СОЗАҚТА КІШІ ФУТБОЛ АЛАҢШАСЫ МЕН БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

0
107
Бүгін Шолаққорған ауылындағы С.Абуов көшесінің бойынан тұрғындар сұранысына орай «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» демеушілігімен салынған кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, шараға арнайы қатысқан «КАТКО» БК ЖШС-нің бас директоры Паскаль Бастьенге және «КАТКО» БК ЖШС-де Коммуникация және КӘЖ басқармасының бастығы Айжан Алдабергенова мен КӘЖ бойынша менеджер Шолпан Колдасбековаға арнайы алғыс хат табыс етіп, құрмет көрсетті.
– Бұқаралық спортты дамыту мен жас ұрпақ тәрбиесі қай заманда болмасын уақыт сөресінен түскен емес. Аудан жастарын жеке тұлға етіп қалыптастырып, болашаққа деген сенімін нығайту, ізгілікке, еңбекқорлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеп, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жобалар әр кез назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда аудан халқы «Катко» қазақ-француз біріккен кәсіпорнын әлеуметтің алдындағы жауапкершілікті адал атқарып келе жатқан компания ретінде таниды. Жыл басынан бері кәсіпорынмен бірлесе отырып, жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында бірнеше жобаларды іске асырдық. С.Қожанов атындағы ескі музей ғимараты балалар шығармашылық үйіне арналып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимарат қажетті жабдықтармен толықтай қамтылды. Бүгін міне, кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасын ел игілігіне ұсынып отырмыз. Тек бұл ғана емес, аудан орталығындағы А. Спатаев көшесінің бойында салынып жатқан ойын алаңшасы да жақын күнде пайдалануға беріледі. Біз мұнымен шектелмейміз. Алдағы уақытқа да нақты жоспарларымыз бар, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ «КАТКО» БК ЖШС-нің бас директоры Паскаль Бастьен өскелең ұрпақ салауатты өмір салтын ұстанып, тәнін шынықтыратын орынға айналатынына өз сенімін білдірді. Созақ ауданының Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков, ардгер ұстаз Бақыт Әметов ақ тілектерін арнап, ауыл қариясы Сатыбалды Ізбалаев батасын берді.
Шарадан соң аудан басшысы «КАТКО» БК ЖШС-нің бас директоры Паскаль Бастьенмен бірлесіп тұрғындар сұранысына орай Жібек жолы-2 көшесінен ойын алаңын салуға қолайлы орынға барып, құрылысты бастау мәселесін пысықтады.
Айта кету керек, аудан әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ әлеуметтік жобаларды қолдау аясында бірлескен жұмыстарды тұрақты түрде атқарып келеді. Осы уақытқа дейін аудандағы ауылдық округтер мен кенттерде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындар бірнеше «Street Workout» және балалар ойын алаңы мен әлеуметтік нысандар ашып, көше жарықшамдарын орнатуда. Биылғы жылы қосымша «Инкай» БК» ЖШС демеушілігімен Қарабұлақ, Жеткіншек елді мекендеріне және Шолаққорған ауылының Ж.Ерімбетов көшесіне балалар ойын алаңын салу жоспарлануда.
Шараға ауыл тұрғындары, бірқатар бөлім мен мекеме басшылары, сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Leave a reply