Бір сілкініп қалдық
Түркістан облысында 6 сәуір – 11 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілген еді. Бірнеше аптаға созылған науқан «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» тақырыптарымен өтті. Аталған апталықтарда жер-жерде абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүргізіліп, әр аптада 15-20 мыңдай түркістандық акцияға үлес қосты. Акцияда 1 400 ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, оған 500-ден аса техника жұмылдырылды. Нәтижесінде өңірімізге 150 мың түп ағаш көшеттері отырғызылып, 175 мың түптен аса ағаш діңі әктелсе, 40 мың шаршы метрден аса аяқжол тазаланып, 346 саябақ пен гүлзар ретке келтірілді. Оған қоса 300 мыңнан аса тұрғын үй мен 1 767 әлеуметтік нысанның ауласы және арық-атыз, өзен жағалары тазаланды. Бұл жайында өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков мәлім етті.
Атап айтқанда, 6-13 сәуір аралығында өткен «Таза өлке – Түркістан» науқанында 267 ауқымды іс-шара өткізіліп, 1 521 көшенің бойы және 33 мыңнан аса аяқжол тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылған. Ал, 15-20 сәуір аралығында өткен «Киелі мекен» науқаны тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарына арналып, өңірдегі 1 780 тарихи-мәдени орын қамтылыпты. 22-27 сәуір аралығындағы «Жасыл аймақ» науқанында көшет отырғызу, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына басымдық берілген. Науқан аясында 325 іс-шара өткізіліп, 150 мың түпке жуық ағаш көшеттері отырғызылған. Одан бөлек, 346 саябақ-сквер, 731 балалар ойын алаңшасында тұрақты тазалық жұмыстары жүргізілген.
– 29 сәуір – 4 мамыр аралығында өткен «Өнегелі ұрпақ» науқанында ардагерлер мен қарттар тұратын үйлердің аулаларын тазалау, абаттандыру, жеке үйлердің қоршауларын бояу жұмыстары жүргізілді. «Өнегелі ұрпақ» науқанында облыс жастары соғыс ардагерлері тұратын үйлердің аулаларын реттеп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, аудан, қалаларда қарттардың үйлерінің аулалары тазартылды. Бұл жұмыстарға 5 мыңнан аса еріктілер мен жастар атсалысты. 7-11 мамыр аралығындағы «Мөлдір бұлақ» науқаны тау бөктерлерін, өзен-көлдердің жағалаулары мен су айдындарын тазартуға арналды. Науқан аясында 269 ауқымды іс-шара өткізіліп, елді мекендер аумағындағы 60 мың шаршы метр су, өзен бойлары, 118 шақырым ирригация жүйелері, 264,2 шақырым көпір, канал мен бұлақтардың арналары жиналып, тазаланды. Әлеуметтік желілерге 60 мыңға жуық ақпарат жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдарында 1 123 материал шығарылды, – деді ол.
Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».