БӘЙДІБЕКТІК ШАРУА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫН АШҚАН
Түркістан облысында ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы қолға алынды.
Биыл Бәйдібек ауданындағы Жамбыл ауылында Тынысбаевтар отбасы 2013 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысады. Жылыжайға биыл алғашқы рет 5 000 түп құлпынай егіліп, жақсы өнім жиналған. Сондай-ақ, 12 мың түп қияр, 400 түп жаңа сортты қызанақ егілген.
Бақша өнімдері ауыл дүкендеріне, артылғаны Қызылорда, Шымкент қалаларына жеткізіліп отыр. Мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланған шаруа бүгінде үш азаматты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта отбасылық кәсіпті кеңейту мақсатында 50 соттық жылыжай маңынан тағы да 50 соттық жер алып, он адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне жеңілдетілген салық салуды енгізу, субсидиялар беру және көктемгі егіс пен егін жинауға жеңілдетілген несие беру арқылы жүзеге асырылады.
Инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың мақсаты экономиканы дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру және жаңаларын құруға инвестицияларды ынталандыру, заманауи технологияларды қолдана отырып жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және жаңарту, қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыру және қоршаған ортаны қорғау болып табылады.