ТҮРКІСТАН: АРЫСТАҒЫ БАЙЫРҚҰМ АУЫЛЫНА ГАЗ БЕРІЛІП, ЖАҢА СПОРТ ЗАЛ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

0
83

Бүгін Арыс қаласына қарасты, Байырқұм ауылдық округіне қала әкімі жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында, шаһар басшысы ауыл жұртшылығымен кездесіп, қала көлемінде әр саладағы көрсеткіштерге жеке-жеке тоқталып, түйінді мәселелерді шешу жолдарын айтып өтті. Жиында округ әкімі Жолбарыс Мейірбековтің есебі де тыңдалды.

Өткен жылы Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендеріне магистральді газ құбырының құрылысы жүргізілген болатын. Қазіргі таңда аталған елді мекендерге кварталішілік газ құбырларының құрылыс жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Нәтижесінде ауыл жұртшылығының тілегі орындалып, көгілдір отын беріледі деп күтілуде.

Биыл Байырқұм елді мекеніндегі футбол алаңшасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал былтыр округ орталығынан заманауи спорт зал салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке сұраныс берілген. Аталған жұмыстар бойынша биыл іргетасы қаланып, құрылысы басталады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығын одан әрі өркендету мақсатында, «Б-К-1» каналына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Байырқұм ауылдық округі бойынша биылғы жылы ортақ жайылым жер 3123 гектарға ұлғайтылды. Өткен жылы округ бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге 16 өтінім ұсынылып, 9 азаматтың жобасы мақұлданып, 40,8 млн. теңгесі қаржыландырылған. Биыл да байырқұмдықтар аталған бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды.

«Өздеріңізге белгілі қала әкімдігінің жүйелі жұмысының нәтижесінде байырқұмдықтар биыл да «Ауыл-аманаты» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Сіздерден бағдарламаға белсенді қатысып, кәсіп бастауға және ауылды өркендету жолында жұмыла атсалысуға шақырамын,» – деді Гүлжан Мамытқызы.

Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар жайылым жер, каналдарды тазалау, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу сынды мәселелерді көтерді. Қала әкімі әрбір тұрғынның сұрағын жауапсыз қалдырмай, әрқайсына жеке-жеке жауып беріп, бірқатар мәселе бақылауға алынды.

Leave a reply