САЙРАМ АУДАНЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫМЕН 600 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
109

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 63 білім ошағы салынады. Биыл соның 29-ы пайдалануға берілмек. Жоба үйлестірушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ. Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округінде де 600 орындық білім нысаны салынып жатыр. Ауданға арнайы жасаған іссапары барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты. Мердігерлермен кездесіп, сапалы әрі мерзімінде аяқтауды пысықтады. Сонымен қатар құрылыс барысында орын алған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

Әсіресе, «Е-құрылыс» электронды порталы арқылы құрылыс жұмыстарының төлемдерін жүргізу қиындық тудырып отыр. Бұл туралы тиісті ұсыныстар берілді.

Мектептердің құрылыс жұмыстары бойынша аудан әкімдіктермен, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның өкілдерімен, мердігерлермен, арнайы штаб құрылып, жұмыс бақылауға алынған.

– Елімізде мектеп тапшылығын жою және білім сапасын көтеру мәселесі алда тұрған міндеттердің бірі. Президент тапсырмасымен қолға алынған маңызды жобаның жүзеге асыру барысы қатаң бақылауда, – деді Дархан Сатыбалды.

Ақсу ауылында бой көтеріп жатқан мектептің құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Білім ошағын салуға 3,14 га жер телімі бөлінген. Ал ғимаратты ауданы 8 419,71 шаршы метрді құрайды. Бүгін таңда жертөле бетондары құйылып, іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы Сайрам ауданы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салу жоспарлануда. Ақсукент ауылдық округіндегі мектептен бөлек, Ақбұлақ және Қарасу ауылдық округінде де 600 орындық мектеп бой көтереді. Ақбұлақ ауылындағы мектепті салуға жалпы көлемі 2.3 га жер телімі бөлінсе, Қарасу ауылындағы білім нысанына жалпы көлемі 4 га жер телімі қарастырылған.

Leave a reply