Ауыл ғана емес, сана да жаңғырады
Қоршаған ортаны, табиғатты аялау – туған жерін қадір тұтатын әрбір азаматтың перзенттік парызы. Осы себептен де мамыражай мамырдың мерекелі күндерінде Түркістан облысының тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, белсенділік танытты. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан республикалық акцияның соңғы, қорытынды аптасы «Мөлдір бұлақ» атауымен өтті. Апталық барысында өңіріміздегі арық-атыздар тазаланып, бұлақтардың көзі ашылды.
Атап айтар болсақ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен Құсшы ата ауылындағы «Балауса» лагерінде сенбілік өтті. Бұлақ көздерін ашу және айналасын күл-қоқыстан тазарту мақсатында өткен сенбілікке басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев бастаған 30-дан астам қызметкер қатысып, демалыс орнының маңын күл-қоқыстан тазалады.
* * *
Апталық аясында Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық музейінің ұжымы Шолаққорған ауылы аумағындағы Ишанбұлақ бұлағының жағалауын тазалады. Сенбілікке қатысушылар бұлаққа баратын жаяу жүргінші жолын тазалап, күл-қоқыстан арылтты. Бұл бұлақтың суы тұщы, сондықтан бұлақ маңайын ауыл тұрғындары бұрыннан күтіп ұстайды. Мұнан бөлек С.Қожанов көшесінің бойындағы арықты да тазартып шықты.
Ал, Бәйдібек аудандық сәулет-көркем музейінің ұжымы Бәйдібек көшесінің бойындағы аяқжолдардың шөбін орды, өз мекемелері орналасқан Қ.Нұржанова көшесінің бойын да тазалады.
Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен өзге де мәдениет мекемелері де тазалық акциясына белсенді түрде қатысты.
* * *
Түркістан қаласының тұрғындары «Арыс–Түркістан» каналының бойын күл-қоқыстан тазартып, жағалаудың шөбін шапты.
Ал, Сауран аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері Қарашық өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты.
Тазалық жұмыстары ерекше сайыс түрінде ұйымдастырылды. Экоакцияға қатысушылар 3 топқа бөлінді. Ең көп қоқыс жинаған топ жеңімпаз деп танылды.
Сенбілікке аудан әкімінің орынбасары Ербол Ұласбекұлы, облыстық мәслихат депутаттары Баймахан Тоймаханұлы мен Жанар Амангелдіқызы да қатысып, ерікті жастармен бірге өзен бойын тазалауға үлес қосты.
* * *
Жетісай ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері көмекке мұқтаж жалғызілікті қарттар мен тыл ардагерлерінің аулаларын ретке келтіріп, азаматтық іс жасады.
Еріктілерден көмек көрген қарттардың бірі – Жетісай қаласының тұрғыны Альвина Хабибуллина. Жастайынан еңбекке араласып, саналы ғұмырын елдің, туған жердің түлеуіне арнаған 77 жасар Альвина Нұрғазқызы түрлі салаларда жемісті еңбек еткен. Еңбек ардагері экоакцияға қатысып, ауласын тазалауға көмектескен жастарға алғысын білдірді.
* * *
Бұл күндері Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылдық округі аумағындағы су арналары да қоқыстан тазартылды. Акция барысында Қамысарық және Сай арналары арнайы техниканың көмегімен механикалық тазалаудан өтті. Нәтижесінде су арналарының 1,7 шақырым аумағы шөп пен түрлі тұнбалардан, қоқыс шөгінділерінен тазартылып, су өткізу қабілеті жақсарды.
Айта кетейік, Сайрам ауданында барлығы 53 канал бар. Ұзындығы 80 шақырымдық су арналарын механикалық тазалаудан биыл «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өткізеді деп жоспарланған. Бүгінде каналдардың 50 шақырымы тазартылды. Қалған жұмыстар маусым айының соңына дейін аяқталады.
* * *
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» деп аталған апталықтарына өңіріміздің 368 мыңға жуық тұрғыны атсалысқан.
Атап айтқанда, «Таза өлке» науқанында 4 352 шақырым көше бойы және 120 мың шақырым аяқжолдар тазаланды. Бұдан бөлек 608 шақырымдық өзен, канал бойлары, көпірлер, көпқабатты 1 380 үйдің аулаларында тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 225 тонна қоқыс
шығарылған.
Ал, «Киелі мекен» апталығында 226 іс-шара өткізіліп, тарихи-мәдени орындар тазартылды. Аталған жұмыстарға 496 техника мен 22 251 адам жұмылдырылып, 1 410 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, «Жасыл аймақ» науқанында облыс бойынша 153 мың түптен аса ағаш егіліп, 175 мыңға жуық тал түптері әктелді. Сонымен қоса 346 саябақ-сквер, 731 балалар ойын алаңшасы тазаланды.
«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында облыс бойынша 396 іс-шара өткізіліп, 768 көшенің бойы және 322 шақырым аяқжол, көпір мен канал бойлары тазаланды. Сонымен қатар 89 саябақ, балалар алаңшалары ретке келтіріліп, 60-тан аса қарт кісінің аулалары тазаланды.
Мамандардың айтуынша, бұл акция қоршаған ортаны қорғауға, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң ықпал етеді.