Нұрлан еңбегін сауып өмір сүргенді дұрыс көреді

0
90

Абай атамыз өзінің төртінші қара сөзінде «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген екен. Данышпан меңзеп отырғандай, бүгінгі уақыт «Құдай береді» деп терезеге телміріп отыруды көтермейді. Он екі мүшесі сау адамның қолына қай кезде де күрек табылатыны анық. Тек Абай атамыз айтқандай өз күшіңе, ақылың мен біліміңе сеніп іс қылатын заман. Ел ішінде тәуекелге бел буып, еңбек саумаққа бекінген азаматтар баршылық. Солардың бірі – Нұрлан Жанысбеков.
Нұрлан Жанысбеков сонау екі мыңыншы жылдардың басында отбасымен бірге азын-аулақ малын алдына салып, қырға көшкен. Ауыл тұрғындарының тең жартысынан көбі қалаға кәсіп іздеп шұбырып жатқанда 20-дан енді асқан жігіттің осы бір тосын әрекеті кім-кімді де таң қалдырған.
– Әкем Лес марқұм осы базды өз қолымен салған еді. Ол кісі бізге үнемі «дәметіп тапқан несібенің дәмі болмайды. Маңдай теріңді жеңіңмен сүртіп тастап, белің талғанша еңбек ет. «Әрекетке – берекет» деп халқымыз тегін айтпаған. Бұл өмірде адал еңбегіңмен күн батырып, қалжырап кеп бір кесе шәйді үрлеп ішкеннен артық бақыт жоқ» деп айтып отыратын. Бүкіл өмірі еңбекпен өткен әкеміздің сол өсиеті көкейімізде жатталып қалған. Сондықтан екі мыңыншы жылдары ат тізгінін адырға бұрдым, – дейді Нұрлан.
Нұрланның қонысы Сайрам ауданының Айкөл елді мекенінде. Қамбар ата мен Зеңгі баба тұқымын, азын-аулақ уақ мал ұстайды. Көктемде жер төсін тырнап, күзде бұйырған несібесін алады.
– Өмірде ең жек көретінім – сұраншақ болу мен жалқаулық. Жалқау мен масылдың айырмасы жоқ, екеуі де зиянды әдет. Табысқа жету үшін тынбай ізденіп, аянбай еңбек ету керек.
Мен балаларымның болашағынан үлкен үміт күтемін. Солардың тамағы тоқ, киімі бүтін болу үшін ешнәрседен аянбаймын. Перзенттерім тым құрығанда химиялық қоспасыз, таза ет жеп, ағарған ішсін деген оймен де осы мекенде тапжылмай отырмын, – дейді бес баланың әкесі.
Нұрлан жақында Ломан Браун тауығының 500 данасын алып келіпті.
– Бабаларымыз «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деп бекер айтпаған ғой. Өзімнің құрағаным бар және балаларымның жәрдемақысынан жырымдап жинағаным бар, аз-маз тиын-тебеннің басын құрап 500 тауық сатып алдым. Алдағы уақытта тағы да көбейтемін деген ойдамын, – дейді ол.
Айта кетейік, Ломан браун тауығының тірі салмағы 2-3,5 келіге дейін тартады. Олар кез келген жағдайға тез бейімделеді. Күтімі өте қарапайым. Бір мекиені жылына 300-ден аса жұмыртқа береді. Жылына бір ұябасардан шамамен 320 жұмыртқа алынады. Нұрлан көп ұзамай бүгінгі бейнетінің нәтижесін көремін деп үміттенеді.Тауық еті мен жұмыртқаға бүгінде сұраныс жоғары. Сондықтан ол нарықтан өз орнын табатынына сенеді. Лайым, солай болсын!
Пернебай Сапар,
«Оңтүстік Қазақстан».

Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.

Leave a reply