ТҮРКІСТАНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

0
107

Түркістанда ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренингі өтті. Оған ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесі мен Түркістан облысы әкімдігі қолдау көрсетті.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев семинарды ашып беріп, адам құқықтарын қорғау басты міндет екендігін атап өтті.
– Бүгінгі күні отбасы құндылығының әлсіреп, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің көбеюі бәрімізді алаңдатуда. Қоғамдағы осы түйткілді шешуге баршамыз атсалысуымыз керек. Бұл ретте Түркістан облысында өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының бастамасымен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысы кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны бойынша республикада 15-ші орында тұр. Сондай-ақ, біз отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар бойынша 19-орындамыз. Бұл деректі жариялауда құқық бұзушылықтар мен кәмелетке толмағандардың саны ескерілді. Халық санына шаққанда өңірде қылмыстар саны аз. Дегенмен, құқықбұзушылық деректерін мүлдем жоюға күш салынуы тиіс. Статистикалық деректер өңірдегі жағдайдың тым нашар еместігін көрсетеді, алайда орын алып жатқан әрбір факт бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып, қоғам тарапынан теріс пікір туғызуда. Түркістанға арнайы келіп, адам құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істеп жатқандарыңыз үшін сіздерге алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің адами өлшем мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Сара Д’Амико, Winrock International «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон жөніндегі жобаның» жетекшісі Элеонор Джудит Валентайн қатысып, сөз сөйледі. Аталған шараға Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері мен ҮЕҰ өкілдері, жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ азаматтық қоғам және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Семинарда еліміздегі адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі зерделенді. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің сот және құқық қорғау органдарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктері қаралды. Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ ел аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын өзге де адамдардың азаматтық, еңбек, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері де талқыланды. Тыңдаушылар өз құқықтарын сотта және соттан тыс қорғау, азаптаулардан және қатыгездік пен жазаның басқа түрлерінен, кемсітушіліктен, білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен танысты. Жалпы адамдардың ақпарат алуға, білім алуға, әлеуметтік қызмет көрсетуге, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен, сондай-ақ қоғамдағы ықтимал еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және шешу жолдары айтылды. БҰҰ адам құқықтары саласындағы шарттық органдарының бақылау функцияларымен, ұйым құрған бақылау органдарының құзыретімен танысты. Қатысушылар адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласында тәжірибе алмасты. Комиссия сарапшылары тыңдаушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, 11 сәуірде Адам құқықтары жөніндегі комиссия ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші, Фолькер Фробарттың қатысуымен Отырар ауданында адам құқықтары бойынша оқыту семинар-тренинг өткізеді.

Leave a reply