ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕГІ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ЖАЛҒАЙТЫН ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛУДЕ

0
57

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына орай облыстағы маңызы бар жолдар жөндеуден өтуде. Осыған орай Келес ауданына қарасты елді мекендердің жолдары күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілуде.

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті, Кездесу еркін форматта өтті. Алдымен аудан басшысы Жамбыл ауылдық округі аумағында іске асқан жобаларды баяндап, алдағы жоспармен бөлісті.

– Бүгін, өздеріңізбен қайта жүздесіп, ауылдың маңызды мәселелерін бірге талқылау үшін арнайы басқосып отырмыз. Өткен жылдың соңындағы кездесуде бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, бүгінде ауылдық округінің әлеуетін арттыру бағытында кешенді жоспарлар іске асуда. Мұндағы ең өзекті мәселенің бірі – автомобиль жолы. Бекбота елді мекені мен Ащыкөл елді мекенін қосатын аудандық маңызы бар 9,7 шақырым автожол былтырғы жылы толығымен асфальтталып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек кездесуде көтерілген Бекбота – Ащыкөл елді мекені арасын жалғайтын көпірді су шайу қаупінің алдын алу мен жол қауіпсіздігін сақтау мәселесі бойынша 400 метрге темір қоршау мен су ағарлар орнатылды, – деді аудан басшысы өз баяндамасында.

Ауылдық округіндегі Майда Бозай елді мекені мен Бекбота елді мекенін қосатын облыстық маңызы бар КХ-108 автожолының 0-11 шақырымна жөндеу жүргізу мақсатында қажетті шаралар қабылданып, облыстық салалық басқармаға ұсынылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Ащыкөл елді мекені мен Қалғансыр елді мекендерін қосатын аудандық маңызы бар 6,5 шақырым жолға асфальт салуға қаржы қаралды. Бүгінде жеңімпаз атанған мердігер мекемемен келісім шартқа туру жұмыстары жүргізілуде.

Айта өтейік, облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесулерінде жол бойынша көтерілген мәселелері назарға алынып, аталған бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Leave a reply