ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҰСЫНЫСЫМЕН БОЙ КӨТЕРГЕН САЯБАҚ
Осыдан бірнеше ай бұрын Түркістан төрінде Руханият саябағы ашылған болатын. Саябақ Яссы мөлтек ауданы тұрғындарының ұсынысымен бой көтерді. Алғашқыда тұрғындар бос орынға мектеп салынса деген тілектерін білдірген-ді. Себебі, аталмыш аумаққа жақын білім ордасы жоқ. Оның үстіне бос жатқан жер қоқыстан көз ашпай қараусыз қалған еді. Бүгінде бұл орын шаһарымызға көрік берер саялы саябақтың біріне айналады.
Жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын саябақтың ішінде 200 дана жарықшам орнатылса, демалушылар үшін жалпы саны 120 орындық қойылған. Өз кезегінде саялы бақтың ішін жасыл желектендіру жұмыстары да қолға алынған. Яғни мұнда 8000 түп ағаш егіліп, балалардың ойнауына ыңғайлы ойын алаңшалары да салынған. Сонымен бірге жаяу жүргіншілердің серуендеуіне арналған арнайы аяқжолдармен қатар үш автотұрақ аумағы мен веложол да қарастырылған. Аталмыш қоғамдық орын демалуға таптырмас мекен.
– Бұрындары бұл аймақ бос жататын. Сай орынға тұрғындар тұрмыстық қоқыстарын тастайтын. Қазір адам танымастай өзгерді. Рухани шаһардың бұрынғы әкімі марқұм Әліпбек Өсербаевтың кезінде осы аумаққа сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаш көшеттері егілген. Міне, сол бастама бүгінде өз жемісін беріп, қазіргі қала басшысы Нұрбол Тұрашбековтың қолдауымен саялы саябақ салынды. Тұрғындардың жайлы өмір сүруін ойлаған билік басындағыларға айтар алғысымыз шексіз. Еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін қазір саябаққа жиі келіп тұрады. Кешкісін балалардың бас қосар ордасына айналды. Көшеттер көгеріп, ағаштар ажар беріп әдемі баққа айнала берсін, – дейді қала тұрғыны Мейірбек Сабиров.
Өткенге көз жүгіртсек. Саябақ қасиетті Рамазан айында толықтай аяқталып, қолданысқа берілген болатын. Мұндай игі істердің барлығы дерлік тұрғындарға мейілінше қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынады. Сондай-ақ, саябақтың ашылу салтанатына қатысқан зиялы қауым өкілдерінің қатарында облыстық ардагерлер алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қаланың зиялы қауым өкілі Әскер Әбдікәрімов, облыстың бас имамы Ержан Төлепов, қаланың бас имамы Мұхаммеджан Жұмадуллаев ізгі лебіздерін жеткізіп ашылу салтанатына арнайы қатысқан болатын.
Түркістан қаласы облыс орталығы атанғанына бес жыл толды. Бес белесте біршама тындырымды тірліктер атқарылды. Қала келбетін айшықтай түскен нысандар бой көтеріп, басым бөлігі қолданысқа беріліп үлгерді. Бүгінде Түркістанға қарасаң көз тоятын көптеген демалыс орындары бой көтерген. Оған қоса түрлі саябақтар легі салынып, уақытында халық игілігіне ұсынылып келеді. Оған тағы бір дәлел таяуда жаңа қала мөлтек ауданындағы тұрғын үйлердің маңында орналасқан жасанды көлі бар саябақтың құрылыс жұмыстары аяқталып, толықтай қолданысқа берілмек. Аталмыш саябақтың жұмысымен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы танысқан болатын. Бүгінде жасанды көлдің үстіне көпір салынып, көл бойына су толтырылған.
Түркістан соңғы бес жылда айтарлықтай көркейіп, жасыл желекті мекенге айналып үлгерді. Әрине, мұндай үлкен істің артында бір топ еңбек адамының барын да ұмытпауымыз керек.
Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.