ТҮРКІСТАНДА КӘСІПКЕРЛЕР ӨСІМІ ЖОҒАРЫ

0
137

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің әл-аухатын ішкі экономикалық тәжірибесі ғана көтереді. Яғни бір ғана кәсіпкер ел экономикасына едәуір әсер ете алады. Мәселен өзі құрған жоспарды нарыққа ұсынып, тиісінше, бірнеше адамды жұмыспен қамтиды, одан бөлек, мемелекетке салық төлеп, пайда әкеледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлік – өркен жайып, ел экономикасының күре тамырына айналып келе жатқан салалардың бірі. Бүгінде өз ісін бастап, аяққа тұруды ниет еткендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек орасан. Инновациялық жоба әзірлеп, қайтарымсыз қаржыға ие болғысы келгендер мен жаны сүйетін істі бастау мақсатында жеңілдетілген несие иемденуді ниет еткендердің үкімет бетін қайтарған емес. Бұл аз десеңіз шағын және орта бизнес өкілдерінің дамуы үшін Президент үш жылға салықтан босатты. Сәйкесінше, жөн-жосықсыз тексеріс те тежелді. Бұл қаладағы кәсіпкерлер санының еселеніп, экономиканың дамуына қосымша дем беретіні сөзсіз. Ал бүгінде кәсіпкерлікті жандандыру аясында қандай қаржы институттарымен жұмыс жүруде, бұл салада қандай өзгерістер болып жатыр. Осы және өзге де сұрақтарға жауап алмақ болып, Түркістан қаласының «Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің» басшысы Талғат Алпысбайұлымен сұқбаттастық.

– Талғат Алпысбайұлы кәсіптік салада «шағын және орта» бизнес деген түсінік бар. Әңгімемізді бастамас бұрын осы сөздерге анықтама беріп көрейікші. Айырмашылығы қандай?

– Шағын бизнес дегеніміз атауы айтып тұрғандай үлкен көлемде пайда әкелмесе де, ай сайын белгілі мөлшерде материалдық қажеттілік әкеліп тұратын бизнес. Ал орта бизнес деп отырғанымыз, бұл ендігі үлкен компания, бірлестік. Бұл бизнес мемлекеттің тікелей экономикалық жақтан өсуіне көмектеседі. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ бұл екі сөздің баламасы осыған саяды.

– Ал бүгінде Түркістандағы шағын және орта бизнес өкілдерінің көрсеткіші қандай? Бес жыл көлемінде қандай өсім бар?

– Жалпы бес жылдық салыстыруға келер болсақ, өсім екі есе. Мәселен, 2018 жылдың мамыр айындағы жоспар бойынша шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 10 305 субъект тiркелген екен. Бұл көрсеткіш, 2023 жылдың мамыр айында екі есе өскен. Яғни бүгінде 20 537 кәсіптік субъект тiркелген. Демек, бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады. Түркістан облыс орталығы статусын иемденген кезден бастап өңірде кәсіптік салаға бетбұрыс ілгерілеген. Түрлі өндіріс орындары ашылып, бизнестік көзқарас қалыптасты деп айта аламыз.

– Жыл басынан бері кәсіпкерліктің даму деңгейі қандай және мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы ұйымдары арқылы қандай жұмыстар қолға алынды?

– Кәсіпкерлердің үздіксіз жұмыс істеп тұруы сала тарапынан басты назарда. Мысалы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 17 жоба 809 млн теңгеге, 13 жоба 273,8 млн теңге кепілдік беріліп, 35 жоба 2,428 млрд теңгеге субъсидияланған. Ал, қарапайым заттар экономикасы бойынша 3 жоба 1,410 млрд теңгеге субъсидияланып, 1 жоба 160 млн теңгеге кепілдендірілген. Демек кәсіпкерлерге қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Ал кәсіпкерлерді аз пайызбен несиелендіру бойынша осы жылдың мамыр айында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС 8 жобаны 104 млн 200 мың теңгеге қаржыландырылды. Одан бөлек, белсенді шағын және орта бизнес субьектілердің толық статистикалық есеп тапсыруын қамтамасыз ету, олармен төленетін міндетті төлемдерінің өтелуін қадағалау, бойынша статистика басқармасымен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Ал «Ырыс» МҚҰ-ның Түркістан қаласына бөлінген қаражат есебінен басым бөлігі туризм саласындағы жобаларға қолдаулар көрсетілу жоспарланып отыр.

– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге біршама қолдау болып жатқанынан хабардар болдық. Ал түркістандық кәсіпкерлердің белсенділік деңгейі қалай?

– Қазіргі таңда түркістандық кәсіпкерлердің беталысы жаман емес. Негізі біздің халық еңбекқор, шаруақор. Кез келген кәсіпті тез меңгереді. Сондықтан қандай бағдарлама қолға алынса болды, соны игеріп, меңгеріп кетуге дайын тұрады. Мысалы бізде кәсіпкерлік нысан ретінде индустриалды аймақ бар. Бүгінде барлық жағдайы жасалған. Кәсіпорын барып жайғаса берсе болады. Ал кәсіпкерлердің даму деңгейіне келер болсақ, қала ішінде өздеріңізге танымал «Grand MIKS» жиһаз фабрикасы бар. Бастапқыда олар кәсіпті үйінен бастаған. Ал бүгінгі нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Негізінен кез келген кәсіп бірінші ең төменгі сатыдан басталады. Одан бөлек, «DAYLI FOOD» тамақтанатын орны бар. Бастапқыда базардың бір бұрышынан бастау алған бизнес бүгінде үлкен дәрежеге жетіп отыр. Қазіргі таңда республиканың басқа өңірлеріне шығуды көздеуде. Қорыта айтқанда, Түркістанда кәсіпкерлік бағыт жақсы қолға алынған. Ең бастысы халық еңбекқор. Жаңа іске тез бейімделіп кетеді. Осы тұрғыда кәсіптік саланың қарқынды дамуына жақсы әсер етеді.

– Оңтүстік халқының тойға ерекше көзқараспен қарайтыны белгілі. Ал 2020 жылы бүкіл әлемдік пандемия басталып, біршама тойханалар өз бағыттарын өзгертті. Кәсіпкерлік салаға бұл қозғалыс қалай әсер етті? Бүгінде бағытын өзгерткен кәсіпкерлер ары қарай игеріп кетті ме?

– Иә карантин уақытында біршама тойханалар бағытын өзгерткені рас. Бірақ бұл қозғалыс оларға қатты әсер етіп, бизнестері тоқтап қалды дей алмаймын. Себебі сол уақыттың өзінде біршама кәсіпкер өз жоспарларын өзгертіп, мектеп, шағын кәсіптік орынға айналдырып алды. Бұл тұрғыда оларға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетілді. Салықтардан босатылып, түрлі ауқымды гранттар бөлінді. Салдарынан қазір түркістандық той бизнесіндегі нысандардың көбісі одан әрі өркендемесе, табыстары кеміген жоқ. Әрине, карантин әсер етті, дегенмен, мемлекет оларды құтқарып алды деп ойлаймын.

– Түркістанда қай кәсіп жақсы дамыған, ал керісінше қай кәсіп кенже қалған?

– Негізі Түркістан халқы ата кәсіпті жалғастыруға, қолөнермен айналысуға өте биім. Мысалы, қаламызда ертоқым жасап, әке кәсібін ары қарай жандандырып отырған ұсталар бар. Мен ойлаймын, бұл өңір халқының ең басты ерекшелігі. Ал керісінше, дамуды қажет ететін кәсіп бұл – туризмдік бағыты. Яғни, қазіргі таңда шетелдік туристерді тартатын, оларды Түркістанға келуге итермелейтін агенттіктер аз. Бүгінде дәл осы бағыт бойынша келіссөздер жүруде. Мысалы, жақында ғана вьетнамдық инвесторлармен жолықтық. Вьетнамда 25 миллион турист сыртқа шығады екен. Яғни осынша азамат саяхаттауға құмар. Олар бізге тікелей әуе рейсін ашуға ұсыныс тастады. Меніңше өте керемет ұсыныс. Себебі бір турист 24 сағат Түркістан қаласында уақыт өткізсе оның пайдасы мол. Одан бөлек, Түркістан қаласында «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесінің бар болғанының өзі үлкен көмек. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінен кесенені көру үшін туристер ағылады. Жоғарыда атап өткенімдей, туризмдік бағыт бүгінде мықты қолға алынуда. Алайда дайын туристерді алып келетін туроператорлық аз. Дегенмен кәсіпкерлік бөлімі бұл істі қолға алып жатырмыз. Нәтижесін жоғарыда атап өттім.

– Жас кәсіпкерлер жөнінде айтсақ. Өңір жастары кәсіп ашуға белсенді ме, оларды ынталандыру үшін қандай жобалар орындалуда? Кәсіпкерлікке бейімдеу, грант алуға дайындалған жобаларды бақылау, оқыту курстары қалай жүреді? Тренингтен өткендерге несие алуға кім көмектеседі?

– Өңір жастарының кәсіптік салаға бейімделуі оңай. Себебі жоғарыда атап өткенімдей, Түркістан халқы өте еңбекқор. Ал жастардың кәсіптік салаға бет бұруы олардың жұмыссыздық деңгейін төмендетуге әсер етеді. Осы мақсатта ұйымдастырылған жүйелі жұмыстар нәтижесінде ұлттық жобаға жүгінген жастар санатындағы 3 672 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың қатарына енді. Ұлттық жобаның жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша қаламызда жүйелі жұмыстар ұйымдастырылуда. Жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес, 2022 жылға 273 азаматтың жаңа бизнес идеяларына қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттарын ұсыну көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 273 азаматтың бизнес идеялары комиссия шешімімен мақұлданып, жоспар толығымен орындалды. Жастарды кәсіпке баулу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылады. Мәселен, оларға тегін кеңес беруге әрқашан дайынбыз. Жастар орталығы, жұмыспен қамту орталықтары-мен бірігіп үгіт-насихат жұмыста-рын жүйелі түрде жүргізіп жатыр-мыз. Ал кәсіпкерлікке бейімдеу, грант алуға дайындалған жоба-ларды бақылау, оқыту курстары әрдайым ұйымдастырылады. Тренингтен өткендерге арнайы мамандар көмектесіп отырады.

– Сіздің ойыңызша, жас кәсіпкер ең көп жіберетін топ 3 қателік қандай?

– Ең алдымен, жобаның жүйесіздігі. Яғни жоспар бойынша өте көп нәрсені армандап қойып, іс жүзінде ақшасы жетпей шығынға батып отырады. Менің ойымша, кез келген бизнесті бастамас бұрын, мейлі ол үлкен, не кіші болсын, алдымен шығындарды есептеп алуы керек. Мысалы, қайтарымсыз гранттарды жеңіп алатын көп жастар осы есептеуге келгенде осалдық танытады. Сондықтан әрбір кәсіпкер болғысы келетін адам, жоспарды бекітіп, шығындарды есептеп алғаны дұрыс. Екіншіден, қаражат жететін кәсіптен бастау керек. Яғни сенің қаржың неге жетеді, бірінші сол сатыдан бастаған жөн. Бірақ бізде керісінше, барлығы бірден үлкен орталық немесе ірі бизнестің жоспарын армандайды. Салдарынан тағы да шығынға батады. Ең соңғысы, әрине кадрлық жүріс. Мысалы, аз қаражатпен бір кәсіп бастаған екі ағайынды сол кәсіптің есепшісі де, жүргізушісі де, экономисті де, кәсіпкері де болады. Жүйелі түрде осының барлығын әр саланың өз маманы жүргізсе жақсы нәтиже көретіні сөзсіз. Қорыта айтқанда, кәсіптік саланың ерекшелігі жас талғамайтыны. Қолынан іс келетін кез келген азамат өз бизнесін дөңгелете алады. Тіпті оған мемле-кет тарапынан да берілетін қолдаулар көп, соны тиімді пайдаланып қалуға тырысу қажет.

– Уақыт бөліп, сұхбаттас-қаныңызға көп рақмет!

 

Ғалия БИСЕЙІТ.

Leave a reply