САУРАН: ШАРБОЛАТТАЙ ШЫҢДАЛҒАН ШОЙТӨБЕНІҢ ШАНДОЗЫ

0
74


Жерлестерден тұрады бар айналам,
Жақсылардың бәрінен арай алам.
Арым таза болған соң, қолым таза,
Кім болсаң да тура тік қарай алам! – деп жырлаған киелі Түркістанның шырақшысы Тайқазанның туған елімізге оралуының басты кейіпкері болған Нұрмахан Назаров сексен жасында өмірден озды.
Нұрмахан Назаров Сауран ауданына қарасты Шойтөбеде (ертедегі Яссы қаласы) 1944 жылы 9 қаңтарда дүниеге келген. Қызылорда пединститутын бітірген. Барлық саналы өмірін туған жеріне мәдени-ағарту қызметіне арнаған. Дербес қала мәртебесін алған (1970) Түркістанда тұңғыш мәдениет үйін, мәдениет бөлімін ұйымдастырып, оларды басқарды. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік музейін басқарып жүргенде (1988-1995) атақты тайқазанды Эрмитаждан өз Отанына алдыртуға атсалысты. Түркістан Орталық Атқару комитетінің төрағасы, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың мұражайын ұйымдастыруға күш салған. Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына орай, тарту ретінде «Әзіреті – Түркістан» тарихи-мәдени танымдық газетін шығарды. Нұрмахан Назаровтың өлеңдері 60-70 жылдары-ақ, республикалық газет-журналдар мен ұжымдық жинақтарда жарияланып келді.
Нұрмахан Назаровтың Түркістанның көне замандардан бүгінге дейін тарихын көп жылдар бойы зерттеп, жинақтап, жарыққа шығарған «Түркістаным тағдырым», «Шежірелі Түркістан», «Туған жерді сүю» атты кітаптары жарық көрген. «Түркістанға тағзым ет» кітабында ақынның түркістаншылдығы түркішілдікпен ұштасып жатыр. Бұл кітап бір Түркістанға ғана емес, бүкіл түркі халықтарына арнап, туысқандық сезіммен өрілген шығармалар жинағы десе болады.
Қоғам қайраткері, ақындығы, журналистігін былай қойғанда ол көзінің тірісінде аңызға айналған адам еді. Қазақстан Тәуелсіздігінің елең-алаңында азуын айға білеген Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған тұсында киелі Түркістанға 54 жылдан кейін Тайқазанды қайтару арқылы өзіне өзі ескерткіш тұрғыз-ған адам деп үлкен әріппен айтуға болады. Осы орайда Тайқазанның Түркістанға қайта оралу тағдырына тағы бір тоқталып өтелік.
1989 жылы бүгiнгi Тәуелсiздiгiмiздiң ұзақ күттiрген алғашқы қарлығашындай болып, рухани қазынамыздың Ұлы Ордасы – Әз Түркiстанға Тайқазан 54 жылдан кейiн оралды. Тарихқа қиянат болмау үшiн айта кеткен жөн болар, оларды «жер түбiнен» бес мың шақырымнан аман-сау әкелiп, құтты орынға қондырғандар болжамды уақыттан екi тәулiк бұрын жеткiзе алған жүргiзушiлер Ш.Еркiнбаев, М.Жолымбетов және жол көрсетушi сержант Б.Сандыбаевтар болды. Дәл сол уақытта халық депутаттары Түркiстан қалалық Кеңесi атқару комитетiнiң төрағасы Е.Жорабеков пен басқа да ел ағаларының бұл аса ауқымды iс-шараның басы-қасында болғанын «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң меншiктi тiлшiсi А.Жолдасбеков «Қайта оралған қастерлi дүние» мақаласында (1989 жыл, 30 сентябрь, №228) республика жұртшылығына қуана хабарлады.
1399 жылы Абдель-Азиз алтын, күмiс, қола, қорғасын, мыс, темiр, шойын сияқты қарт Қаратаудың қойнауынан алынған қасиеттi жетi металдан құйып шығарған биiктiгi 170 сантиметрге жуық, ернеуiнiң диаметрi 2 метр 60 сантиметр, салмағы 2 тоннадай қазанның сырты қиял жетпестей өрнектелiп, «Адамды сыйла, адамгершiлiктi әз тұт!» деген қай заманда да мәңгiлiк адами құндылыққа қызмет ететiн аса ғибратты сөз жазылған.
Ол 1935 жылдың 11-16 қыркүйегiнде алдымен Ленинградтағы Эрмитажда, қорытынды мәжiлiсi Мәскеуде өткен халықаралық III конгрестiң күн тәртiбiнде «Иран өнерi мен археологиясы» қаралғанда, сол алқалы жиынның «гүлтәжiндей» мәселесi болған едi. Конгреске әлемнiң 18 елiнен делегат қатысып, Эрмитаждың Шығыс бөлiмi бойынша 84-залға жайғастырылған аса қымбатты жәдiгерлердiң арасында қазақ даласынан барған Тайқазан ерекше назар аудартқан едi. Академик А.Ю. Якубовский баяндама жасап, сөзiнiң тең жартысын Әмiр Темiр тұрғызған Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне бағыштап, ол жасатқан Тайқазанға, алты шырағданға, төрт есiкке орнатылған тұтқаға, бас-аяғы он бiр затқа толық тоқталды.
Содан бері жат жерде 54 жыл бойына қалып қойған аса қымбат дүниелiктi өзiнiң қасиеттi орнына қайта орнатқан қандай алып күш дейтiн болсақ, 1944 жылы Түркiстанда дүниеге келген, дәл қырық бес жасында Кремльге өз замандастарымен бiрге, мәселен, қазан суретiн жеке архивiнен алып, газетке ұсынған Аллабердi Бұзаубеков сияқты жанашырларды да осы ұлағатты тiрлiкке қатыстыра отырып, қайта-қайта хат жазып жүрiп, оябын тауып, ақыры дiттегенiне жеткен Нұрмахан Назаров дейтiн атпал азаматты еске алар едiк. Ұзақ жылдар бойы тапталып қалған ұлттық рухтың қайта бас көтерiп, «ұйқыдан ояну» сәтi осы жәдiгердiң ортамызға қайта оралғанынан бастау алды. Ұлтымыздың өшкенi жанды, өлгенi тiрiлдi. Тайқазанды туған өлкесіне қайтару туралы Кремлге жүздеген хаттар жолданды. Алайда, соның ішінде құланның қасуына, мергеннің басуы сәйкес келген тұсын Нұрмахан Назаровтың КСРО халық депутататтарының съезіне жолдаған жеделхаты деп айтуға тарих куә.
Нұрмахан Назаровтай атпал азаматтың меселiн қайтармай, керiсiнше қолдан келген бар жәрдемiн аямаған азаматтар көп болды. Мұндай аса ауқымды тiрлiкке бүгiнгi ел Президентiнен бастап, бүкiл қазақ халқы, болса да, зиялы қауым өкiлдерi, республика, облыс, аудан басшылары, т.б. бiр адамдай жұмыла атсалысты. Ал, осы үлкен қадамның басшылығын жасап отырған ол ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ еді. «Жасыратыны жоқ бұл мәселенің түп-төркіні Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздан шығып еді. Бүкіл басшылықты жасап отырған сол кісі болды»,-дейді Нұрмахан ағамыз.
Жоңғар шауып, Қоқан қысып бiр тұстан,
Сансыратты сан соғыстар қырқысқан.
Қасiреттi аз тартпадың қан жұтып,
Қасиеттi қарашаңырақ, Түркiстан!..
Туған жерден жоғары,
Елдi, жердi бiлмедiм.
«Түркiстан» деп соғады,
Менiң әзiз жүрегiм.
Құзырына Алланың,
Өтсем, келiп ретi,
Жанарымда қалады,
Көк Күмбездiң суретi! – деп жырлаған Нұрмахан Назаров өтті өмірден.
Шар болаттай шыңдалған,
Айтқанда сөз тыңдалған.
Мына жалған дүниеден,
Қарағым айтшы кім қалған!
Қазақ елі Ораза айт кезінде, Қадір түні бақилық болған, көзі тірісінде «киелі Түркістанның шырақшысы» атанған қасиетті қариясымен қоштасуда… Топырағыңыз торқа, жаныңыз жәннатта болсын, асыл ақсақалымыз!

Leave a reply