарды қолдайтынын жеткізді.

Leave a reply