Елтай БИМАХАМБЕТОВ, Түркістан қаласы мен Сауран ауданының құрметті азаматы, жазушы: «ТҮРКІСТАН ЕЛІМІЗДІҢ БАС ҚАЛАСЫ БОЛУҒА ЛАЙЫҚ»

0
377

Түркістанның облыс орталығы болып құрылғанына көп бола қойған жоқ. Түркі дүниесінің киелі шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қысы-жазы зиярат етіп келушілер ағылуда. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа Түркістанға ерекше мәртебе беру жайын заңдастыруды тапсырды. Бұл мәртебе тұрғысында бірнеше рет мәселе көтерген Түркістан қаласы мен Сауран ауданының құрметті азаматы, тоқсанның төріндегі, жазушы Елтай Бимахамбетов атамызды сөзге тартқан едік.

 

– Елағасы, тоқсан жас қалай екен?

– Бір кісі айтқан екен: «Қарнымның ашқаны емес, қадірімнің қашқанына ренжимін»,- деп. Сол айтпақшы, тоқсан ештеңе емес, менің көзімнің көрмей қалуы маған азап болып отыр. Қолымды байлап тастады. Таң атса, күн батпайды. Тек сол Шалқар радиосын тыңдап жатамын. Бұрынғыдай сыртқа да шыға алмай, халықпен араласа алмай қалдым. Емін-еркін жүріп тұрмағасын өте қиын екен. Осы тұрғанда сені де бұлдыратып көремін. Дәрігерге барып едім. «Ота жасауға келмейді. Қарттықтың салдары» дейді. Осы кезге дейін көп оқыдым. 15 кітап жаздым. Алғашқы «Тасаттық» деген драмамды 1964 жылы жаздым. Комедия. Атеистік тақырыпқа арналған шығармамды Түркістанда, Шорнақта мектептерде қойып жүрді. Одан кейін сол жылы «Соңғы арбакеш» деген кітап шығардым. Ол арбаның орнына жаңа техникалардың келіп жатқандығы туралы кітап. Ол кезде де кітап шығару оңай болған жоқ.

 

– Сіз осы уақытқа дейін 25 драмалық шығармалар жазған екенсіз? Драматургияға келуге себепкер болған ұстазыңыз кім болды?

– 1962 жылы Шымкенттегі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына барған кезімде жазушы, драматург Әлжаппар Әбішевпен кездесіп қалдым. Мен ол кезде Шорнақтағы Фрунзе атындағы қазақ-өзбек орта мектебінде директор болатынмын. Мені редакция қызметкерлері Әлжаппар Әбішевпен таныстырды. Ептеп драма жазып жүргендігімді айтты. Ол кісі дереу «Тасаттық» атты драмамды сұратып алды. «Сенде драманың дәні бар екен. Арамшөбін қаптатып алмай, дәнді дұрыстап өсір» деп кітабыма алғысөз жазып берді. 1962 жылы белгілі драматург Әлжаппар Әбішевтің «Сәт сапар» тілеуімен алғашқы туындым «Қарақұрт» атты бір актілі комедиям жарық көрді. 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесі атеистік тақырыпқа жабық конкурс жариялап, «Тасаттық» атты бір актілі комедиям осы жабық конкурста бірінші орынды иеленді.

Көзім көрмеген соң, «Шалқар» радиосын тыңдаймын. Өткен жылы радиодан журналист бір үлкен жазушымен әңгімелесіп отырғанда, «қай жанр қатты ақсап жатыр?» деген журналистің сұрағына «Ең қиындық көріп отырған драма» деп жауап берді. Ең мықты деген жазушы асып кеткенде, алты драма жазады екен. Содан ұшып тұрып, барлық жазған драмалық шығармаларымды жинақтағанымда 25-ке жетті. «Сахнаның сәні» атты екі том етіп шығардым. Жинаққа енген пьесаларымның бірі 2019 жылы Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы театрда қойылды.

 

– Қандай шығармашылық ұйымдармен араласып тұрасыз?

– 2008 жылы Қазақстан Журналистер ұйымының мүшесі, 2010 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болдым. Соңғы кітабымды Кентаудың «Еркін» баспасынан шығардым. Бірақ, жасыратыны жоқ, драматургия төрт аяғынан да ақсаулы. 1984 жылы «Жалын» баспасынан «Оралу» повесім, 1986 жылы осы баспадан «Тарғыл мысық» атты әңгімелер жинағым жарық көрді. 1985 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 5-санына «Тасыған төгілер» атты бір актілі пьесам жарияланды. 1989 жылы «Жұлдыз» журналының 11-санына «Сағыныш» атты көлемді әңгімем жарияланды. 1992 жылы «Қос қуаныш» атты бір актілі және 1993 жылы «Зауал» атты бір актілі пьесаларым Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Біздің сахна» атты жинаққа енді.

 

– Сізді көп адамдар шындықтың бетіне тура қарай алатын қайраткер тұлға сипатында сыртыңыздан аңыз етіп айтып жүреді. Шорнақтың аудан орталығы болуы керектігін ең алдымен қозғаған сіз екенсіз.

– Мен Шорнақтың қайта аудан орталығы болуы керектігін Парламентке де, Үкіметке де дәйектеп жаздым. Соңында «Шындық жеңеді» деген кітабыма да енгіздім. Олар оны жергілікті әкімдік шешеді деген жауап берді.

«Басқа жақты білмейміз, біздің ауылдық округтердегі халықтың тыныс-тіршіліктері тап қазіргі заманның талабынан көш төмен. Қала әкімінің сан түрлі тірлігімен қолы босап, ауылдарға қарауға, шынын айтсақ, уақыты да жоқ, қолы да тие бермейді. «Су аққан жерінен қайта ағады» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Сол үшін аудан орталығын бұрынғы өзінің орнына қайта көшіру керек. Бұл- жерге де, елге де өте пайдалы. Шорнақ селосының қақ ортасынан темір жол жарып өтсе, іргесінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолы өтіп жатыр. Бұған қоса сырттан әкелінетін көмір, түрлі құрылыс материалдарын вагондарымен қоятын кірме жолы да бар. Әділін айтсақ, облыс көлемінде аудан орталығы болатын әрі тиімді Шорнақ сияқты елді мекен атымен жоқ»,-деп жаздым. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген міне осы. Қазір Сауран ауданының орталығына жан бітіп, алыс-жақыннан адамдар көшіп келе бастады. Барлық мемлекеттік органдар орнықты. Ғажап емес пе?!

 

– Сіздің Алматыдағы діни мүфтиятты Түркістанға көшіру керек деген де бастамашылығыңыз бар екен. Оны қалай дәйектеп отырсыз?

– Мұны мен БАҚ-қа жариялап, соңында «Шындық жеңеді» деген кітабыма да енгіздім. Тарихқа жүгініп, ақиқатын айтар болсақ, Түркістан сонау ықылым заманнан бері яғни, Ақсақ Темір мен Тоқтамыстан бастап, Керейұлы Бұрындық хан мен Тәуекел ханның кезінде де, Еңсегей бойлы ер Есім хан мен әз-Тәуке заманында да және қасқа жолды Қасым хан мен Абылай ханның тұсында да мәдениеті мен қолөнері, сауда-саттығы мен шаруашылығы шалқып, өркендеп дамыған «екінші Мекке» атанған қала. Сондай-ақ, бұрынғы Ресейдің кезінде де Түркістан ескерусіз қалған жоқ. Түркістанға 1887 жылдан бастап уезге бағынбайтын дербес шаһар деген мәртебе берілді.

2001 жылы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен Түркістан қаласының 1500 жылдық торқалы тойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Алматы ғылым мен әдебиеттің орталығы, Астана саясат пен әкімшіліктің орталығы, Түркістан – халқымыздың рухани астанасы. Біздің бұл үш қалаға деген көзқарасымыздың ерекше екенін жасырмай айтуымыз керек», – деген болатын.

Қысқасы, Түркістан – Алматыдай жер сілкінісі жиі болатын елдің шеті мен желдің өтінде емес, діннің орталығы болуға өзінен-өзі сұранып тұрған қасиетті де киелі әрі өте қолайлы жалғыз қала. Олай болса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын Түркістан қаласына неге көшіруге болмайды?,-деп жаздым. Нәтижесі жайлап, біртіндеп шығып келеді.

 

– Сіз қанша жыл «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болдыңыз? Көше атын ауыстыру мәселесі де ең даулы нәрсе емес пе?

– Түркістан қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы қызметін 21 жыл атқардым. Неше түрлі жағдайлар бастан өтті. Түркістанның көшелерінің атын ауыстыру кезінде ата-бабаларының есімдерін ұлықтағысы келгендер болды. «Елге еңбегі сіңбеген адамның атына көше беру дұрыс емес» деп мен ондайларға үзілді-кесілді қарсы шықтым. Сол үшін жақтырмағандар да болды.

 

–Түркістан түрік халықтарының рухани астанасына біртіндеп айналып келеді. Бірақ айналада кемшіліктеріміз көп. Соларды Сіз секілді абыз ақсақалдарымыз айтып, тежеп отырғаны дұрыс. Мәселен, мен өлік шығарылып жатқан үйден ас ішуге қарсымын. Осы туралы не дейсіз?

– Басқа облыстарға қарағанда, Түркістан облысында өзбек ағайындар көбірек тұратыны белгілі. Осы ағайындар өлік шыққан үйде үш күн өткенше, дастарқан жаймайды. Тіпті ол үйден су да ішпейді. Ал, біздің қазақ өлген нәресте болсын, мейлі қарт кісі болсын кемі бір қара сойып, дастарқанды тойдағыдай жайнатып қояды. Өлген адамның ет жақын туыстары улап-шулап, жылап-сықтап жатқанда, бата жасап келген кісілерге қалай ас батады? Өлік жөнелтудің де әдебі болуы керек. Соңғы кезде өзбек ағайындардың осындай өнегелі де жақсы салт-дәстүріне түркістандық бауырлар да біртіндеп көше бастады. Сондықтан бұл ала-құлалықты жою үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына барлық облыстардың имамдарының бастарын қосып, осы мәселені арнайы қарап, жан-жақты талқылап, бір жүйеге келтіріп ортақ пәтуа шығарса, үлкен сауап әрі алғыс айта жүретін игі істің бірі болар еді.

 

– Елтай ата, тоқсаннан ассаңыз да, киелі шаһарымыздағы ақсақалдардың бас қосуларында жиі көріп қаламыз. Әлі де ширақ қалпыңызда қаланың мәселесіне белсене араласып келесіз. Президент айтқан ерекше мәртебе қандай болуы мүмкін деп болжайсыз?

– Мен мамырдың 15-іне қарай Астанаға Парламентке барып осы мәселені көтермекпін. Алдын ала уағдаластықтарым бар. Балам апарып, алып келмекші. Ондағы мақсатым – мұсылман дүниесінің бәрі киелі шаһар деп танитын Түркістанды бұдан да биікке көтеруіміз керек. Менің ойымша, Қазақстанның астанасы Түркістан болуы керек. Себебі, маған Астананың тұрған жері ұнамайды. Елдің шеті, желдің өті, келетін жаудың беті. Киелі Түркістан елдің орталығы болуы тиіс.

 

– Отбасылық жағдайыңыз қалай? Балаларыңыз қасыңызда ма?

– Балаларым қасымда. Өзім жетім өстім. Құдай жеті ұл бір қыз берді. Бір күні ойланып отырсам, әрқайсысы әр жақта жүр екен. Балаларым Оралда, Атырауда, Қарағанды, Қызылорда, Алматыда тұратын еді. Барлығы бойдақ. «Бұлар ертең орыс, кәріс, неміске үйленіп кетсе қайтемін» деген қауіпті ой келді санама. Содан барлығын жұмыстан шығарып, Түркістанға көшіріп алдым. Осы маңның, қазақ қыздарына үйлендірдім. Қазір бәрінің де үйлері, бала-шағалары бар. Тұрмыстары жақсы.

 

– Тоқсаннан астыңыз, еңбегіңіздің зейнетін көріп отырсыз ба?

– Иә. Мен Түркістан ауданына қарасты Шорнақ селосындағы Фрунзе атындағы қазақ орта мектебінің жанындағы интернатта жатып оқып, осы мектепті 1951 жылы бітірдім. 1953 жылы Алматыдағы Абай атындағы пединститутының филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1957 жылы тәмамдадым. Жоғары оқу орнының берген жолдамасымен келіп, Түркістан ауданы мен қаласында оқу-ағарту және мәдениет саласында 40 жылдай басшылық еттім. 1992 жылдан бастап Сәттар Ерубаев мұражайын ұйымдастырып, соның алғашқы директоры болдым. Түркістан қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқардым. Азды –көпті еңбегім еленіп, «Құрмет» орденінің иегері атандым. Лениннің 100 жылдығы медалімен, үш рет Социалистік жарыстың жеңімпазы медалімен, Ұлы Жеңістің 45,50,60,70 жылдық медальдерімен, көптеген «Алғыс хаттармен» марапатталдым. Түркістан қаласының құрметті азаматымын. Қазақстан Жазушылар Одағы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін.

Қазірдің өзінде қалалық «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің, ономастикалық комиссияның, соғыс және еңбек ардагерлері пленумының белсенді мүшесімін. Кезінде абыроймен қызмет атқарып, Түркістан ауданы мен қалалық кеңестерінің бірнеше рет депутаты болдым. Енді міне, жұбайым Елена Төлеуқызы екеуміз сегіз ұл, бір қыз тәрбиелеп, құдайға шүкір, 35 немере мен 27 шөбере сүйіп отырған өнегелі үлкен шаңырақтың иесіміз.

-Үлкен рахмет. Сіздердей сөзі мен ісі темірқазықтай тұрлаулы, атқаны тиіп, айтқаны орындалатын, жас-тарға жол көрсетер абыз ақсақал-дарымыз барда, тура жолдан таймай-тынымыз хақ. Ата жүзге жетіңіз!

Leave a reply