ТҮРКІСТАНДА БОКСТАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

0
136
Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде бокстан жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты аяқталды. Бокс бәсекесіне 13-14 жастағы жасөспірімдер қатысып, өзара қолғап түйістірді.
Апта бойы тартысты өткен біріншілікке Түлкібас, Мақтарал, Бәйдібек, Жетісай, Отырар, Төлеби, Қазғұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Шардара, Келес аудандарымен қатар Түркістан, Кентау, Арыс қалаларынан келген 315 былғары қолғап шебері 15 салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Жарыс нәтижесінде «Түркістан» кәсіпқой бокс клубының шәкірті Али Абдикамал жеңімпаз атанса, облыстық №5 олимпиадалық спорт мектебінің үміттері – Аян Жандосұлы мен Аңсар Үсенхан, Жұмағали Нұрмахан алтыннан алқа тақты. Ал 43 келіде Сарыағаш ауданының тумасы Рүстем Сапархан жеңімпаз деп танылды.
Сонымен қатар Жетісай ауданының түлектері 46 келіде Жалғас Аппаз бен 49 келіде Фирдауси Алмабек, 55 келіде Руслан Қалданбай жеңіс тұғырының биігінен көрінді.
Шаршы алаңда жасындай жарқылдаған 52 келідегі Сарыағаш ауданының өрені Жандарбек Жорабайға тең келер қарсылас болмады. 58 келіде Арыс қаласының өкілі Ақылжан Серікбай барлық қарсыласын тізе бүктірсе, 61 келіде «Түркістан кәсіпқой бокс клубының» ізбасарлары Бағлан Базарбек пен 64 келіде Исламхан Қаналбек, 67 келіде сайрамдық Ерасыл Қамбарбек, облыстық №5 олимпиадалық спорт мектебінің былғары қолғап шеберлері 70 келіде Ескендір Молдаш пен +70 келіде Жәдігер Мүсірәлі өз салмақтарында мықтылықтарын дәлелдеді.
Енді үздіктер аймақтық Қазақстан чемпионатына қатысады.

Leave a reply